Болат Әбілов. Назарбаев жүйесіне оппозицияның декорациясын жасаған тұлға

Dalanews 23 мая 2022 15:26 1215

Назарбаевтың кезінде оппозицияның сапында жүріп, көпшілікке танылған Болат Әбілов соңғы уақыттары саясаттың ауласын қайта шаңдатуда. Кезінде Елбасының сағатын бәс саудаға шығарғанда 20 мың долларын ойланбастан санап берген Бөкеңнің тәуелсіздік жылдары кімнің сойылын соққанын жақсы білеміз.

Күндіз оппозиция, түнде биліктің «бешірінен» қалмайтын Шректің Фионасындай қолдан жасалған кейіпкер болды емес пе?

Әбілов кімнің қолдауымен саясатқа араласпақ?


Сол Бөкеңнен соңғы жылдары көз жазып қалғандай болып едік. Сөйтсек ол бар екен. Қаңтар оқиғасынан кейін саясаттың алаңына тойдан құр қалған баладай желе жортып жетті. «Біздің таңдау» деген саяси партия құратынын да айтып, айды аспаннан шығарды.

Бұл жолы Бөкеңе Назарбаев тапсырма бермегені анық.

«Қаңтар оқиғасының» алдында Нығматулиндермен құшақтасып, арқа-жарқа болып жүргенін әлеуметтік желіден көріп қалғанбыз.

Соған қарағанда осы жолы Бөкең Нығматулиндердің демеуімен саясатқа араласуды көздеп отыр.

Саяси мансабын «Отан» партиясынан бастап, депутат болып кейіннен аяқ астынан оппозицияға өтіп кеткен Болат Әбіловтің сырын көпшілік жақсы біледі.

Болат Әбілов кім?..


Қалаған уақытында саясатпен айналысып, қалаған уақытында саясаттан кете салатын мұндай адамға сенуге бола ма?


Жақтастары қызыл жалауды көтергенде ойынға араласатын, олигархиялық топтың жалдамалы жампозы ма? Бұл сұрақтарға жауап бермес бұрын, оның өмір жолына аз-кем көз жүгіртсек.

...

Болат Әбілов кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың штаттан тыс көп кеңесшілерінен бірі болды. Бұл қызметте жүргенде Бөкеңнің Нұрекеңе қандай кеңестер бергенін білмейміз.

Бұдан кейін «Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі болып, артынша Мәжіліс депутаты болды. Сол кезде Бөкең Мәжілістің скамейкасында отырып, халыққа кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын саясаткер ретінде танылуға тырысты.

Сол жылдары Назарбаевпен бірге сырт елдерге бірге сапарлап, Елбасының қасынан қалмайтын-ды.

Болат Әбіловтың Сара Назарбаеваның жақын інілерінің бірі екені, ол өзінің отбасына жақындығын пайдаланып майлы жіліктің басын ұстағаны туралы әңгімелер желдей ескен еді.


Бірақ Бөкең бәріне барлық активтеріне өз күшімен қол жеткізгенін бірнеше рет қайталап айтып, ақталғандай болған еді.

Бутя қалай байыды?


Бөкең еліміздегі ірі кәсіпорындарды жекешелендіру арқылы байыған олигархтардың бірі. Тоқсаныншы жылдары Болат Әбілов әйгілі Қарағанды металлургия комбинатын бауырына басқанын да білеміз. Кейіннен әйгілі кәсіпорын тегі үнділік миллиардер Лакшми Митталдың иелігіне өтті.

Қарағанды металлургия комбинаты Лакшмидің қол астына өткеннен кейін алып кәсіпорын жанданып кетпесе де, әупірімдеп жұмыс істеуін тоқтатпады.

Лакшми Миттал Еуропада дәл осындай алып кәсіпорындардың жұмысын жандандырған білікті маман екенін білеміз. Бірақ Қарағандыдағы комбинатта ескі құрылғылармен кен қазғанды жөн санайтынын түсіне алмадық. Жылда болмаса да жер асты кеніштерінде жарылыс болып, кеншілердің қаза табуы әдетке айналғаны жасырып қайтеміз.

