Нұрсұлтан Біләлге жазылған хаттар

Dalanews 12 окт. 2016 11:58 1123

 

                                                      (1-хат)

Үмітіңді жандырған сөз, сенім оты болып көкейің де лаулаған сөз –  бір ауыз жылы  сөз!

                                                                                                                   Фериде Аслан.


Шынайлық!!!  Өмірдегі бар  адамның бәрі  дерлік шынайылыққа зәру. Шынайылықтың құдіреті – жүректі сөйлете алатын күшінде. Біз неге өзімізді қинап,  болмыстыматап, жасанды  күліп әуреміз бүгін? София ақын дәл менің жүрегімдегі сөзді жазыпты. «Шынайылық – тірлікте адам бойынан табылмас құндылыққа айналып барады.себебін іздесең, үнсіз ғана жүрек егілер». Ойлар қажытқан. Жүрегім егілген. Шынайы болмысын сақтай алған замандас іздегем. Шынайылыққа неліктен құмар дейсіз бе? Шынайылық қана өмірдегі адамды бағалай алуға сеп болады. Жасандылық пен жалған сөздердің жүрекке жешбір пайдасы жоқ. Зарары бар, кәдімгі күздегі жапырақтай жүректі солдырып, белгісіз бір бейжайлық пен самарқаулыққа  әкеледі.  Ешбір нәрсе жүрекке әсер ете алмайды. Былай айтқанда, өмірдегі адамдықтың негізі – жан жылуы жоғалады. Сондықтан, шынайы адам іздедім. Шынайылықтың өмірдегі мәнін терең ұққым келді.  Іздей де бердім, әлі де іздей берем!!!


Шынайылық – адамдарға шынайы ықылас төгуден басталып, бір ауыз жылы сөзді жүрекке құя салу.  Тағдыр маған тосын сыйын жасады. Мен таптым. Әзірге тек өлең сөйлесін. Келесі хаттан, қара сөзге кезек беремін.  Жырды-жырға жалғау – өмірдегідей үмітті-үмітке жалғау сынды . София Марсель есімді Француз ақынының «Шынайы» атты өлеңін шынайы адам  СІЗ  үшін аударған едім.

 

Шынайы

София Марсель

 (Нұрсұлтан Білəлге арналады)

 

Шынайы,

Жүрек сөйлесе.

Шынайы,

Үміт тербесе.

Шынайы,

Ақ сезім,

Көкірек кернесе,

Шынайы,

Бір жылы сөз,

Жараңды емдесе.

Шынайы,

Қоңырау шалсаң.

Шынайы,

Қолымнан алсаң.

Шынайы,

Жанымды ұға алсаң.

Алыста болсаң,

Жақыным боларсың,

Тілекшім болып.

Жүреікте болсаң,

Дұғамда боларсың,

Біткенше күнім жарық.

Жүректің жыры болып...

