Оңтүстік көп балалы аналардың қатары 100 мыңға жақындады

Dalanews 07 мар. 2018 06:14 845

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев қыз-келіншектер мен аяулы аналарды «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтады. Мейрам қарсаңында нәзік жандыларға арнайы ақ дастархан жайылып, бұрымдылардың құрметіне «Әйел – ана – өмірдің өзегі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, облыстық ассамблея өкілдері, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, облыстың аудан, қалаларынан түрлі салада қызмет ететін қыз-келіншектер жалпы саны 300-ге жуық нәзік жанды қатысты. Бейресми жиынды өңір басшысы ашып беріп, ару аналарға арнап құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті, ардақты аналар мен аяулы арулар! Сіздерді төл мерекелереңізбен шын жүректен құттықтаймын! Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Елімізде көп балалы аналар саны бойынша өңіріміз көш бастап тұр. Бүгінде облыста көп балалы аналарымыз 98 600-ден асты. Олардың 3998-і «Батыр аналар», 16361-і «Алтын алқа», 42 724-і «Күміс алқа» иегері. Ал, 6906 ана І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған. Елдің өсіп, өркендеуіне ерекше үлес қосып отырған жандар қашанда аман болсын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мерекелік жиында аймақ басшысы үйдің де, түздің жұмысын қатар алып, қоғамда айрықша белсенділігімен көзге түсіп жүрген 33 әйел азаматын марапаттады. Оның 5-не «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі берілсе, 14-не Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Грамотасын, 9-ы облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Ал, 5 ананың кеудесіне «Алтын алқа» төсбелгісі тағылды. Сондай-ақ, әкім салтанатты шараға келген басқа да әйелдерге сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, облыс көлемінде айтулы датаға орай 360 мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Бұл күні ыстық лебізін білдірген аймақ басшысының атынан қосымша көп балалы аналарға, соғыс және еңбек ардагері атанған нәзік жандыларға, жалпы саны 300-ден астам азаматшаға сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетіледі.

 



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости