"Одан өзге басшыны елестете алмаймын". Мұхамедиұлының Назарбаевқа адалдығы

Dalanews 22 мая 2022 18:37 850

Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын қазіргі президент, сол тұстағы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев BBC арнасына сұхбат беріп, соның ішінде сайлау туралы пікір білдірген.

Dalanews.kz Тоқаевтың әлгі сөзін жуып-шайған Мұхамедиұлының мәлімдемесін ұмыта қойған жоқ.

Хабар жүргізушісі Стивен Сакур 2020 жылы Назарбаев 80-ге толатынын еске салып, экс-президенттің егде тартқанын, оның билік тізгінін кімге табыстарын білгісі келген.

Бұл сұраққа Тоқаев "Иә, Иә. Малайзияда 92 жасқа толған Махатхир Мохамад премьер-министр болды ғой.

Ашығын айтқанда, 2020 жылы Назарбаев президент сайлауына түседі деп ойламаймын. Ол өте ақылды адам.


Мүмкін 2020 жылғы сайлау басқа кандидаттармен өтер. Сайлауға түседі деп ойламаймын. Бұл - менің жеке ойым. Әрине бәрі Назарбаевтың өзіне байланысты" деп жауап қатқан.

...

Сенат спикерінің мәлімдемесі елді өмір бойы билейтіндей көрінген Назарбаевтың дәуірі аяқталып қалғанын аңғартқандай еді. Артынан Тоқаевтың сөзін теріске шығару науқаны басталып, биліктегі азаматтар экс-президенттің атына мақтау айтудан жарысқа түскен.

Міне, сол аламанның алдыңғы легінде Арыстанбек Мұхамедиұлы жүрді.


Сексенге тақап қалған Назарбаевтың дені-қарны сау, сергек, тың екенін жеткізген Арыстанбек мырза ел тізгінінде Елбасыдан өзге басшыны елестете алмасын мәлімдеген. Сол арқылы Тоқаевқа қыр көрсетіп, Сенат спикерінің ағат кеткенін астарлап айтқан еді.

Оның: «Біз шетелде халықаралық конференциялар өткізгенде бәрі «бізде де осындай адам президент болса» (Назарбаевты айтады, ред) деп жатады. Тіпті қазіргі президенттердің өзі  «бұрынғы басшымыз Назарбаевтай болғанда, елімізді гүлдендіре алар едік» деп отырады. Бұл біз үшін үлкен бақыт. Нұрсұлтан Назарбаевтай басшымыз бар біз бақыттымыз», – дегенін ел ұмыта қойған жоқ.

Залдағы жұрт Мұхамедиұлының сөзін аяқтауға мұрша бермей, орындарынан тұрып, қошемет білдірген.

«Тоқаев? Әрине, біз Қазақстанды Назарбаевтың басқарғанын қалаймыз. Назарбаевтың басқаруындағы ел үлкен жетістікке жетеді. Залдағылар да мені қолдайды деп ойлаймын. Бұл менің ойым», – деген еді сол жылдары Мәдениет министрлігіне жетекшілік еткен Арыстанбек мырза.

Жаңа Қазақстан орнағаннан кейін экс-президенттен теріс айналған азаматтардың ішінде Мұхамедиұлының да аты аталды. Ел отыз жыл бойы бір адамға ода арнап, құлдық ұрып келген шенділердің бір күнде құбыла салғанына аң-таң.

Мұхамедиұлы Мәдениет министрлігін басқарған жылдары экс-президентті дәріптеген кинотуындылар дүркін-дүркін түсірілді. Бір ғана «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильміне мемлекет 1 млрд 200 млн теңгені жұмсап жіберді.

Тоқаевтың тұспалы дәл келіп, Елбасы еңбек демалысына шыққасын да Арыстанбек мырза дамыл таппады.

Қаңтар оқиғасына дейін «Қасқа жол» бағдарламасына сұхбат берген Мұхамедиұлы Елбасының анасы туралы толғау жазғанын хабарлаған.


Экс-президенттің анасы Әлжан Назарбаева туралы толғанысын қағазға түсірген Мұхамедиұлы мұнымен қоймай кітапты орыс пен ағылшын түріне тәржімалағанын естігенбіз. Кітап шетел оқырманына жетіп, «Елбасыдай кемеңгерді тәрбиелеп өсірген Әлжан апаның рухына тағзым етерін» айтқан еді.

«Олар (оқырмандар, ред.) біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың да анасы Әлжан туралы оқиды. Кітапты ашып қарасаңыз, дүниежүзінің ұлы тұлғаларының аналарының ішінде қазақтың да анасы жүр. Менің алға қойған мақсатым сол болды. "Апырмай, АҚШ, француз аналарының ортасындада қазақтың да анасы жүр екен ғой" деп оқыған кезде үйрене бастайды. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты насихаттаудың керегі жоқ, оны дүниежүзінің барлығы біледі.

Менің мақсатым - осындай үлкен туындылар арқылы қазақтың әрбір азаматын дүниежүзіне паш ету», – деп ағынан жарылған болатын Арыстанбек мырза.

...

Бұған дейін Dalanews.kz Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының Antikor-дың назарына іліккенін хабарлаған. Арыстанбек бастаған музей басшылығы «Алтын адам» көрмесін өткізуге бөлінген қомақты қаражатты (146 млн теңге) қалтасына басты деп күдіктеліп отыр.

Бірқатар ақпарат құралдарының мәлім еткеніндей, үйіне тінту жүргізілген кезде денсаулығы күрт нашарлаған Мұхамедиұлы аурухана жеткізілген.

Ауруханаға түспей тұра музей басшысы өзіне қатысты негізгі тексерулерге араша түсуді сұрап, президент Тоқаевтың атына үндеу жолдаған.

"Мен бар саналы ғұмырымды мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын ұлттық идея ісіне бағыттап келемін. Қазақ киносының тынысын ашып, әлемдік өркениетке батыл бет алуына да үлес қосуға атсалысып келемін. Қай салада жұмыс істесем де, әуелі ұлт мүддесі үшін тер төктім. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді", - дейді Мұхамедиұлы.

Ол бірқатар музыкалық шығарманың авторы. Соның ішінде, өзінің айтуынша  "Астана" (сөзі: Н. Айтұлы) және "Мақтанышым Елбасы" (сөзі: М.Қасымбеков) әндерінің өзгелерден орны бөлек, шоқтығы биік.

Сурет: Sputnik Қазақстан сайтынан

Рекомендовать
Последние новости