Оңтүстік Кореяда өз бизнесін ашқан қазақ қызы

Dalanews 29 июл. 2020 06:26 1111

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының арнайы жобасы «Топжарғандар – Self Made» айдарының бүгінгі кейіпкері – Галина Әлімова.

Корея, Жапония, АҚШ және Қытайда сатылым жағынан рекордтық көрсеткішке ие бетке арналған крем бар. Оның құдіреті – беттегі әжімді қысқа мерзім ішінде жоятын көрінеді. Сонысымен де өтімді. Ал осы кремді шығаратын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы фабриканың қожайыны кім екенін білесіз бе?

Ол – біздің жерлесіміз, қазақ қызы – Галина Әлімова. Қазіргі қиын күндерде пандемияға байланысты бұл өндіріс ошағы сантайзерлерді жасап шығарумен де айналыса бастаған.

Батыс Қазақстан өңірінің тумасы отандасымыз жоғары оқу орнын аяқтаған соң, бастапқыда корей компаниясына жұмысқа тұрыпты. Сол кезде оның болашақ кәсіпкерлік ісінің іргетасы түзіліп, кірпіші қалана бастайды.

Яғни, сол шетелдік компанияда жүріп, қарапайым жұмысшыдан ірі компания директорының орынбасарына дейін өз күшімен көтеріледі. Кейіннен өзі бөлек отау тігіп, бизнесті жеке жүргізе бастайды.

Қазір ол тек Корея емес, бірқатар шетелге танылған, бизнес саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіби бике. 20 жылдан астам елінен жырақта осылайша өз еңбегімен көтеріліп, табыстылығы бойынша көпке үлгі Галинамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Отаныңызды сағынасыз ба? Елге оралу ойыңызда жоқ па?

- Қалай сағынбайсыз, сағынамыз. Қазіргі өндірістегі тауарларымызға сұраныс болып жатса, елімізге де әкелсем бе деймін. Көріп отырғандарыңыздай, арасында қазақша атау да бар.

Пандемия деп алақан жайып қарап отырған жоқпыз. Жыл басында косметикаға арналған фабрикамыз тағы бір бағытты ашты, яғни қолдағы микроптарды жоюға арналған ерітінді – санитайзерлерді шығара бастадық. Бастапқыда күніне дезинфекцияға арналған 8 мың дана зат өндірілетін, қазір де осы көлемді сақтап қалудамыз. Қазір косметика өнімдеріне сұраныс азайғанмен, бұл заттарға сұраныс жоғары.

Әрине, Қазақстанда косметикалық зауыт ашсам ба деймін. Мысалы көктемде, Алатау бөктерінде бәйшешек қаптап шығып, көздің жауын алады. Бұл гүлдің адам терісіне пайдасы көп. Оны косметикада шикізат ретінде пайдалануға болады.

Одан кейін бізде ара балы да өндіріледі. Ол жалпы адам денсаулығына пайдасы көп. Одан сусабыннан бастап бетке арналған маскаға дейін жасауға болады. Кореяда дөңгелетіп жатқан өндірісті Қазақстанда неге дөңгелетпеске?

Меніңше, оған Отанымызда барлық мүмкіндік бар. Өзім техникалық университетті тәмамдадым. Сондықтан маған өндіріс саласындағы кез келген нәрсе қызық.

Осында келгелі бас алмай атқаратын нәрсемнің бірі – өндіріс ошақтарында болу, басшыларымен, профессорлармен жүздесіп, сөйлесу. Өйткені бізде қаншама химия элеменеттері бар, бірақ Кореядағыдай өндіріс ошақтарының тізбегіне айналып кетпеген, соның себебін іздедім. Сол себепті ауыр химия өнеркәсібінен бастап зертханаларға дейін аралап көрдім. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болды.

- Қазақша атау деп қалдыңыз, осы арасына кеңірек тоқтала кетсеңіз...

- Бұл – косметикалық өнімдердің бренді. Мәселен, көптеген ел аттай қалатып алдыртатын - «Айналайын» эссенциясы. Оны «24К» деп те атаймыз кейде, бұл крем құрамындағы алтын. Содан кейін де бұл өнімнің бағасы қымбат. Қалталы азаматтарға арналған. Ал атауын «Айналайын» деп өзім қойдым. Бала күнімізден құлақта қалған сөз, қазақ баласын осылай еркелетеді ғой. Жүрекке жылу, бойға ерекше күш сыйлайды. Сол себепті осылай атауды жөн көрдім.  «Ана Глобал» деген атаудағы косметикамыз да бар. Қыз баланың бір міндеті ана болу емес пе? Ал ана деген көп міндет пен қызметті атқарады. Кейде балалы әйелдің өзіне қарауға уақыты болмай жатады. Сондықтан осындай олқылыққа жол бермей, аналарға қамқорлық танытатын косметикамыздың жеке бір линиясы бар. Тек крем емес, сусабын, бетке арналған маска сынды көптеген косметикалық өнімдер өндіреміз. 20 мыңнан 30 мың данаға дейін косметика түрлеріне тапсырыс қабылдай аламыз.

- Корея деген Франциядан кейінгі косметика әлемінің Отаны болып табылады емес пе? Мұнда сапа, баға жағынан болсын бәсекелестік күшті. Соған төтеп бере алып жатырсыз ба? Қазақ қызы сырттан келіп, косметика айналысумен шұғылданып, бұл ортаға қалай сіңісіп, оны табысты бизнес түріне айналдырды?

