Өміріне қауіп бар деп санаймыз - Байжановтың адвокаты

Сағыныш Сардарова 16 апр. 2024 15:43 3067

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтың адвокаты тың мәліметтер айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев өзінің өтініші жабық режимде қаралғанын, тікелей эфир өшірілгенін, алқабилердің қарауынсыз талқыланғанын мәлімдеді.

"Сондықтан өтінішіме қатысты пікір білдіруге құқығым жоқ. Мүмкіндігім де жоқ. Қауіп бар деп санаймыз (Байжановтың өміріне қауіп төніп тұр ма - еск.)", - деді ол.

Ал БАҚ-та өтініш Байжановты үйқамаққа жіберу туралы болғаны айтылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Байжанов Бишімбаев сотқа әкеле жатқан кезде жауаптарына әсер еткісі келгенін мәлімдеді.

"Бишімбаев "жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт" деді. "Айтпасаң, сенің басыңа келсін, сенің балаларыңның басына келсін деп қарғаймын" деді. Тергеу изоляторында анда-санда (Бишімбаевпен - еск.) кездесіп жүрдік. Сол кезде "нашатырь беріп жатқанда, сен қарап тұрдым деп айт" (деді - еск.). Бірақ мен сыртта қалдым", - деді Байжанов.

Сонымен қатар, ол Бишімбаев тарапынан өзіне қысым жасалып жатқанын, бөлек отырғысы келетінін айтты.

"Бишімбаевтың Байжановқа сөйлеуге мүмкіндігі болмаса екен. Байжанов өзіне қысым көрсетіліп жатыр деп санайды. Олардың арасында қақтығыс болып жатыр. Тым құрығанда ертең (бөлек отырса - еск.)", - деді Байжановтың адвокаты.

Мұны Байжановтың өзі де растады.

"Ол маған жауап беру кезінде "былай айт, былай айт" деп қысым көрсетіп жатыр", - деді Байжанов.

Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айтып тағылып отыр:

  • 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
  • 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау). 

Бұған дейін қайғылы оқиға болған мейрамханада жұмыс істеген қызметкер Бишімбаевтың інісі видеоларды қалай өшірткенін айтқан болатын.

"9 қарашада таңғы сағат 10-да жұмысқа келдім. Кабинетке келіп, ноутбукты аштым. Менің жұмысым - жалға алушылармен кездесу. Әдеттегідей жұмысымды істеп жүрдім. 12.00-13.00 шамасында мейрамханаларды аралап шығамын. Сол күні 13.00-де мейрамхананы аралап шықтым, бірінші қабатта бәрі жұмыс істеп тұрды. Екінші қабаттағы BAU мейрамханасы жұмыс істемей тұрды. Әкімшіден неге ашылмағанын сұрадым. Әкімші оларда санитариялық күн екенін айтты. Мен "жақсы" деп өз жұмысыммен кете бердім", - дейді куәгер. 

Сол күні 14.00 шамасында әкімші келіп, Бақытжан Байжанов (Бишімбаевпен бірге сотта күдікті ретіндегі адам) хабарласып, бейнекамерадағы видеоларды өшіруді сұраған. 

"Бүкіл гастроорталықтағы видеоны өшіруді сұрады. Артынан Бақытжан Байжанов та келіп видеоларды өшіруімді сұрады. Не үшін өшіру керегін нақтыламадым", - дейді куәгер. 

Мейрамхананың бұрынғы қызметкері шамамен 15 минуттай сервер кабинетінде болып, видеоларды өшіріп, шығып кеткен. 


Рекомендовать
Последние новости