ОҢДАСЫНОВТЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

Dalanews 26 янв. 2015 06:00 2017

«АБДИ Компани» АҚ жақында 1938 жылдан 1951 жылға дейін Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесін 13 жыл бойы басқарған, ел экономикасының өркендеуіне айрықша үлес қосқан, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы хронологиялық  құжаттар мен материалдар жинағын басып шығарды. Жинақ  тұтастай мұрағат құжаттарынан құралған.

Н.Оңдасынов жайлы тарихи құжаттар мен материалдардың саны мен сапасы сәйкескен кітап 967 беттен тұрады.  Кітап беттеріне үңілген адам Н.Оңдасыновтың белгісіз қырларымен танысып, қайраткердің жарқын іздерінің мұрағаттық нұсқаларымен толық қаныға алады. Бір айта кетерлігі, Н.Оңдасыновтың қайраткерлігі, атқарған қызметі туралы осы уақытқа дейін мұндай хронологиялық  кітап жарық көрмеген. Кітап негізінен тарихшыларға, оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға  арналған.

Конференция  Әрине, хронологиялық құжаттардан құрастырылған кітап ғалымдар үшін таптырмайтын дүние. Кітаптың мазмұнында Н.Оңдасыновтың мемлекеттік қызметі барысында жазған хаттары, баяндамалары, мәжілістерде сөйлеген сөздері, мәжілістердің хаттамалары, тарих беттерінен, ел экономикасының дамуынан шежірелі сыр шертетін фото құжаттар, мәжілістердің стенограммалық текстері, жедел хаттар, құпия құжаттар бөлімінен алынған тың деректер факсимильді көшірме нұсқасында жарияланған. Құжаттардың бәрі де мұрағаттық түпнұсқадан алынған. Құжаттар қатарында сол кездегі қоғам белсенділерінің, мемлекеттік қызметкерлердің Н. Оңдасыновтың атына жазған хаттары сол күйінде берілген. Н.Оңдасыновтың тікелей араласуымен Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылды, Мойынты-Шу темір жолы салынды. Ел тарихында көптеген маңызды істердің оңынан шешілуіне ықпал еткенін осы кітаптан оқуға болады.

Кітапты құрастыруда құжаттарды жүйелеп, жинаған ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының  директоры Ләззәт Ақтаеваның, осы мұрағаттың Ғылыми ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің басшысы Гүлнәр Қаратаеваның сіңірген еңбегі зор. Ал кітапты «АБДИ Компани» АҚ-ның президенті Әбдібек Бимендиев, баспа бөлімінің ғылыми редакторы Қанат Өскенбай  беттеп, редакциялап аса құнды дүниені елге ұсынып отыр.

АБДИ Компани» АҚ бұған дейін де «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» және «Қазақтар» деген ұлтымыздың мәдениеті мен тарихын, жалпы рухани құндылықтарын терең насихаттайтын, тарихи иллюстрациялық және фото-құжаттарға бай кітаптар шығарып, елдің құрметіне бөленген болатын.

 

Ділдәгүл Нұрмаханбет.

 

Рекомендовать
Последние новости