"Ол өзін ғана ойлайды". Журналист елге жаңа көлік кіргізбей отырған адамның атын айтты

Dalanews 29 окт. 2020 04:44 1110

Отандық автокөлік нарығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Нұрлан Смағұловтың кесірінен қара халық қаусаған, тозығы жеткен көлікпен жүруге мәжбүр.




Сөй деген журналист Ибраш Нүсіпбаев: «Смағұлов пен оның сыбайластары Қазақстанды әлдеқашан санаттан шыққан, ескі-құсқы көліктің күресініне айналдырып жіберді», – дейді.

Отандық автокөлік нарығындағы бәсекелестікті бесігінде тұншықтарған Смағұлов алыс-жақын шетелден жаңа көлік кіргізуге жаны қас. Себебі «жан бағып» отырған бизнесін жоғалтқысы келмейді.


«Астана Моторс» алдағы жылы Хюндай көлігін құрастыратын ірі зауыт ашамыз деп алақайлады. «Алғашқы сатыда зауыт жылына 30 мың көлік құрайды. 2023 жылы 45 мың көлік құрайтын қарқынға жетпек. Жаңа зауыт жүздеген адамды жұмысқа алып, әлеуметтік ахуалды түзеуге атсалысады» деген ақпаратты көзім шалып қалды.

Күлейін бе, жылайын ба? Мына жаңалықты оқып, біздегі бизнес пен билік өкілдерінде тауықтың миындай ми жоқтығына кезекті рет көзің жетеді», – дейді әріптесіміз.

Журналистің пікірінше билік және билікпен ауыз жаласқан бизнес өкілдері көзбояшылықты ғана жете меңгерген. «Астана Моторстың» жұмыссыздық көрсеткішін азайтудағы үлесі теңізге тамған тамшыдай ғана. Компания мемлекетке масыл, өз күнін өзі көретін жағдайға жеткен жоқ, жетпейді де.

«Тұрақты көлік өндірісін жолға қоюға үшін әлгіндей құрама зауыттарда кем дегенде 4 мың адам тер төгу керек. Жүз қаралы адам отандық көлік нарығының тасын өрге домалата алмайды.

Зауыт өзін-өзі ақтау үшін жылына 200 мың көлік құрайтын межеге жетуі тиіс. 45 мың көлік құрастырып, соның нәтижесінде аста-төк табысқа кенелу үшін нарықтағы өзіңмен үзеңгі қағыстырғы келетін конкурентіңнің көзін құртуға тиіссің.


Оның ең оңтайлы амалы – кедендік баж салығы және жалпы салық аспандатып жіберу. Қазақстан бұл тәжірибені баяғыдан қолданып келеді», – дейді әріптесіміз.

Ибраш Нүсіпбаевтың атап өткеніндей Қазақстанға сырттан келетін көліктің әр талынан бірнеше мың еуро салық алынады. Утиль салығының өзі төбе шашыңды тік тұрғызады. Соған қарамай елде осы күнге дейін утильзация жасайтын бірде-бір зауыт соғылған жоқ. Сүйегін сүйреткен, ескі-құсқы көліктің бірде-бірі темір-терсекке кетпеген.

«Биліктің маңайындағы бизнесмендер автокөлік нарығын меншіктеп алған. Олардың қалтасына миллиондар құйылып жатыр. Мұның соңына түсіп, сұрау салар жан жоқ.

Мәселен Еуропада утиль салығының құны орта есеппен 90-100 еуро. Германияда мұндай салық түрі атымен жоқ. Сырттан келер көлікке салынатын салық көлемі сұмдық енді, соның кесірінен АҚШ пен Батыста әрі кетсе 10-12 мың долларға шығжаңа көліктер Қазақстанда екі есе қымбат тұрады.


Қазақстанды АҚШ-пен салыстырудың өзі қисынсыз. Тұрғындардың табысы америкалықтардан ондаған есе төмен», – дейді қынжылған әріптесіміз.

Бұдан кейін қара халық қайда барады? Журналист пікірінше жаңа көлік алуға жағдайы жоқ, амалсыз тозығы шыққан ескі «Мицубисиін» тақымдайды. Бұ жағынан біз Куба тұрғындарына қатты ұқсас екенбіз. Олар да біз секілді соры қалың ұлт, ескі-құсқы тізгіндеп жүр.

«Биліктегі бірнеше дипломы бар данышпандар, сіздерге айтамын?! Көлік базарына өз аяғыңмен барып, 15-20 жыл бұрынғы әлдеқашан күресінде жатуы тиіс көлікті мініп көріңдерші! Сонда көрейік сіздерді.

