Ораза айт мерекесі: бұл күні не істеуге болмайды

Dalanews 13 мая 2021 04:49 3586

13 мамырда мұсылман қауымы үшін ұлық мереке – Ораза айт басталды. Мейрамның бірінші күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады.

12 мамыр – қасиетті Рамазан айының соңғы күні. Ал бүгіннен бастап мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейін Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды.

Айт сөзінің өзі "мереке", "мейрам" деген мағынаны білдіреді.

Айт намазы қалай оқылады


Ораза айт мерекесінің негізгі шарты – мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы мешіттерде таңертең ерте жамағатпен оқылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу", - деген.

Әр мұсылман айт намазына жуынып-шайынып, дәрет алып, ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп барады.

Сонымен қатар, мешітке бармас бұрын бір-екі құрма жеп, дәм ауыз тиген абзал. Бұл оразаның аяқталғанының белгісі.

Биыл пандемияға қарамастан айт намазын мешіт аулаларында оқуға рұқсат етілді. Адамдар бетперде кию, ара қашықтықты сақтау сияқты санитарлық талаптарды сақтауға тиіс.

Намазға дейін пітір садақаны беріп тастау


Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Егер кімде-кім пітір садақаны әлі бермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.

Биыл пітір садақаның мөлшері – жан басына 420 теңге. Жағдайы бар адамдар оны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Қазіргі кезде екі келі мейіз 3 580 теңге тұрады. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге.

Ораза айт күні ауыз бекітуге бола ма


Ораза айттың таңында сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады.

Ораза айт дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, Ораза айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған.

Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күні, яғни 14 мамырдан бастап ұстай беруге болады.

Ораза айт қалай тойланады


Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, ет асылып, мерекелік мол дастарқан жайылады. Туған-туысқандар, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді.

Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл" болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді.

Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.

Сонымен қатар, Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.

Дереккөз: sputnik.kz


 

Рекомендовать
Последние новости