Олжас Бектенов Жетісу облысының ауыл шаруашылығы саласы мен өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тексерді

Жарбол Кентұлы 19 авг. 2024 19:09 3561

Жетісу облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов өңірдің бірқатар кәсіпорнына барып, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуын тексерді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талдықорған қаласында Премьер-Министр ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жетістіктер көрсеткен «JLC Сүт» сүт өндіру кәсіпорнына барды. Сүт зауыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі.

«JLC Сүт» ЖШС цехының басшысы Әмина Арынбекова кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 25 мың тоннаға жететінін мәлімдеді. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 5,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Тәулігіне 80 тоннадан 90 тоннаға дейін сүт өңделеді, 62 өнім түрі шығарылады. Кәсіпорында 240 адам жұмыс істейді.

Мұнда Үкімет басшысына АӨК-тің 2024-2026 жылдарға арналған даму жоспарлары туралы ақпарат берілді. Осы кезеңде жалпы құны 33,2 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, оның 13 жобасы биыл іске қосылады. Азық-түлік өнімдерінің көлемі 3,6%-ға – 90 млрд теңгеге дейін артады, сондай-ақ ет (110,9 мың тонна), сүт (225,3 мың тонна) және қант (96 мың тонна) өндіру көрсеткіштеріне қол жеткізіледі деп күтілуде.

Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің назарын АӨК-дегі бірқатар міндетке аударды. Жетісу облысы ауыл шаруашылығында қант қызылшасын (ҚР-дағы үлесі – 42%), жүгеріні (18%) және сояны (72%) өндіруге маманданған. Саланы дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес қант қызылшасының алқабын 2026 жылға қарай 15 мың гектарға дейін жеткізу қажет. Әкімдікке тұқым қорын және минералды тыңайтқыштардың жеткілікті көлемін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Суармалы егіншілік саласында суару желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын мерзімінде аяқтау және 2026 жылға қарай су беруді 30,5 мың гектарға жақсарту, сондай-ақ жаңадан 5,3 мың гектар суармалы жерді пайдалануға қосу тапсырылды.

Мал шаруашылығы саласында тұрақты өсу үрдісі байқалады. Осы жылдың басынан бері мал басы 26,3%-ға өсті. Мал шаруашылығын дамыту шеңберінде биыл 1140 мал басына арналған 3 тауарлы-сүт фермасын кеңейту, 1200 басқа арналған 1 тауарлы-сүт фермасын ашу жұмыстары жүргізілуде және 200 мал басына арналған 1 бордақылау алаңын іске қосу жоспарда бар.

– Жетісу облысы аграрлы өңір болып саналады. Үкімет өңірдің АӨК-не қажетті қолдау көрсетіп келеді. Тек биылдың өзінде 34,9 млрд теңге, оның ішінде 23,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Жалпы, "Ірі жобалар" және "Ауыл аманаты" бағдарламалары аясында облысқа 9,8 млрд теңге бөлінді. Осы бағдарламалардың іске асырылуын және мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорындар ашуды қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов. Премьер-Министр еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайту қажет екенін атап өтті.

Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорны – автомобиль аккумуляторларын шығаратын «Қайнар АКБ» зауытына барды. Зауыт өнеркәсіп өндірісінің 33,6%-ын қамтамасыз ете отырып, Талдықорған қаласының экономикасында маңызды рөл атқарады. Өндірістік қуаты – жылына 3,6 млн дана, жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 1 212 адам.


Рекомендовать
Последние новости