Жээнбеков? Қазан бүлігі Қазақстанда қайталанбайды. Оның 5 себебі бар - сарапшы

Dalanews 29 окт. 2020 10:13 898

Қырғызстандағы Жәнібеков билігінің құлауы қазақ элитасына да ой салғаны анық. Ал осы қырғыздағы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?

«Қырғызстандағы қазан бүлігі Қазақстанда қайталанбайды» деген саясаттанушы Нұрлан Әділханұлы мұның 5 себебін алға тартты деп хабарлайды Dalanews.kz. Ал, оқиық...

№1 себеп


Ең алдымен қазақ пен қырғыз билігінің тарихи ерекшелігі барын назарға алу керек. Қазақтар әуел бастан хан билігіне бағынған. Ханның айтқаны заң. Хан билігіне қарсы келу қалыптасқан қағидаға қайшы болды. Ханнан асып кете алмады. Осы себепті де қазақтар биліктің иерархиялық формасын қалыпты дүние ретінде қабылдап, мойынсұнды.

Ал енді қырғыз ағайынға келейік. Қырғыз халқы мұндай билікті қатып-қалған қасаң дүние деп қабылдаған жоқ. Өздері сайлаған ханмен автономды деңгейде байланыс құрды. Алыстан араласты.


Қырғызда ерте заманнан «манаптар» институтының іргетасы мықты болды. Былайша айтқанда феодал-манаптардың қоғамдағы ықпалы күшті еді. Олар әміршіден ықпайтын.  Мүддесіне қайшы мәселе туындаса ханға қарсы келуден тайынбайтын еді.

Ерте дәуірдегі енесайдың көшпелі қырғыздары да ұзақ уақыт бір басшының жетегінде жүрген жоқ. Әскердегі қолбасшы, әкімдіктегі әмірші жиі-жиі ауысып отырды.

Әскербасылар мен жергілікті әкім-қаралар қысқа мерзімге ғана сайланатын. Оларды сол мерзімге сайлаудың да өзіндік себебі бар-тын. Соғыс жағдайы мен саяси ахуалға қарай жиі-жиі ауыс-түйіс болып тұрар еді.

Көпшіліктің ханға бағынбауы, керісінше ханды қысымға алуы қырғыз қоғамы үшін құбылыс болған жоқ. Ханнан іргесін аулақ салған «өз билігім өзімде» дейтін орталықтар ондап, жүздеп саналды. Мыңдаған жылдар бойына өзектілігі өлмей келе жатқан бұл үрдіс ақыр соңы қазіргі қырғыз қоғамын қалыптастырды.

№2 себеп


Геосаяси жағынан қырғыздардың орналасуы аймағы әлгіндей тәжірибе жүргізуге (осы күнге дейінгі төңкерістерді айтады, ред.) өте қолайлы. Қазақстанның қалқасында тұр. Қит етсе Ресей әскер жібереді, теріскей өңірлерді тартып алады деп алаңдамайды. Элитасы да кім-көрінгеннің көңіліне қарамайды. Төңкеріс жасаса да шекарасы аман, іргесі сөгілген дәнеңесі жоқ.

Ал Қазақстанның жағдайы мүлде бөлек. Біз көпвекторлы саясатты амалдың жоқтығынан таңдап алдық. Геосаяси ахуал, түрулі іргеден тас отырған одақтасымыз бар, ақыр соңы тұрақтылықты басты орынға қойдық.


Билік те бұл тұрақтылықты сақтап қалу үшін ең бір радикалды амалға баруға әзір екенін ісімен де, сөзімен де дәлелдеген. Кішігірім кикілжіңнің соңы ертең күллі халықтың саяси көңіл-күйіне әсер етіп, ұлы дүрбелеңге ұласса шетелдік инвесторлар елден бір күннің ішінде тайып тұрады.

№3 себеп


Өздеріңіз де білесіздер, Қырғызстанның Қауіпсіздік комитеті алаңға шыққан халықтың алдында алғашқылардың бірі боп тізе бүкті. Қауіпсіздік саласына жауапты тұлғалардың тілерсегі осал, белі бекем болмай шықты.

Мұны қырғыз қоғамының өзі күткен жоқ. Қырғыздар елдегі құқыққорғау жүйесінің қаншалықты қауқарсыз, әлжуаз екеніне көзі жетті.


Қазақстандағы басқару құрылымы қырғызға қарағанда әлдеқайда қуатты. Құқық қорғау саласының іргетасы берік. Биліктің негізгі арқасүйер күші – полицейлер. Сондықтан бұл сала мамандарына құмбыл көңіл бөлінеді. Полицейлер бүгінгі жүйенің легитимдігін сақтап отыр.

Соңғы айдағы оқиғалар, оның ішінде Беларусьтегі жағдай кәсіби дайындықтан өткен күштік құрылымдар билеушінің негізгі қалқанын екенін дәлелдеді. Полицейлерге иық тіреген билік тізгінді бере қоймайды, керісінше солардың көмегімен жағдайды тұрақтандыруға тырысады.

4 себеп


Індет асқынды. Жер-жерде карантин жарияланып, шекара жабылды. Осы күнге дейін орысқа жалданып, жан сақтап келген жүздеген, мыңдаған қырғыз жұмыссыз қалды. Қазандағы бүлікке миграция факторы айтарлықтай әсер етті.

Ресей мен Қазақстанға кіре алмай, өз елінде кібіртіктеп қалған қырғыз мигранттары екі қолға, бір күрек таппай әбден қиналды. Кеше дүр көтерілген халықтың ішінде бұлардың үлесі үлкен.

Қазақстан көршісіндей емес, өз азаматтарын жұмысмен қамтуға көңіл бөледі. Алыс-жақын шетелден жұмыс іздеп кеткен көршіміздің тұрғындары секілді бытырап жүрген жоқ. Иә, миграция бізде де бар. Бірақ дәл қырғыздағыдай деңгейде емес.

5 себеп


Қырғызстанмен салыстарғанда Қазақстанда орта тап бар. Орта тап дегеніміз материалдық жағдайы жақсы, төңкеріс туғызатын көңіл-күйден ада аудитория.

Иә, Қазақстандағы орта таптың өмір салтын дамыған елдердің деңгейімен салыстырған жөн емес. Індетпен ілесе келген экономикалық қиындық бұл ортаның қалтасын қақты.


Карантиннен бірінші кезекте шағын және орта бизнес зардап шекті. Осы күнге дейін жүйенің көптеген кемшіліктеріне көз жұма қарап, көніп келген орта тап алаңға шықса, елдегі саяси ахуал асқынып кетер еді. Осыны ескерген билік бірден ес жиып, жалпы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жоба-жоспар әзірлеп, шағын және орта бизнеске салық жеңілдігін жасады.

Ал Қырғызстандағы орта тап біздегідей емес, ала-құла. Ауқымды емес. Алыстағы Дубай, іргедегі Ресей кетіп жатқан мигранттардың көпшілігі қырғыз қоғамының қозғаушы күші атанар әлуетке ие еді. Алайда билік оларды қолдағысы келген жоқ. Айтқан сөзіне құлақ аспады, ескертуін елемеді. Олар да билікке жалынып, жалбарынып жатқан жоқ, қолынан іс келетін, ақша таба алатын аудитория шетел асып кетті.

Қырғызстан экономикасының дәл қазір оңала қоюы екіталай. Алдымен заңды билік орнығып, елдегі саяси ахуалды сабасына түсіргені жөн.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 




Рекомендовать
Последние новости