“Олар қателік жасады”: Жамбыл облысына барған емші өз шындығын бөлісті

Қаракөз Амантай 26 сент. 2024 16:07 3861

“Томирис” есімімен танылған емші Гүлсара Суазқызы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақында әлеуметтік желіде Томирис патшайымның киімін киген емшінің мектепке барған видеосы тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Жұрт оны жерден алып, жерге салды. Көптің сынына іліккен Суазқызы өз шындығын “Көреміз” бағдарламасында баяндап берді.

“Жаман болсын, жақсы болсын - ол менің туған жерім. Ол жақтағы адамдардың қай-қайсын болса да жақсы көремін. Кішкене түсінбестік болды. Олар қателік жасап қойды. Бірақ мен кешірдім. Мен де әрекетімнің дұрыс-бұрыстығын білмеймін. Алайда мен адалмын. Өзімнің атымнан олардан да кешірім сұраймын”, - деді ол.

Айтуынша, ол халыққа бірнеше жылдан бері қызмет көрсетіп келеді.

“Дәрігер болып жұмыс істеймін. Жұмысым ауыр. Әр дәрігер өзінше емдеп жатады. Ал мен медициналық препараттармен бірге емшілік жұмысты ұштастыра атқарамын. Адам жазылмай жатса, Құран сүрелерін қосамын. Өзімнің денемде қасиетім бар, оны да қосамын. Жазылмайтын ауру жоқ”, - дейді ол.

Емші емдеу барысында келген науқастардан ақша сұрамайтынын айтты.

“Менің денемдегі қасиет басқа адамдарда жоқ. Қандай қасиет екенін айта алмаймын. Сөзбен жеткізе алмаймын. Адамның бойындағы дертті айта аламын. Адамдардан ақша сұрамаймын, олар қанша береді, соны аламын. Көріпкелдік қасиетім де бар. Мәселен, қабылдауыма келетін адамдарды алдын ала түсімде көремін. Олардың жазылатыны не жазылмайтыны туралы аян түседі. Сондай-ақ адамның қанша ақшасы бар екенінен хабардар болып отырамын”, - дейді Гүлсара Сауасқызы “Көреміз” бағдарламасында.

Негізгі оқиғаның мән-жайын түсіндірген емші Томиристен де арнайы аян түскенін мәлім етті. Оның сөзінше, мектепке қайырымдылық жасау үшін біраз шығындалған.

"Түсіме Томиристен аян келді. “Менің жұмысымды сен жалғастырасың, клиникаңды жоғалтып алма” деп көп жыл бойы аян берді. Өзінің костюмін маған берді. Қызыл костюмді өзі көрсетті, мен оны тіктірдім. Менің 37 образды костюмім бар. Осы мектепке бару үшін бас-аяғы 4,5 млн теңге ақшам кетті. Ешкімге берген жоқпын, жол бойы жараттым. Құрбандыққа, дастарханға беріп отырдым. Мен мектепке құр қол бармадым. Дүкеннен киім, камера, компьютер алдым. Мәдениет орталығына бердім. Мектепке киім беріп, жағдайы төмен отбасыларға таратыңыздар дедім.

Күз бен қысқа арналған киім алдым, оның ішінде бала мен ересектерге арналған киімге 900 мың теңге кетті. 750 мың теңгеге алынған киімді мектепке тастадым. Олардың сапасына қарауға уақытым болмады. Ол жердегі адамдар киімнің сапасын сөксе, әйелдер өздеріне жақсысын қалдырып, ауыстырып қоюы мүмкін. Біз мектепте 15 минут қана отырдық. Мектеп директоры шай іш деп, маған 4 мың теңгенің шоколадын берді”, - дейді ол.

Бұған дейін Сауасқызының шаңырағында діни рәсім өткізіліп, діни қызмет пен діни бірлестіктері туралы заңды бұзғаны үшін 50 АЕК (ол кезде 106 000 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл арқалағаны белгілі болды. Алайда емші бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Еске салайық, Жамбыл облысындағы мектепке бақсының келуіне байланысты бірнеше жауапты адам қызметінен босатылғаны туралы жазған едік.

Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылында болған. 

Тексеруді Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі, Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері жүргізді.

Оқиға орнында білім беру, ақпарат және қоғамдық даму басқармаларының қызметкерлері жұмыс істеді. 

Тексеру нәтижесінде Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары А.Терлікбаев, Жамбыл атындағы мектеп директора Э.Закимбаева өз еркімен қызметінен кетті. 

Тұрар Рысұлов ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысына және Тереңөзек ауылының әкіміне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.


Рекомендовать
Последние новости