thumbnail_6a36019eac03c055c6ce6f902559dbc8Шынайы жанға шынайы сөзім
Шынайылық - тірлікте адам бойынан табылмас құндылыққа айналып барады. Себебін іздесең, үнсіз ғана жүрек егілер.
София
Шынайы,
Әлемнің кескінін,
Көрсетер сөзіне естінің,
Шөлдегем...
Солай... Шын сөзім-бұл! Бүгінгі хатты сіз жайлы оймен өрсем. Жұрт таныған жас тележүргізуші, "авторадио" радиосын тыңдаушыларға сүйікті радиожүргізуші - Нұрсұлтан Білəл ағамның мен таныған хəм сүйсінткен қасиеті - балалығы. Балалық иісі аңғыған жерде жан əлемің жадырап сала беретіні бар емес пе?! Балалыққа толық қанбаған жарым көңіл болған соң шығар бала көңіл жандарды жиі іздейтіндігім. Шынайы, таза!!! Менің мұңымды тыңдағысы келіп, жан əлемімнің бұлқынысына сабыр деп айтқысы келетін асыл жан. Ағамның аузынан шыққан сабыр деген сөзді жан əлемім естір деп сенемін. Нұрсұлтан аға, мен сізді əркез ойыма алған бой София Марсельдің "Балалық пен шынайлық" атты əңгімесі жадымда қылаң беретіні тегін емес-ау... Ол əңгіме - Софьяның өз тағдырын сөз еткен əңгіме. (Жетімдігі мен жан дерті хақында) Софьяның Парижге алғаш келуінен ақын болып аты дүркіреген шаққа дейін суреттелген.
Софья Марсель - отыз екі жылдан артық уақыт қол арбаға таңылған ақын əрі жазушы. Оның аяқтан тұруына бір ғана өлеңі - "Шынайысы" себепкер болған. Отыз үш жасына дейін қол арбаға таңылған жанның үш парақ өлеңі өмірін түбегейлі өзгерткен дегенге сенбессіз. Софья ол үш парақ өлеңді өзінің сүйікті фильмінің кейіпкеріне арнап жазып, австриялық телекомпанияға жіберіпті. Өз өлеңінің оқыларына, кейіпкер көңіліне жетеріне үміттенбесе керек. Бірақ... Арада екі апта өтер өтпес уақыттан соң Софьяның көңіл жыры кейіпкеріне жетіп, өзіне ұялы нөмірлері мен тұрғылықты мекен-жайын жазып жіберуін өтінген хат келіпті. Софья кейіпкеріне бар өмірінде кезіккен азабы мен қиындығын жасырмай жазады (Жасырмаған дұрыс). Сырының мөлдірлігі сонша, кейіпкері бір айдан Софьяны іздеп келіп, Парижге жетектеп барып, жетім қызды отыз үш жылдық жан дертінен арылтады.
Сізді мен ерекше жан деп білем. Болмысы ірі, жаны нұрлы. Бір қуанарлығы - жүрек сөзінің өлмеуі. Софья ақын - бақытты ақын!!! Бақытты адам!!! Менің жүрек сөзім жерге жиі тапталады. Дұрысын жеткізсем деп жан құлазып, жақ талады. Ықыласыңды ақтарылып айтқан шақ көңіліңе мұз басатындар қаншама?!.. Мен Софья-сынды менің тəнімді емдесін демеймін. Жанымды жылатпаса, сөзімді таптамаса болғаны деймін. Мен де сенемін!!! Бір күні жан дертімнен арыламын. Сізге енді Софьяның кітабынан ой сүзіп, көңіл ойларымды жазып отыратын боламын "Шынайы" - Софьяның өлеңімен менің аттас өлеңім. Сізге деген ықыласымды ішіне жиған туындым. Сіздей жандар көп болса, жан əлеміміз мəңгі жайдары болар ма еді?... Шынайы жандар - жан əлемі таза жандар!!! Сіздің жүрегіңізге тəнтімін. Сіз мені іздеп қоңырау шалған күннен жан əлеміме жаз келді. Жылылығы мол. Сізден мен шынайы адамдықты көрдім, ағалықты сездім. Жүрегім қателеспепті. Софьяның сөзін тізіп, хатты тәмамдайын. "Шынайы адамдар - шынайы сезімдер сыйлайды. Тағдырды таниды, тағдырлы жанды жаниды. Мені емдеген дəрімен қатар шынайы жандардың маған деген шынайы сенімі мен сезімі!". Сіз маған сенесіз!!! Айтқансыз. Жадымда!!!
8528181e64ffc7ab341d836e94c938deБір əн

(Нұрсұлтан Білəл мен Шаба Әденқұл орындайтын "Жұлдызым" әніне арналған)

 

Теңіздегі шағаладаймын,
Əн сүйген жүрек құлай.
Теңіздегі шағаладаймын,
Əн өміріме мəңгі шырай.
Санамды саңлаусыз кілттеп,
Жүрегімді билеген əн еді бұл.
Тез тамам болады неге бұлай,
Жүрегім əуезіне қалды жарымай,
Бота жанарымнан жас тамды кіл.
Екі əнші,
Екі ғұмыр,
Екі жүрек,
Əн салған еді.
Екі үміт,
Екі арман,
Жар салған еді.
Қия алмай қалдым,
Ес жия алмай қалдым.
Үнсіз қауырсын қаламды,
Дəуіт ішіне малдым,
Соңын ала жыр жаздым әннің.

Медине Гүлгүн.

