Көру мен есту мүмкіндігі шектеулі жандарға студенттік жобалар демеу болуда

Азамат Қойшығара 16 июл. 2025 11:50

Студенттер көру және есту қабілеті шектеулі жандарға арналған пайдалы өнімдер әзірлеу үстінде.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көру қабілеті бұзылған және баспа ақпаратын қабылдауы шектеулі адамдардың жарияланған шығармаларға қол жеткізуін жеңілдету жөніндегі Марракеш шарты туралы» заңға қол қойды. Бұл халықаралық құжат авторлық құқықты бұзбай, көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға баспа материалдарын қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Қазақстан бұл келісімді ратификациялау арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпаратқа тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бастамаларға жол ашты.

Осыған орай, жоғары оқу орындары мен жас өнертапқыштар аталған әлеуметтік топтарға бағытталған жобаларды қолға ала бастады. Солардың қатарында – Брайль қарпіне негізделген электронды кітап пен ым тілі мен қазақ және орыс тілдері арасында ақпаратты транскрипциялай алатын веб-қосымша бар. Бұл жобалардың прототиптері Астанада өткен ITMLab әлеуметтік жобалар байқауының финалында таныстырылды.

Электронды Брайль дисплейі: қолжетімді әрі тиімді

— Бұл – пайдаланушыға компьютер мониторы арқылы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін арнайы ұяшықтар. Мейлі, ол электронды кітап болсын, жаңалықтар лентасы болсын. Қолданушы бір жолды оқып болған соң, арнайы батырманы басып, курсорды келесі жолға ауыстыра алады, — дейді Satbayev University-дің 3-курс студенті, «РиМы» командасының мүшесі Әділ Рысбеков.

Жобаның тестілік нұсқасында 8 перне болса, халықаралық стандарттарға сәйкес дисплейлерде әдетте 20, 32 немесе 40 перне қолданылады. Команда мүшелері – Богдан Мельниченко, Александр Шевяков, Сабыр Нұриев және Әмірбек Сайбеков бұл құрылғыны екі айда жасап шыққан. Прототиптің өзіндік құны – шамамен 102 мың теңге. Шетелдік баламалармен салыстырғанда, әлдеқайда арзан: мысалы, шетелде мұндай құрылғылардың бағасы 700-2500 АҚШ доллары арасында өзгереді.

Ым тіліне негізделген веб-қосымша

Көру қабілеті шектеулі жандар секілді, есту қабілеті бұзылған азаматтар да күнделікті өмірде ақпарат алуда және қарым-қатынаста бірқатар қиындыққа тап болады. Олардың басты қажеттілігі – ым тілі арқылы жылдам әрі тиімді байланыс орнату. Astana IT University студенттері Мәжжан Қабдуахитов, Сергей Климов, Санат Мамырбек және Мерей Ибраим бұл мәселені шешу үшін «Прокрастинаторлар» командасы атынан веб-қосымша жасап шығарды. Ол ым тілі мен жазба тіл арасындағы коммуникацияны жеңілдетуді мақсат етеді.

Қазіргі таңда қосымша 146 фразаны танып, мәтінге айналдыра алады. Жобаның авторлары бұл көрсеткішті алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда ым тілі ресми түрде танылмағанымен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елде 150 мыңнан астам есту қабілеті бұзылған азамат тіркелген.

Ақ таяқтың ұшы – отандық балама

Қоғамда аса қажет құралдың бірі – зағип жандарға арналған бағыттаушы ақ таяқ. Оның ұшы – ең көп тозатын бөлшек. Қазір бұл ұштар негізінен Канада мен Қытайдан жеткізіледі. Бірі сапалы, бірі арзанырақ, алайда шетелдік өнімдердің бағасы мен жеткізу уақыты қиындық тудырады. Осы түйткілді шешуді көздеген «Жан» Азия мүгедектер құқықтары қоғамының жетекшісі Ілияс Фатқұлин бастаған команда Қазақстанда 3D баспа арқылы түрлі үлгідегі ұштарды әзірледі.

— Біз отандық өнім жасап шығаруды жөн көрдік. Мақсат – сапа мен қолжетімділікті үйлестіру. Біз 3D-баспа арқылы айналмалы және айналмайтын ұштардың шар, цилиндр сынды түрлі нұсқаларын жасадық. Сыртқы қабаты экологиялық, тозуға төзімді, биоыдырайтын пластиктен жасалған. Үстінде ZHAN деген жазуы бар. Қызмет ету мерзімі – 4 айдан 1 жылға дейін, — дейді Ілияс Фатқұлин.

Қолдау мен масштабтау – басты міндет

Кез келген әлеуметтік жоба секілді, аталған бастамалардың да өміршеңдігі мен кең ауқымда жүзеге асуы – мемлекет пен бизнестің қолдауына байланысты. ITMLab байқауына демеушілік көрсеткен ұйымдар мұндай жобаларға инвесторлар тарту қажеттігін атап өткен. Өнімдерді стандарттау, сертификаттау және кеңінен насихаттау – келесі кезеңнің міндеті.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен «Тең құқықтар» альянсы секілді ұйымдар инклюзивті жобаларға тұрақты түрде гранттар ұсынып келеді. Ал білім беру мекемелері мен инновациялық орталықтар үшін бұл – тек әлеуметтік жауапкершілік емес, технологиялық кәсіпкерліктің жаңа бағыты.

Мұндай жобалар еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, инклюзивті қоғам құру жолында нақты қадам болмақ.


Рекомендовать
Последние новости