Олигарх Нұрлан Тілеубаев алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Көркем Алдабергенова 19 июл. 2024 15:07 3604

Олигарх Нұрлан Тілеубаев алаяқтық жасағаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылғы 19 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған Тілеубаевқа қатысты үкім шығарды (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).
 
Олигарх не үшін айыпталды?
 
2015 жылы Тілеубаев «D.» АҚ банкінің нақты меншік иесі (ірі акционері) және құрамына 140 заңды тұлға кіретін «А.» компаниясы тобының басшысы бола отырып, алдау және сенімін асыра пайдалану арқылы банктен өзінің бақылауындағы компанияларға ақшалай қаражатты қарыз ретінде (формальды түрде жасалған (жалған) және іс жүзінде орындалмайтын астық сатып алу-сату шарттары бойынша кредиторлық міндеттемелерді (берешекті) қайта қаржыландыру) аудара отырып, «Н.» АҚ-ның мемлекеттік ақшалай қаражатын аудару жолымен 4 млрд. теңгеден астам сомада ұрлап әкеткен.
 
Банктің бұл ақшалай қаражаты «Н.» АҚ-нан «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қайтарымдылық, нысаналы пайдалану және ақылылық шарттарында қаржылық сауықтыру үшін түскен.
 
Сонымен қатар, 76 мың тоннаға жалған астық қолхаттары, болашақта 4,8 млрд. теңге сомасына ЖШС-не түсетін ақшалай қаражат, сондай-ақ жалпы саны 16 541 га ЖШС-ке тиесілі ауыл шаруашылығы жер учаскелері кепіл мүлкі болған, оның 14 767 га-ы ЖШС жер пайдаланушыларының (пайшыларының), яғни СҚО тұрғындарының келісімінсіз салынған.
 
2016 жылы қарыз бойынша төлемдерді жүзеге асыру тоқтатылды және жер учаскелері бойынша барлық құқықтар (талаптар) толық көлемде «Н.» АҚ-на берілді.
 
Осыған байланысты, сотталушы Т.-ның іс-әрекеттерімен ЖШС-нің жұмыс істеп тұрған қатысушыларының (пайшыларының) уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалға алу) құқығы бұзылды, нәтижесінде ЖШС қатысушылары ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған мемлекеттен бөлінген жер учаскелерінен жер пайдалану және осы жер учаскелерін пайдаланудан дивидендтер (пайлар) алу құқығынан айырылды.
 
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, маманның айғақтарымен, сараптамалар мен аудитордың қорытындыларымен дәлелденді.
 
Тараптардың ұстанымы
 
Сотта прокурор айыпты қолдап, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды және азаматтық талапты қараусыз қалдыруды сұрады.
 
Жәбірленушілер 143 пайшылар мен «Ч.» ЖШС-нің өкілдері бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші «Н.» ЖШС-нің өкілі мен жәбірленушілер (пайшылар) жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.
 
Қорғаушы тарап қылмыс құрамының болмауына байланысты сотталушыны ақтауды сұрады.
 
Қандай жаза тағайындалды?
 
ҚК 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
 
Сот үкімімен Нұрлан Тілеубаев ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 9 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарында материалдық-жауапты және басшылық лауазымдарға орналасуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
 
ҚК 56-бабы 6-бөлігінің негізінде осы үкім бойынша Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының 2023 жылы 26 маусымда тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазамен сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сотталушы Т.-ға түпкілікті қаржы ұйымының, банк және сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болуға өмір бойы тыйым салынып, қаржы және коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық жауапты және басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
 
Азаматтық талап қою – азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүгіну құқығын түсіндіре отырып, қараусыз қалдырылды. Бұл талап қою ҚПК-нің 166-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық процесте қаралатын талап қою тізбесіне кірмейтіндігіне байланысты қылмыстық процесте қаралуға жатпайды.
 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Рекомендовать
Последние новости