Оңтүстік Корея: елде не болып жатыр, не өзгермек?

Cағыныш Сардарова 06 дек. 2024 11:42 1615

Кейінгі бірнеше күннен бері Оңтүстік Кореяда жағдай шиеленісіп тұр. Саяси аренада үлкен өзгерістер болуы да мүмкін, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Хабар 24" телеарнасы мәліметінше, Оңтүстік Корея парламентінде президентке импичмент жариялау туралы заңға қатысты дауыс беру 7 желтоқсанға Астана уақытымен 15:00-ге белгіленді.

Импичмент жариялау үшін депутаттардың үштен екісінің дауысы қажет. Демек 300 парламентарийдің кемі 200-і қолдауы тиіс. Олар мақұлдаса, Юн Сок Ёльдің өкілеттігі бірден тоқтатылып, оның міндетін премьер-министр атқарады.

"Соңғы шешімді конституциялық сот қабылдайды. Ол импичментті қолдаса, 60 күн ішінде жаңа сайлау өтетін болады", - деп жазылған деректе.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

«Корея Республикасы президенті Юн Сок Ель әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабыр сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз», — деп жазылған хабарламада.

Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.


Рекомендовать
Последние новости