Отырар тарихы – мұқалмас рухтың көрінісі

Dalanews 24 дек. 2018 06:23 1472

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында  қазақстандықтар өз тарихын әмбебап және көп өлшемділігімен жүзеге асыруы және қабылдауы қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тəрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс екендігі баса айтылумен қатар, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарына мән беру мәселесі де кеңінен қозғалғаны белгілі.

Тарих тамырының бүлкілі әрбір ұрпақ жүрегімен тең соғып, санада еріксіз сыр шертер ұлы ұғым. Елбасы мақаласында көтерілген тарихымыздың жаңғырыққа толы жеті қырынан сыр шертетін

"Отырар дастаны", "Көне құмыраның сыры"  анимациялық фильмдері өткен жылы ғана жарыққа шыққан болатын.

Республикалық "Балапан" арнасы да аталған бастамаға қолдау білдіріп, көгілдір арнадан кеңінен насихаттап, сан ғасырлық тарихын қойнауына бүккен сырға толы өлке мен маңызы жөнінде бала тілімен, өскелең ұрпақ санасына сіңіруге атсалысты.

Тарих жылнамасын санамаласақ, келесі жылы алты айға созылған Отырар шайқасына 800 жыл толады. "Елу жылда ел жаңа" десек, сан ғасыр көшін көрген сайын дала көненің ескірмес ізі мен тарих таңбасын боямасыз хәлде паш етіп тұрғандай.

Қос анимациялық фильмде де ел мен жерді сақтап, қорғап қалу жолындағы жанқиярлық ерлік, жауыздықпен күрес кеңінен суреттеледі. Бүгінгі күнде қаншама туристердің арнайы барып, көзбен көруге ынтық мекенінің бірі - тарихи қақпа мен кітапхана орны, бетін аршыса түрлі-түрлі қыш сынықтары шыға келетін, тарихи жәдірге бай ежелгі Отырар жері, отыздан аса Фарабилер мен қаншама тұлғалардың табаны тиген қыртысты топырақтар екені анық. Елбасы мақаласымен жарасым тапқан туындыларды жарыққа шығаруға Отырар ауданының әкімдігі аянбай атсалысты. Нәтижесінде, Отырар атауының мәні мен мағынасы, тарих жалғастығының ұлы ізден алған бастауы жөнінде өскелең ұрпақ та терең ұғынды.

Әрине, бұл Елбасы бастамаларын жүзеге асырудағы бір  қадам ғана. Алдағы уақытта да жастар бойына патриоттық күш берер, тарихи мәні зор жұмыстар жалғасын таба бермек.



 

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости