Оңтүстік Қазақстанда жаңа су электр станциясы іске қосылды

Dalanews 14 июл. 2017 07:57 770


Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданында «Манкент» шағын су электр станциясы іске қосылды.

Халықты тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтитын су электр станциясының ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Ақсу-Энерго» ЖШС-нің директоры Анарбек Орман қатысты.

«Ақсу Энерго» ЖШС-нің бұл жобасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Бұл станция жылына 2,5 МВт  электр қуатын өндіруге қауқарлы. Жоба құны 283 млн.теңге болатын кәсіпорында 6 адам жұмыспен қамтылған.

Облыста күн, жел, су энергиясының әлеуеті жоғары екенін айтқан әкім, дәстүрлі энергия көздерімен қатар, жаңа энергетиканы да дамыту қажеттігін атап өтті.

«Өздеріңізге белгілі, биыл Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр. Әлемдік деңгейде өткізіліп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі техникалық жетістіктермен, жаңғырмалы энергия көздерінің молдығымен, ғылымға ұмтылудың маңыздылығымен бүкіл әлемнің назарын аударуда. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2050 жылға дейін жаңғырамалы энергия үлесін 50 пайызға дейін көбейтуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінгі іске қосылған электр станциясы таза электр энергия өндірумен қатар, энерго ресурстарды үнемдеуге бағытталған»,-деді әкім өз сөзінде.

Жалпы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі  тұжырымдамаға сәйкес, Сайрам ауданында  2 жоба іске қосылып отыр.

«Ақсу Энерго» ЖШС-і 2014 жылы «Күн нұрынан электр қуатын өндіретін қуаттылығы 1МВт болатын «Ақбай» электр станциясын іске қосқан болатын. Құны 300 млн.теңге болатын электр станциясы 2016 жылы 987,166 МВт энергия көзін өндірген.

Екі жоба толық қуаттылықта жұмыс істегенде ауданның энергия көзіне деген сұранысының алтыдан бірін қамтитын болады.

 

Рекомендовать
Последние новости