Өскемен қаласындағы Республика алаңында орналасқан Абай Құнанбаев ескерткішінде жөндеу-реставрациялау жұмыстары басталды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Абай ескерткіші 2009 жылғы 29 тамызда салтанатты түрде ашылған. Оның авторлары – танымал қазақстандық мүсіншілер Ескен Серғебаев пен Бақытжан Әбішев. Мүсін Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды филиалында дайындалған.
Реставрациялық жұмыстар ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойын атап өту аясында жүргізілуде. Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Мақсат – мәдени мұра нысанын сақтау, оны тиісті күйде ұстау, мерейтойлық шараларды лайықты деңгейде өткізуге жағдай жасау және жұртшылықтың Абай мұрасына деген назарын арттыру.
Жөндеу жұмыстарын ұйымдастырушы – Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі ШҚО мекемесі» КММ. Жұмысты атқаратын мердігер – тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуге лицензиясы бар «AGM Service» ЖШС.
Барлық жұмыстарды 2025 жылғы 30 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр.