Джиу-джитсудан қыздар арасындағы қоңыр белдіктің тұңғыш иегері - Мөлдір Мекенбаева 

Dalanews 29 июн. 2020 06:16 819

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы «Топжарғандар – Self Made» айдарының бүгінгі кейіпкері – Мөлдір Мекенбаева.




«21 ғасыр бәсеке дәуірі. Білекке емес, білімге сенетін заман. Бұл ғасырдың әсіресе біздің буынға қояр талабы көп-ақ. Бұрынғыдай 4-5 жыл бойы бір дипломның соңынан жүгіріп, бір мамандықты ғана талғажау ететін жаймашуақ заман келмеске кетті. Бір ғана кәсіпті меңгеріп, бір ғана саланың шеңберімен шектелген адам табысты бола алмайды. Уақыт өте келе бір кездері көз майын тауысып оқыған мамандығың сұраныстан қалуы мүмкін. Сол кезде өкінетін де өзің боласың. Бүгінгі күннің ащы ақиқаты осы.

Ізденіс керек. Ізденіс жас талғамайды. Креатив те артық етпейді. Тығырыққа тірелген сәтте тәуекел ете білу, батыл шешім қабылдауды сізге университет қабырғасында оқытпауы мүмкін. Бұл ізденістің нәтижесінде келетін – ізгі амал», – дейді Мөлдір.

Ол джиу-джитсудан Әлемнің екі дүркін чемпионы. Қазақстанда қыздар арасында қоңыр белдіктің тұңғыш иегері.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы.

Әуелгі мамандығы – математика мұғалімі. Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебін үздік бітірген Мөлдір қазір Назарбаев университетінің математика факультетінде оқиды. Құрбылары Мөлдірді «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайды.

«Біздің қоғамда «спортпен шұғылданатын қыздар боянбайды. Әдепкі әйел баласы ұнататын опа-далап, сәнді киім, әдемі бұйым оларға жат» деген көзқарас қалыптасқан.

Негізінде спортшы қыздардың қатарлас құрбысынан еш айырмасы жоқ. Спорт менің сүйікті ісім, алайда бұл менің қызға тән қылығымды жоғалтып алғанымды білдірмейді. Джиу-джитсу менің жан қалауым. Осы спорттың арқасында елімді әлемге таныттым. Қазақ қыздарының арасында бәсекеге қабілетті буын қалыптасып келе жатқанын дәлелдедім», – дейді Мөлдір.

Осыдан 4 жыл бұрын Абу – Дабиде өткен аламанда ол Әлем чемпионы атанды. 2017 жылы Колумбияда (Богота) өткен байрақты бәсекеде күміс жүлдені олжалады. Былтыр дәл сол Абу-Дабиде өткен Әлем чемпионатында қатарынан оза шапты.

Оның бүгінгі атақ-абыройы кешегі жанкешті еңбектің жемісі. Елішілік, халықаралық жарыстарда бірнеше рет жеңіліс дәмін татып, сәтсіздікке ұшыраса да тауы шағылған жоқ.

ӘРІ МАТЕМАТИК...

Алматы қаласында өмірге келген Мөлдір үйдің кенжесі. Бала жасынан есеп-қисапты ұнататын біздің кейіпкеріміз кейін келе Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне түседі. Математикадан қалалық деңгейде өткен байқауда 3-ші орын алған Мөлдірді мектеп басшылығы арнайы шақыртады.

«Number one! Білесіз бе, бала жасымнан қатарымның алды болғым келді. Бұған математика пәні бағдар болды. Есеп шығаруға келгенде төңірегімді түгел ұмытатынмын. Ең қызығы, математикадан бақылау жұмысын аларда мұғалім маған өзгелерге қарағанда әлдеқайда ауыр есеп беретін-ді. Бұған ерекше қуанатынмын. Ұстаздың сынағынан сүрінбей өту мен үшін мәртебе еді», – дейді Мөлдір.

Мөлдір бәсекеден қорықпайды. Біреумен бәсекеге түсу, ол үшін таңсық емес. Жеңілсе жасымайды, жеңсе тасымайды. Мектеп жасынан бері өмір жарыстың әлсіздерге кеңшілік жасамайтынын жақсы біледі.

«Физматта конкуренцияның «көкесін» көрдік. Апта сайын мектеп өз Олимпиадасын ұйымдастыратын. Осы жарыста оза шапқандар «арнайы резервке» өтетін еді. Сүрінгендер саптан шығып қалатын. Осы аламанда әрдайым үздік үштіктің қатарында жүрдім. Мақтанғаным емес, біле-білгенге бұл байқау өте-мөте ауыр еді.

Резервке енгенше шашың ағарады, жүйкең жұқарады. Ол жақтағы орныңды сақтау қалу үшін үйренгеніңмен шектелмей, үнемі ізденісте жүруің керек. Түнге кейін көз ілмей есеп шығаратынбыз. Кейін осы резервтің нақты құрамы іріктеліп, оған екі қыз ғана ендік. Көпшілігінің жүйкесі шыдас бермей, жарыстан шығып қалды» – дейді Мөлдір.

Оның айтуынша математика тек есеп шығарумен шектелмейді. Оны күнделікті өмірде де кәдеге асыруға болады.

Ілгеріде айтқан адам бойындағы креатив, шешім қабылдау, логикалық ойлау сынды қарым-қабілетті дамытатын осы – математика. Өзіңді қоршаған әлемді тану үшін де алдымен математиканың тілін түсінуге тиіссің. Математиканы меңгерген адамға – инженерия да, экономика да, қаржы саласы да жат емес.

Джиу-джитсудан Әлемнің екі дүркін чемпионы – Мөлдір Мекенбаева математика пәнінің мұғалімі болуды армандайды.

...ӘРІ ДЖИТСЕР

Мектепті «Алтын белгіге» бітірген Мөлдір джиу-джитсуға қызығушылығы оянып, осы спортпен белсенді түрде айналыса бастайды. Кейін келе ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістікке де жетті. Алайда ол өзінің атақ-абыройын ешқашан ұстаз алдында бұлдаған емес.

«Спорт бөлек, сабақ бөлек. Спорттағы жетістігің сабаққа келгенде арқаңды кеңге салуға себеп емес. Мұғалім алдында бәріміз теңбіз. Емтиханнан асып ешқайда кете алмаймын. Мен үшін шетелдегі байрақты бәсекеге қарағанда мұғалімнің тапсырмасын мұқият орындау әлдеқайда маңызды. Иә, оңай емес.

Таразы басын тең ұстау кей-кейде қиынға соғады. Бірақ, бұған да төселдім. Сабағымды да ақсатпай, спортты да қатар алып жүруге дағдыландым», – дейді ол.

Ал джиу-джитсу дегеніміз не? Ол – тұнып тұрған логика. Мөлдірдің пайымдауынша бұл спорттың әдіс-тәсілі шахмат тақтасындағы жүріске ұқсас. Қарсыластың әр қадамын жазбай танып, қателігін қалт жібермеу үшін тапқырлық қана емес, жылдар бойғы тәжірибе арқасында қалыптасқан шапшаң түйсік қажет.

«Бұл спорт менің мінез-құлқымды өзгертті. Бойыңдағы енжарлық ұшты-күйлі жоғалады. Бұл спорттың жан-дүниеңді жаман ойдан арылтатын қасиеті бар. Сонда да болса, оқу-білім мен үшін басты орында. Спорттағы сайысты сабақ кестесіне қарап ыңғайлаймын. Менің уақытым «үлгеруім керек» деген қағидаға құрылған. Бос уақытым жоқ.

Сабақтан тыс уақытымның барлығын спортқа арнаймын. Соның арқасында шығар «Әлем чемпионы» атандым. Бұл да бір керемет сәт. Еліңнің әнұраны орындалғанда тұла бойың шымырлайды. Көзіңнен шым-шымдап жас шығады. Жасаған еңбегінің өтеуі көргеніңе «шүкір» дейсің. Ізденіс, талпыныс. Қол жеткен жетістікке масайрамау. Үздік атанған сәтте де осы бір ұстанымнан айнымаймын. Чемпион болып қалу, чемпион болудан қиынырақ...», – дейді Мөлдір.

Алда оны басқа да жарыстар күтіп тұр. Бұл мақаланы жазудағы мақсат білім мен спорты қатар ұштастырған Мөлдірді өзіндей құрбы-құрдастарына үлгі ету еді.

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ

Dalanews.ks анықтамасы:

Мөлдір МЕКЕНБАЕВА – Назарбаев университетінің студенті. Болашақ математика мұғалімі. Джиу-джитсудан орта салмақтағы екі дүркін Әлем чемпионы. Қазақстанда қыздар арасында қоңыр белдіктің тұңғыш иегері. Киноактриса. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы.

Рекомендовать
Последние новости