Өткеннен өнеге, келешекке үлгі: Қонаев ардагерлері Жеңіс паркін тазалады

Dalanews 17 апр. 2024 13:47 1975

Қаламызда «Киелі мекен» акциясы жалғасуда. Бүгін аталған эконауқанның аясында ардагерлер мен жастар бірлесіп, қаладағы Жеңіс паркін тазалады, деп хабарлайды Dalanews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл парк былтырдан бері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жасыл желектер егіліп, ағаштар әктеліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері ауыстырылып, гүлзарлар жасалған болатын. Сондай-ақ мұнда ҰОС-ға қатысқан ардагерлердің суреті бейнеленген панно орнатылып, шағын сәулеттік нысандар қойылды. Ең бастысы – парктің аумағында Ауған соғысы мен ҰОС арналған үлкен екі ескерткіш бар.

Бұл күні саябаққа ардагерлер мен жастардан 100 адам жиналып, парк аумағын қоқыстан, жерге түскен сары жапырақтардан, арамшөптерден тазартты. Ескерткіштердің төңірегі сыпырылып, жұртшылық бір адамдай еңбек етті. Нәтижесінде бұл жерден 35 қап қоқыс шығарылды.

«Өткеннен сабақ алмай, келешекке қадам баса алмаймыз. Осындай тарихи ескерткіштердің жан-жағы таза болып тұрса, ұрпақтарымыз ата-бабаларына үнемі тағзым жасап тұрса, керемет емес пе? «Киелі мекен» акциясын бұқара түгелдей қолдауы керек деп ойлаймын. Себебі, бұл – жай ғана сенбілік емес, бұл – балаларға тәрбие беру, халықты тазалыққа шақыру», - деді Ауған соғысының ардагері Алдажар Сейітұлы шараны қорытындылап.

 


Рекомендовать
Последние новости