«Отандық өндіріс». Журналистер үш фазалы автотрансформатордың қалай шығатынын көрді

Dalanews 28 сент. 2023 06:22 929

 

«Отандық өндіріс» республикалық медиа жобасы Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жалғасын тапты. Кезекті баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері, блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистер алдымен Кентау қаласында орналасқан трансформатор зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорында негізінен заманауи қондырғылар пайдаланылып, жылына 12 мың дана өнім өндіріледі.

– Біздің зауытта қазір шикізаттың 15 пайызы ғана сырттан әкелінеді. Зауыт жобалау институттарымен тығыз жұмыс істейді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Astana EXPO-2017» үшін арнайы салмағы 125 тонна, кернеуі 110 кВ, қуаты 80000 кВА электрлі машинаны шығардық. Жұмыс сапасын арттыру үшін Жапонияның кайдзен жүйесін қолданудамыз, – деп атап өтті зауыттың Басқарма Төрағасы Бауыржан Құдайбергенов.

Өндіріс орнында 1 100 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері – 308 000 теңге.

Трансформатор зауытында бір уақытта 6 адамның жұмысын атқара алатын жапондық «Yaskawa Motoman» дәнекерлеуші-роботы іске қосылған. Қазіргі таңда зауыт қуаттылығы 80 000 кВа дейінгі майлы және құрғақ трансформаторларды, қосалқы станцияларды, төмен және жоғары вольтты ұяшықтарды, вакуумдық ажыратқыштарды шығарады.


Сонымен қатар, баспасөз турына қатысушылар Шымкент қаласында орналасқан «Asia Trafo» трансформаторлық зауытының жұмысымен де танысты.

«Asia Trafo» – еліміздегі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Бүгінде өндіріс орны 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Зауыт өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие. «Asia Trafo» жыл сайын ТМД нарығына кернеуі 110 кВ және одан жоғары трансформаторлық жабдықтардың экспорттық жеткізілімдерінің санын көбейтуде.

Журналистерге алғаш рет бірегей жаңа өнім – қуаттылығы 250 000 кВА және кернеуі 500 кВт үш фазалы автотрансформатор көрсетілді. Қазақстан тарихында алғаш рет жасалған автотрансформатордың жалпы ұзындығы 13 метрден асады, ал биіктігі 10 метр. Бұл Қазақстанда бар автотрансформаторлардың ең ірі түрлерінің бірі. Өнімнің жалпы салмағы 295 тонна.


Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айының ортасында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп «Отандық өндіріс» медиа жобасының басталғанын хабарлаған болатын.  Аталған жобаның негізгі мақсаты отандық өнеркәсіпті танымал ету, кәсіпорындардың оң тәжірибелерін көрсету және елішілік құндылық идеяларын насихаттауға бағытталған. Жоба аясындағы алғашқы баспасөз туры Алматы қаласында өтті.

 

 

Рекомендовать
Последние новости