Солардың бағасы Еуропада былтыр ғана шыққан жаңа көліктен әрі кетсе 1,5-2 мың долларға ғана арзан. Алматының ауасын тазартқымыз келсе жаңа көлік кіргізуге кедергі келтіретін барлық салықты алып тастау керек.

Смағұлов? Бізде көлік өндірісі жоқ. Көлік құрастыруда әрі кетсе 200-300 адам отыр. Бұлар автосервиске барса да, аш қалмайды», –дейді журналист.

Смағұлов не дейді? 


Бұдан бұрын Dalanews-ке пікір білдірген «Астана Моторс» және Мега сауда орталығының қожайыны Нұрлан Смағұлов карантин кесірінен қып-қызыл шығынға батарын айтқан.

Карантин көпке созылса орталықтың саудасы бітуі мүмкін. Смағұловтың мұндай жағдайға арналған қосымша жоспары жоқ сыңайлы.

“Төтенше жағдай тағы біразға созылса осыған дейін атқарған жұмыстың астаң-кестеңі шығайын деп тұр.
Қып-қызыл шығынға батып, жұмысшыларға жалақы төлей алмайтын жағдайға жетеміз. Банктен кредит алуға тура келеді-ау осы. Өйтпеске амал жоқ. Қолдан келер қайран жоқ…” – деп мұңын шағыпты Меганың қожайыны.

Бұдан бөлек сауда орталықтың жұмысшыларына арналған мед.бетперде, дезинфекциялық керек-жараққа жұмсалған 250 млн теңгені және айтып өтіпті.

Сөз ауанына қарағанда Смағұлов банктен несие алуға аса құлшынып тұрмағандай. Осы арқылы кредит төлеу оған да оңайға соқпасын меңзегендей көрінді бізге. Бәлкім мемлекеттен сұрар?..

Үкіметке алақан жаюға келгенде кәсіпкердің азды-көпті тәжірибесі барын білеміз.

2014 жылы дәл осы Меганың құрылысын аяқтауға мемлекеттен ақша сұраған Смағұлов еді. Мемлекет кәсіпкердің бетін қайтарғысы келмей зейнетақы қорынан 15 млрд теңге алып берген-тін.

Смағұлов бұл туралы былай деп ақталған:

“Алғаным рас. Алайда қанша пайызбен алдым? Жылдығы 18,5 пайыз. Бұл өте жоғары мөлшер. Тіпті банктердің пайызы бұдан төмен.

Содан соң зейнетақы қорынан ақша алған жалғыз біз емес. Ақша ма, ақшаны жұмыс істету керек. 15 млрд-ты алып зым-зия жоғалған жоқпыз. 10 млрд-ын қайтардық. Қалғанын екі-үш жылдың айналасында өтейміз”.

Сөй деген Смағұловтың жоғары пайызбен берілген ақшаны алмай, неліктен банкке бармағаны әлі күнге түсініксіз.

Айтпақшы ұмытып барамыз. Кәсіпкердің мемлекеттен алған ақшасы бір бұл емес.

Соның алдында Меганың құрылысына деп Ұлттық қордан 36 млрд теңге (3 пайызбен) қарыз алған. Смағұловтың бұған да көңілі толмаған

– Қарыз алғаннан кейін девальвацияға ұрындық. Ақшамыз су боп қалды. Құрылыс компаниясымен жұмысты долларда жүргіземіз деп сөз байласқанбыз. Алған ақшамыз көпке жетпей таусылды. Амалсыз зейнетақы қорынан қарыз сұрадық… – дейді кәсіпкер.

Смағұлов мемлекеттен алған 36 млрд-ты 16 жылда қайтаруы тиіс. Кәсіпкер қарызды 7 жылдың ішінде қайтарып беруге уәде еткен.

2012 жылы Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасы қабылданып, бұл бойынша тағы да сол Мега мемлекеттен 3,1 млрд теңге субсидия алған.

Сол тұста Dalanews-ке сұхбат берген депутат Сабильянов Үкіметтен Меганы субсидиялауды тоқтатуды талап еткен. Смағұлов депутатқа үн қатып, сауда орталығының жұмысына кір жуытпаған еді.

Ұлттық қордан алған қарызды 7 жылда қайтаруға уәде берген Смағұловтың жоспарын Тоқаев жариялаған төтенше жағдай күл-талқан қылған түрі бар. Сөзіне қарағанда кәсіпкер осыдан 4-5 жыл бұрынғы әуеніне қайта басып, қарызды банктен емес, мемлекеттен сұрайтын сыңайлы…

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости