Өзбек әншісі оппозициялық партияны жандандырып, президент сайлауына қатыспақшы

Dalanews 13 мая 2021 11:54 821

Өзбекстанның Эстрада әншісі Жахонгир Атажанов 12 мамырда Түркиядан Өзбекстанға оралды. Былтыр желтоқсанда сахнадан кеткенін жариялаған ол Өзбекстандағы президент сайлауына қатысты мәлімдеме жасаған.

Ташкентте "Азаттыққа" сұхбат берген Атажанов оппозициялық "Эрк" ("Ерік") партиясының қызметін қайта жандандыратынын мәлімдеді.

– Мен сол үшін Өзбекстанға келдім. Мақсатым – президент болу, шегінерге жол жоқ, – деп мәлімдеді бұрынғы әнші.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда 42 жастағы Жахонгир Атажанов сахнадан кеткенін, өйткені оның «шариғат заңдарына қайшы» екенін айтқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұрынғы әншінің президент сайлауына қатысқысы келетіні туралы мәлімдемесін түрліше қабылдады. Өзбекстанда президент сайлауы биыл қазанда өтеді.

Өзбекстан заңдарына сәйкес, президент қызметіне үміткерді саяси партиялар ғана ұсына алады.

Атажановтың Өзбекстанда оппозициялық партия құруға талпынысынан түк шықпады. Енді ол жаңа партия құру ойынан бас тартып, тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы алғашқы оппозициялық «Эрк» партиясының қызметін жандандырғысы келетінін мәлімдеді.

Ол биыл наруызда Ыстамбулда «Эрк» партиясының негізін қалаушы, танымал өзбек ақыны Мұхаммад Салихпен кездескен.

Қуғындағы Мұхаммад Салих біраздан бері Түркияда тұрады. Өзбек билігінің қысымына ұшыраған ол Өзбекстаннан 1993 жылы кетуге мәжбүр болған.

Рекомендовать
Последние новости