Кадыров баласына Мұхаммед пайғамбардың атын бергендерге 100 мың рубль береді

Dalanews 29 окт. 2020 03:39 1038

Шешенстан билігі жаңа туған баласына Мұхаммед пайғамбардың атын берген ата-анаға 100 мың рубльден сыйақы тағайындайды. Бұл туралы елдің ақпарат және баспасөз министрі Ахмед Дудаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, акция мұсылмандар Мұхаммед пайғамбардың туған күнін белгілеген 29 қазан күні, бір тәулік күшінде болады. Бұл Шешенстан басшысы Рамзан Кадыровтың бастамасымен жарияланып, әкесі Ахмад Кадыров атындағы қоғамдық қор тарабынан қаржыландырылады.

Осыған дейін Рамзан Кадыров Францияда мұғалімнің шешен ұлтындағы адам тарабынан өлтірілгені бойынша пікір білдіріп, бұл қылмысты айыптаған. Мұғалім бұл оқиғадан бірнеше күн бұрын сабақта сөз еркіндігі жөнінде пікір білдіріп, оқушыларға Charlie Hebdo журналына жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткені хабарланған.

Рамзан Кадыров журналдың карикатурасын қолдаған Франция президенті Эммануэль Макронды "қылмыскерден жүз есе жаман іс қылғанын" айтып, "оның бұл әрекеті мұсылмандарды теракт жасауға шақыруға тең" деген.


Сәрсенбі күні Кадыровтың бұл сөздеріне Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пікірін білдірді. Ол Шешенстан басшысының аты-жөнін айтқан жоқ, бірақ "субъектілердің басшылары сыртқы саясатпен айналыса алмайтынын, қандай да бір шешім қабылдай алмайтынын, заңда мұндай құқықтар тек өлке президентіне ғана берілгенін" жеткізген.

Өз кезегінде Кадыров Макрон туралы саясаткер ретінде емес, мұсылман ретінде пікірін білдіргенін жеткізген. Ол елдің сыртқы саясатын кім анықтап, кім реттейтінін жақсы білетінін, мұны оған түсіндірудің қажеті жоқ екенін айтқан.

Рекомендовать
Последние новости