Көшербаев: Мектептердің айналасы жарықтандырылсын

Dalanews 16 авг. 2024 15:49 4002

Облыстық мәслихаттың сессиясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев уақытты бір сағат алға жылжытқаннан кейін кешкі уақытта қараңғылық ерте түсетінін, бұл әсіресе күзде, балалардың мектепке баратын уақытында байқалатынын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

- Таңертең әдеттегі уақыттан қарағанда жарығырақ болады. Бірақ екінші ауысымда оқитын оқушылар үйіне қайтқанша қараңғы түсіп кетеді. Сондықтан мен мектептердің айналасын жарықтандыруды тапсырдым, - деді әкім.

Айта кету керек, Қазақстан 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуін қабылдады. Яғни, бүкіл елде бір ғана бесінші белдеу мақұлданды.

ШҚО табиғи орналасуы бойынша алтыншы белдеуде. Тұрғындары о баста уақытты шегеруге наразы болған.

Алайда басқа облыстар да жаңа уақыт ыңғайсыз болғанын айтып жатыр. Наразылар уақытты кері қайтару туралы петиция да жариялаған. Үндеуде «жұмыс пен демалыс уақытының сәйкеспеуінен жұмыс өнімділігі төмендеп, ұйқы дұрыс қанбайды» деп жазылған.

Бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазіргі уақыт белдеуі «...денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар» десе, әлем сарапшылары «...Қазақстанда көптеген адамдар үнемі джетлаг (сағаттық белдеу ауысу синдромы) күйінде. Олардың денелері күн мен түннің ырғағына үйренбеген... Бұл уақытта жұмыс істеу көптеген адамдарға қиындық туғызады және ағза үшін ол экстримальды қиындық» деп өз пікірлерін білдірген болатын.


Рекомендовать
Последние новости