ОҚО мемлекеттік-жекеменшік жобаларды жүзеге асыруда көш бастап тұр

Dalanews 08 сент. 2017 15:59 885

Елбасымыз Қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселесіне көңіл аудару қажеттілігін атап өткен болатын. Осыған орай  Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында жалпы құны 9,3 млрд теіңгені құрайтын 13 жобаны  жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бүгін бұл туралы өңіріміздегі меллекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан нысандарға ұйымдастырылған пресс тур барысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқарамасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті.



Тілшілер тобы ең алдымен Шымкент қаласындағы 350 орындық балабақша мен «Қайтпас-1» мөлтек ауданындағы 500 орындық қалалық емхананың құрылыс барысымен танысты. Мұнан соң тілшілер  Түлкібас ауданындағы 100 орындық балабақшаға аялдады.  Аталған нысандар  мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында   бой көтеруде.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында  облысымызда 13 жоба  іске асырылуда. Бұл жөнінде облысымыз республикада алдынғы қатарда тұр. Оның 8-і білім, 3-уі спорт, 2-уі денсаулық сақтау саласында жүзеге асып жатыр. Бүгінде аталған 13 жобаның 8-іне конкурсы жарияланып, 20 жобаның тиісті құжаттары әзірленуде.

«Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында инвесторлар тарту ісі жанданып келеді. Бұл ретте шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің де қызығушылығы басым болып отырғанын айта кету керек. Осы тетік арқылы біз бюджет қаржысын үндемдеп қана қоймай, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік аламыз», – дейді Арман Сәбитұлы.

Жуырда ғана Шымкент қаласындағы жедел жәрдем стансасын модернизациялау жобасын іске асыру мақсатында шетелдік инвестормен келісім-шарт түзілген болатын. Жалпы түзілген келісім-шарт саны бойынша облыс республикада алдынғы қатарда тұр.

Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы Шымкент қаласында онкологиялық орталық құрылысы, Шымкент қаласындағы 200 орындық оңалту орталығының құрылысы, «Қауіпсіз қала», Шымкент және Түркістан қалалаларының көшелерін жарықтандыру және т.б. жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Жалпы, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі – бұл қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруға жеке инвестицияларды тарта отырып,  тиімді басқаруға, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік қызметтерді жеке секторға беруге бағытталған мемлекет пен жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық болып табылады.

 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости