Нидерландтағы Халықаралық Мектептер Кеңесі мен NIS мектептерді аккредиттеу туралы меморандумға қол қойды

Dalanews 08 нояб. 2023 09:02 756

Нидерландтағы Халықаралық Мектептер Кеңесі (CIS) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына елдегі мектептерді аккредиттеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл орта білім беретін ұйымдардың оқыту сапасын арттыруға ықпалын тигізеді. Бұл жөнінде NIS-тің ауыл мектептерін қолдау бағытында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жабылу салтанатында белгілі болды. Келер жылға дейін CIS пен Зияткерлік мектептер екіжақты меморандум аясында аккредиттеудің ұлттық стандарттарын әзірлеп, ережелерді бекітеді. Сондай-ақ салтанатты кеште ауыл мектептеріне NIS атынан оқулықтар табысталды.   

Мұнан бөлек, шалғайдағы мектептерді қолдауға бағытталған жоба аясында отандық және шетелдік эксперттер ауыл мұғалімдеріне өз баяндамаларын ұсынды.

Олардың қатарында Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Нидерландтағы Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) атқарушы директоры Джейн Ларссон, Ұлыбританиядағы Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы Кейт Эванс, литвалық психиатр Дарюс Радкявичиюс, норвегиялық суретші-карикатурашы Ойстейн Кристиансен бар. Жалпы, халықаралық конференцияға әлемнің 7 елінен ең таңдаулы 19 шетелдік эксперт шақыртылған.

«Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атауымен өткен педагогикалық басқосу ауылдық мектептердегі білім беру сапасын арттырып, әрбір оқушының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Игі шара «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен серіктестікте ұйымдастырылды.



Конференцияға еліміздің ауылдық елді мекендерінен 330-дан аса педагог қатысты. Cондай-ақ мұғалімдер екі күн бойы секциялық отырыстар мен мастер-кластарда біліктіліктілігін арттырып, пікір алмасты. Конференция аясында Колин Маклафлин, Дүйшөн Шаматов, Ғабит Бекахметов сынды авторлардың кітаптарының таныстырылымы өтті.

Айта кетсек, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша қазір 80 ауылдық тірек мектеп заманауи жабдықтармен қамтылып, әдістемелік көмек алуда. Алдағы уақытта 200-ге тарта білім ошағы қамтылады. Қазір 2400-ге жуық педагог біліктілігін арттырды. Соның нәтижесінде педагогтердің кәсіби сенім деңгейі 15 процентке артып отыр. Ал тірек мектептердегі оқушылардың сабақты меңгеру көрсеткіші 38%-ға артқан. 

Рекомендовать
Последние новости