- Рас айтасыз. Корея – нағыз еңбекқорлардың елі. Әр адам мұнда өзінің уақытын тиімді жұмсайды. Мұнда уақыт- ақша. Сондықтан бос жүріс деген атымен жоқ. Халқы 3-4 сағат қана ұйықтайды, содан кейін жұмыс, жұмыс, жұмыс. Керемет еңбекқор халық. Бұл елдің орнынан тез көтеріліп, тез дамуының басты құпиясы осында секілді. Мен мұнда келгенде бірден косметикамен айналысып кеткен жоқпын...

Өзім Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Мерген ауылында дүниеге келіп, орта мектепті тәмамдадым. Содан Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің «программист» мамандығы бойынша оқуға түстім. ЖОО-ны аяқтаған соң сол қаладағы корей компанияларының біріне жұмысқа орналастым.

Еңбекқорлығыммен компания басшысы көзіне түсіп, ол маған тіл үйреніп алғаным жөн болатынын айтты. Сөйтіп көп ұзамай Сеулге барып, шет тілдері институтында білім алдым. Сонымен қатар жұмыс та істей бердім. Бұл 1999 жыл болатын. Басында Ресейге трактор, эксковатор жөнелттік, сол секілді Владивостокқа да түрлі көліктерді сатуға жібердік. Орыс тілін жетік білетіндігім жақсы рөл атқарды бұл ретте.

Осылайша Кореядағы кіші және орта бизнесті басқаратын корпорацияның ТМД елдері бойынша бас директорына дейін көтерілдім. Енді ауыр техникалар ғана емес, сұраныста қандай тауар түрлері бар, солардың барлығын ТМД-ға тасымалдаумен шұғылдандық. Арасында косметиканы да жеткіземіз.

Бірнеше компания тауарларын ТМД елдеріне нарықтарына жеткізумен айналыстық. Бір күні осы бизнес түрлері ішінде косметика маған қатты жақын екенін аңғардым. Содан бастап өзімнің косметика бизнесімді ашсам деген менде арман пайда болды. Инвестицияға бастапқы капитал болса, болғаны. Менде ақша болды. Содан кейін бұл іске жең түре кірістім. Менің жанымда ұстазым – И Сан Хо деген мырза болды, барлығын сол кісі көрсетіп отырды, қазір де ол кісімен менімен бірге жұмыс істейді. Бұл саланы жетік білетін қасында адам болғаннан кейін де бұл бизнес түрін ашу маған қиынға соқпады.

Мен шығаратын косметикалық өнімдерді анықтап, оның атауын жасап, өндіріске дайындаймын, ал И Сан Хо мырза дизайнмен айналысады, яғни әлгі өнімнің қорабы, шыны құтысы, ол қалай әсемделуі керек, бұл жағын сол кісі шешеді.

Біз косметика шығарып қана қоймай, өз компаниясының атымен немесе өз брендімен шығарғысы келген кәсіпкерлерге өнім дайындап бере аламыз. Оны OEM/ODM жүйесі деп атайды. Біз осы жүйе бойынша да тапсырыс қабылдаймыз. Ондайда шығарушы ретінде біздің компания атауы жазылады.

- Фабрикаңызда қанша жұмысшы жұмыс істейді?

- Фабрика дегеннен гөрі, компания деген дұрыс секілді. Өйткені фабрикадан тыс жұмыс істейтін жұмысшыларымыз да бар. Мәселен,  лаборанттар, дизайнерлер, флакон жасаушылар, қорап жасайтындар, бірақ біз олармен әріптесе отырып жұмыс істейміз. Ірі тапсырыстар қабылдағанда осы бағыттағы компаниялармен тізгін қағыстыра жұмыс істейміз.

Сонымен қатар, тек Қытайда да косметика қораптарын шығаратын шағын зауытымыз бар. Кейде адам жетпей жатса, қосымша жұмыс күшін жалдаймыз.

- Сонда тек косметика өндірісі, санитайзерлер шығарумен айналысасыздар ма?

- Қазіргі шұғылданып жатқан бағытымыз осы. Бірақ болашақта бизнесімді кеңейту жоспарда бар. Соңғы кездері ден қойып жүрген саланың бірі - медицина. Мұнда Қазақстан азаматтары ем іздеп, көп келеді.

Мен, керісінше мұндағы мамандарды Қазақстанға алып барсам ба деймін. Осы мақсатта бірнеше профессорлармен сөйлесіп, бір істің басын пысықтап қойдық. Мәселен,  профессор, хирург Ким Джон Мин Орал қаласында болды өткенде,  зобқа шалдыққан 4-5 науқасқа ота жасады, бәрі тегін болды. Осы секілді медицина саласының кәсіби білікті мамандарын Қазақстанға апарып,  бір жаңа іске түрен салсам ба деймін.

Одан соң, тілге қатысты да бір жоспарларым бар. Нақтырақ айтқанда, қытай, корей тілдерін үйрететін онлайн бағдарламаларды қолға алып жатырмын. Қалай дегенмен де істеймін деген ниет болса, шүкір, атқаратын шаруа көп.

- Кореяда жүріп тұрмысқа шықтыңыз ба?

- Иә, күйеуім осы елдің азаматы, үш баламыз бар. Бизнесіміз отбасылық болып табылады.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен, Кәмшат СӘТИЕВА

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости