Өскеменде «Наурыз Jastar fest» дәстүрлі фестивалі өтті

Dalanews 18 мар. 2024 07:50 3742

 

Шығыс Қазасқтан облысы орталығында осымен екінші жыл қатарынан «Наурыз Jastar fest» жастар фестивалі өтті. Биылғы фестивальдің былтырғыдан ауқымы кеңейіп, мән-мағынасы арта түскендей. Мұны шаһардағы Комендантка скверінде ұйымдастырылған іс-шарадан аңғардық, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жалпы, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында жасқа да, жасамысқа да тамаша көңіл күй сыйлаған бұл іс-шараның өтуіне Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы мұрындық болғанын айту керек.

– Қаламызда мұндай іс-шараларды өткізу дәстүрге айналып келеді. Осы ретте, Комендантка скверін таңдауымыз бекер емес. Өйткені, бұл – өскемендік жастардың ең сүйікті орындарының бірі. Бүгін сквер аумағында бірнеше киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір спорттық жарыстар өтуде. Негізі, «Наурыз Jastar fest» жастар фестивалі – түрлі байқауларымен ерекшеленетін іс-шара. Ондағы негізгі мақсат – өнерлі жастардың басын қосып, өскелең ұрпаққа Наурыз мейрамын дәріптеу, – дейді Өскемен қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы.

 

Өскемендіктер мен қала қонақтарына ұлттық құндылықтарымызды, төл спортымыз бен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған биылғы іс-шараның тағы бір ерекшелігі садақ атудан сайыстың ұйымдастырылуы болды. Сондай-ақ фестиваль аясында «Өмірімді өрнектеген әсем әуен» ән сайысы, «Шұғылалы көктем» би сайысы, «Ұлы дала үні» домбырашылар сайысы, «Үздік образ» байқауы мен асық ату, арқан тартыс, қой көтеру, қол күресі сынды спорт түрлерінен жарыстар өтіп, мерекенің көркін қыздырды. Бағы жанған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге фестивальдің бас демеушісі «Казцинк» компаниясы атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.

 

– Маған Наурыз мейрамы қарсаңында осындай іс-шараны өткізу идеясы өте ұнайды. Мұндай фестивальдерде жастар өз өнерлерін паш етіп, өзге қырынан таныла алады. Бүгін «Ақ сәулем» атты әнді орындамақшымын. Көңіл-күй керемет, бұйырса жүлдеге ілінемін деп отырмын, – дейді Леонард Острокостов есімді студент.

 

Сондай-ақ фестиваль қонақтары алаңқайда тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағамдардан дәм татып, көне карталардың көрмесін тамашалады. Бұған қоса алтыбақанда тербеліп, бүркітпен және тазымен суретке түсудің орайы келді.

Ал кешкісін Ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді.

– Әрине, қазіргі жастарға көңіліміз толады. Кішкентай балаларға дейін ұлттық киімімізді киіп, салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарымызды жаңғыртып жатыр. Бүгін осындай керемет фестиваль өткізіп отырған жастарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Төл өнеріміз бен мәдениетімізді төрге оздырған мұндай іс-шаралар азаймасын. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! – деп ақжарма тілегін білдірді өскемендік Гүлнәр Әлімжанова.

Рекомендовать
Последние новости