Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығады

Қаракөз Амантай 16 авг. 2024 15:38 3400

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының жазасын шектеу шарасына ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Өскемен соты хабарлады.

"Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады. Қайрат Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен", - деп жазды сот.

Еске салайық, күні кеше мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи белсенді түрде активтерін қайтарып жатқан Қайрат Сатыбалдыұлы бостандыққа шығуы мүмкін деп қауіптеніп отырғанын жеткізген еді.

Бұл туралы депутат Facebook парақшасында жазды.

"Оны (Сатыбалдыұлын) мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға немесе амнистия жасауға дайындап жатыр ма? Ұрлаған активтерін өз еркімен қайтарып жатқаны жақсы. Бірақ ол мемлекет қазынасына түсе ме? Ресми деректерге сену не сенбеу ғана қалды. Себебі қайтарылған активтерді бақылап отыратын 100 пайыз мемлекеттік компанияда қоғамдық бақылау жоқ", - дейді Ермұрат Бапи.  

Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған дүние-мүліктің тізімі жарияланған болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты “Қазақтелеком” АҚ, “Көлік сервис орталығы” АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру, сондай-ақ кедендік баждарды төлеуден жалтару фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеді. Антикор оның нәтижелерін жариялады.

Айта кетерлігі, қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 млрд теңгені құрайды, олар:

"Қазақтелеком" АҚ акцияларының 28,8% - 93,8 млрд тг.

"КСО" АҚ – 30,2 млрд тг.

4 компаниядағы қатысу үлесі – 10,3 млрд тг.

Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд тг.

Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд тг. (230 млн.$)

Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд тг.

Австриядан келген ақша – 36,8 млрд тг. (82,1 млн.$)

Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд тг. (260,5 млн.$)

БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд тг. (14 млн.$);

Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд тг. (4,92 млн.$);

Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд тг. (300 млн доллар).


Рекомендовать
Последние новости