Болат Әбілов болса алып комбинаттан айырылып қалғаннан кейін аталған кәсіпорынды Назарбаев өзіне бермегенін жырдай қылып талай рет әңгіме айтқанын білеміз. Бергенде не болар еді?.. Оның елестетудің өзі қиын.

Майнинг фермалар пайданың көзі


Қош делік, соңғы уақыттары Болат Әбілов жерлесі Нығматулиндермен тонның ішкі бауындай араласып, бірлесіп бизнес жүргізетіні жайлы әңгімені құлағымыз шалып қалады.

Бөкең Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндермен бала кезде аулада бірге доп теуіп өскендерін айтып, ал бизнес байланыстары жайында жақ ашқан емес.


Білетіндердің айтуынша, Бөкең Нығматулиндермен бірге Қазақстан даму банкінен ферроқорытпалар өндірісін құру үшін несие алып, қомақты қаржыны майнинг фермаларына салып жіберген. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл оқиға су бетіне кілкіп шыққан белгілі.

Бөкең Нығматулиндермен бірге ферроқорытпалар зауытын салуды желеу етіп, арзан энергияны майнинг фермаларға еркін пайдаланғаны анық. Осылайша ескі достардың ферроқорытпа зауытын саламыз деген жобасы қағаз күйінде қалған.

Есесіне «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағында Нығматулиндер мен Әбіловке тиесілі майнинг фермалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай пайда болғанын жұрт жақсы біледі.

Кейбір дереке көздерінше майнинг фермалар оларға ай сайын 500 мың долларға дейін пайда әкелген. Осылайша ескі достар саусақ ұшын қимылдатпай миллиондаған доллар тапқан.

Мемлекеттік банкті сауын сиырға айналдырғандар кім?


Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан даму банкі әлдекімдердің жеке жобаларын қаржыландыратын банкке айналып кеткені жайында сын айтылған болатын. Байқаған боларсыздар, Бөкең бала кездегі достарымен бірге Қазақстан даму банкін сауын сиырға айналдырған белді топтың бірі.

Бөкең оппозицияда бір шепте болған әріптесі Ораз Жандосовпен бірге Алматы облысында күн көзінен электр қуатын өндіретін станция салғанын да білеміз.

Ұзын құлақтан естуімізше, бұл жобаға қажетті қаржыны да Қазақстан даму банкінен алған деседі. Осылайша Бөкең Қазақстандағы жасыл экономиканы дамытуға да өз үлесін қосып тастапты.

Із жасыру


Бүгінде Бөкең бір ғана Қазақстан даму банкінің айналасындағы жобаларының ізін жасыру үшін партия құрып, саясатпен айналысуды жөн санағандай.



Болат Әбіловтың саяси партия құрып, дүрмекке араласудағы мақсаты осы болуы мүмкін.

30 жыл бойы Назарбаевтың саясатына оппозицияның декорациясын жасаған Бөкең халық алдындағы бет-бейнесін сақтау үшін осындай қадамға баруы ықтимал.


Ертеңгі күні Бөкеңнің Нығматулиндермен бірге Қазақстан даму банкін сауын сиырға айналдырған әрекеті әшкере болып жатса, «ел мүддесі үшін партия құрған оппозициялық саясаткерді билік құрбандыққа шалып жатыр» деп байбалам салуы да әбден мүмкін. Бұл дегеніңіз тамаша аргумент емес пе?

Сондықтан алдағы уақытта Бөкең айыпты болып, заң алдында жауап беруіне тура келгенде өзін саясаттың құрбаны санап айғай-сүреңге басса сеніп қалмаңыздар.

Дереккөз: @nursolovej телеграм арнасы 

Рекомендовать
Последние новости