Қайғылы оқиға туралы Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенова Instagram парақшасында хабарлады.
«Өкінішке қарай, дәрігерлер қанша күш салғанымен, бүлдіршіннің жүрегі тоқтады», – деп жазды омбудсмен.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы бұл ақпаратты растап, баланың 1 тамыз күні кешкісін көз жұмғанын мәлімдеді.
«2024 жылы туған баланың жағдайы күні бойы өте ауыр әрі тұрақсыз болды. Кешке қарай жағдайы нашарлай бастады. Сағат 20:10-да жүрегі тоқтап, сағат 20:40-та өлім тіркелді», – деп хабарлады дәрігерлер.
Осыған дейін хабарланғандай, сәби ауруханаға клиникалық өлім жағдайында түскен. Дәрігерлер оның жүрек соғысын қайта қалпына келтіргенімен, ішкі қан кету себебінен сол жақ бүйрегін алып тастауға мәжбүр болған. Операциядан кейін жүрегі тағы да тоқтап қалған, бірақ медицина мамандары оны қайта жандандырған еді.
Бесінші қабаттан құлаған сәби ауыр бас-ми жарақатын алып, ішкі ағзалары зақымданған, сондай-ақ үшінші дәрежелі жарақаттық шок алған.
Жеті жасар баланың жағдайы жақсарып келеді
Сол оқиғадан зардап шеккен екінші бала – жеті жастағы ұлдың жағдайы оңалып келеді. 31 шілде күні ол аурухананың травматология бөліміне ауыстырылды.
Оқиға қалай болған еді?
Жантүршігерлік оқиға 30 шілде күні Павлодар қаласында болды. 34 жастағы әйел өзімен бірге екі баласын көпқабатты үйдің бесінші қабатынан лақтырып жіберіп, артынша өзі де секіріп кеткен. Зардап шеккендер подъездің күнқағарына түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі баласын лақтырып, артынан өзіне қол салған әйел психикалық денсаулық бойынша арнайы медициналық мекемеде есепте тұрған.
Қазіргі уақытта оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін тергеу жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.