Отанына опасыздық жасады деп сотталған Сыроежкинге Тоқаев рақымшылық жасады

Көркем Алдабергенова 11 сент. 2024 15:02 2339

Отанына опасыздық жасады деп сотталған Константин Сыроежкинге Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылық жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен белгілі қытайтанушы ғалым Константин Сыроежкинді рақымшылықпен босатты. Бұл туралы саясаттанушы Андрей Чеботарев хабарлады.

"Өткен жаздан бері жақсы жаңалық! Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы рақымшылық мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлықпен белгілі қытайтанушы ғалымды, саяси ғылымдардың докторы және профессор Константин Сыроежкинді рақымшылықпен босатты. Осыған байланысты оның соттылығы жойылып, құқықтары қалпына келтірілді. Жалпы, әділдік орнады! Әріптесімізге және ұстазымызға мықты денсаулық пен жаңа ғылыми жетістіктер тілеймін!" - деп жазды Чеботарев сәрсенбіде Telegram-арнасында.
5 сәуірде бірнеше жыл бұрын Отанына опасыздық жасады деген айыппен 10 жылға сотталған белгілі қытайтанушы Константин Сыроежкин бостандыққа шықты. 

Сыроежкиннің сотталғаны туралы ақпарат 2019 жылы алдымен әлеуметтік желіде жарияланып, артынша бұл ақпартты Алматы қалалық соты растаған болатын.

"Ақпанда қытайтанушы, Қытайды жете білетін маман Константин Сыроежкин қамауға алынған еді. Оған "Отанына опасыздық жасады" деген айып тағылды. Сот процесі жабық өтті. Сыроежкинді 10 жылға бас бостандығынан айыру, жазасын арнайы қатаң режимдегі абақтыда өткізу, одан соң азаматтығынан айыру жазасы кесілгені белгілі болды", - деп жазды сол кезде қоғам белсендісі Ғалым Ақелеуов.

Оның айтуынша, Сыроежкин кінәсін мойындамаған және апелляциялық шағым беруден бас тартқан. Кейінірек бұл жайтқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті де мәлімдеме жасады.

"2019 жылы 7 қазанда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1956 жылы туылған ҚР азаматы Константин Львович Сыроежкинді ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігі, яғни "Отанға опасыздық жасау" бойынша кінәлі деп тауып, оны 10 жылға бас бостандығынан айырды", - деді ҚР ҰҚК баспасөз қызметі өкілдері.

Сот үкімі шыққан кезде Сыроежкин бостандыққа шыққаннан кейін Қазақстаннан қуылып, бес жылға дейін елге оралуына тыйым салынатыны туралы да ақпарат тарады.


Рекомендовать
Последние новости