"Отбасымды Алматыдан алып шығуға көмек керек". Марқұм Шерзаттың әкесі Президенттен қолдау сұрады

Dalanews 15 окт. 2024 11:12 15489

Әлеуметтік желіде Шерзаттың отбасына қатысты бірқатар даулы ақпарат тарауда. Соның ішінде қайғылы оқиға болар алдындағы видео да бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Видеодан суықты қаруды тек Шерзаттың әкесінің қолынан көруге болады. Қысқаша айтқанда, видео мазмұны атышулы "Нұрсұлтанның бұлбұлы" телеграм арнасында айтылғандай, аталған оқиға тұрмыстық жанжалдан шыққан және оны бірінші болып қайтыс болған жасөспірімнің әкесі мен өзі қозғаған дегенге саяды.

Бұл жағдайларға еш таң қалмайтынын айтқан Шерзаттың әкесі Қазақстанда әділ шешім шығатынына күмәнмен қарайтынын, сондықтан Президенттен, Ішкі істер министрінен отбасын Алматы қаласынан, Алматы облысынан аман-есен алып шығуға қолдау білдіруді сұрайды.

"Мен ақталайын деп тұрғаным жоқ. Қорқып та тұрғаным жоқ. Өйткені мен ешкімді өлтірген жоқпын, менің тарапымнан қан шықпады. Шыны керек, қайғы-қасіреттен шаршадым. Мен тек әділ сот болғанын қалаймын. Кінәм болса, мені кінәласын. Бауырымның кінәсі болса, оны да кінәласын. Бірақ, менің бір талабым  - баламды өлтірген адамдар әділ жазасын алсын!", - дейді ол Тик-токта Президент мырзаға жолдаған соңғы үндеу видеосында.

Қаралы әке өзін қаралап жатқанына бек сенімді.

"Менің баламның жарақаттарын да жасырмақшы болды. Сондықтан мен ештеңеге таң қалмаймын қазір. Сондықтан митингі деген нәрсенің керегі жоқ. Мені, менің отбасымды қаралаудың қажеті жоқ. Егер менің баламды өлтірген адамдардың әкелері ер-азамат болса, менің алдыма келер еді. Тик-токқа, инстаграмға үлкен кісілерді шығарып қойып, үйге әйел адамдарды жіберіп қойып, қарап отырмас еді. Сонда мұндай дүрбелеңге бармайтын едік. Менің Президенттен, Ішкі істер министрінен сұрайтыным, отбасыма тыныштық беруін және отбасымды Алматы қаласынан, Алматы облысынан аман-есен алып шығып кетуіме қолдау білдірсе".

Сондай-ақ ол соттың созылатыны айдан анық екенін айтады. Қолындағы пышаққа да қатысты өз ойын айтты.

"Мен қорқып-үркіп тұрғаным жоқ. Олар пышақпен келді, мен енді қалам, қағаз ұстап шықпаймын ғой ондайда. Олардан жалбарынып-жалынып сұрадым. Сол арада қолдарын еркекше беріп кетті. "Болды" деп. Артынан келіп істеп отырған тірліктері анау. Мен, Шерзат, Нұрқанат қана болды бізден. Біз қан төксек, жарайды, айыптап, қараласаңыздар болады. "Қан төкті бұлар, қан ішер" деп. Мен қан төккенім жоқ, қан төкпеймін де", - дейді ол.

Оның ойынша, мұның барлығы өзінің шындықты айтып қойғанынан болып жатыр.

"Талғар ауданындағы РОВД-ның, әкімдіктегі, аурухандағы былықтардың барлығын айтып қойдым. Енді сол үшін өлтіретін болсаңыздар өлтіріңдер, соттатсаңдар соттаңдар, атамын десеңдер атыңдар, бірақ отбасыма – ата-анам, іні-қарындастарыма тиіспеңдер. Менің көзім жеткені - Қазақстанда әділетті шешім шықпайды. Тек бір ғана өтініш, Қазақ елінде ешқандай қантөгіс болмасын. Президент мырзадан отбасымды елден аман-есен алып шығуыма мүмкіндік берсе. Мұны бауырларым, ата-анам көрмесін. Ал өзіме не істеймін десеңдер, істей беріңдер. Соңына дейін барамын, заңгерлеріме сенемін. Өйткені анам-әкем деп жылау бір бөлек, ботам деп жылау мүлде басқа әлем. Бір де бір қазақтың қаны ақпасын деп, сабырға келіп, байыппен бәрін ақылға келтіріп отырмын. Айтатыным осы", - дейді ол сөзін түйіндеп.  

Айта кетсек, 4 қазанда түнде Талғарда 16 жастағы жасөспірім аса қатыгездікпен өлтірілді. Қайғылы оқиға болған күні Шерзат Болат дүкенде жұмыс істейтін әкесіне көмектескен. Сол күні агрессивті тұтынушы салдарынан төбелес басталып,ақыры қанды оқиғамен аяқталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Рекомендовать
Последние новости