 

*********
Жүректі толқытқан сонша,
Егей теңізі толқығандай
Жарығындай көктегі айдың,
Бір əнге жүрегімді жайдым.
Шыңдардан құлаған бұлақтай,
Жанымды əнмен суғарып алдым.
Бір əн,
Жанға ем.
Бұл əн,
Бөлек əлем.
Жалғыздық шеңгелі тырнаса,
Жан əлем теңіз боп тынбаса,
Əнсіз əлем далбаса,
Əнсіз жүрек қан жоса.
Əнмен ғана шағала көңіл,
Шыңдарда, аға-ау, самғаса.
Елегінен елер болса ессіздер,
Əнге ғашық, үнге жаныма күлер.
Қараңғы ғаламда ұғысарым əн,
Ол жайлы, аға-ау, ойсыз қайдан білер...
Қараңғы əлемнен қажығам,
Сол үшін жан қинап, жас сығам.
Өмір сүргім келеді бір күн болса да,
Сазбен сырласып, көңілім бейқам.
Жұлдызын көктің тамсантып,
Ай-ана болғандай əніңе шексіз ғашық.
Бұл əн - бір əн тыңдар жан əсте,
Жүрегінің жеті қақпасын ашып.

 

Қос қайыңым қайыспас

(2-хат)

Жезді өлкені сағынасыз ба, Сұлтан аға?! Мен сағындым! Сіздің өлкеде менің балалығым қалды.

Əрі өмір көшімде маған аға болған жандар - сол даланың перзенттері! Сіз бен Əн-ағам! Мен соңғы уақытта, "Қайыңдарша ғұмыр" атты испан халқының аңызына жүрекпен сеніп жүрмін.

Бағзы күндерде, кофе терумен айналысатын жұрттың жайы күрт нашарлап, қуаңшылық жайлаған кез екен. Яғни, Испанияның шағын кофе өсіретін аймағында. Көктемгі егіске қалдырған тұқымды да сатуға мəжбүр болыпты. Бəрі бір өкпесі дімкəс қыз үшін. Ол қыз сол аймақтағы ешкімнің туғаны емес, тағдыр жазуымен сол аймақтың суын ішкен жан екен. Анасы мен əкесінің кім екенінде білмейтін бейбаққа жанашыр мен жан достар осы мекеннен табылыпты. Күздің дауылды бір күні кофе алқабына жұмысқа шыққан қыз, дауылдан кейінгі нөсерге тап болып, сол күннен соң өкпесі қабынып, төсекке таңылыпты. Үнемі кофе алқабында əн салып жүретін аңғал қызды бүкіл жұмысшылар алғашқы күні-ақ іздей бастапты. Алғашында, жай суықтауға балаған, жас қыз сырқатының мəнісін дұрыстап та түсіне алмапты. Қуаңшылықтың қыспағында да, адамдықты ұмытпаған кофе терушілер, қыздың саулығына бар жиғанын сарп қылуға бекініп, алқаптың иесіне базынасын жеткізуге бірден жол тауыпты. Бəрінің бір ғана себебі - дертті қыздың бір əні. Алқаптың егесі де, терімші қыздың хəлі мен əнінен хабардар екен. Басшы ақ адал терімші қыздың жазылуына септесуге тырысыпты.

Кейде, мейрімділіктің құдіреті - өмірге тұтқа болады.

Бір жылдық өнімді, бір өмірді сақтауға арнағанына қарап, мейрімділік дəулетке байланысты емес.

Ия, бұл өткен заманның аңызы.

Ертегіден парқы жоқ. Бірақ, адамның бəрі - бір ғой. Қай заманда да, адам сол. Адам - дəуірдің перзенті, мейрімділік қай кезде де болуы тиіс.

Əн ағам - қаттылық, сіз - жанға жайлы жұмсақтық. Маған қайыңдарша қаттылықты үйретіп жүрсіздер. Сізден балалық көрем дедім ғой. Жылдар жылжып, менде София сынды аяққа тұрармын. Жас қайыңдар қаттылықты, қасындағы көп жылдық қайыңдардан үйретеді. Мен де  сіздерден үйреніп жүрмін. Сол кезде, бірге балалығыңыз өткен жердің сұлулығына көңіл мен көз суғарып, жүректен жыр ұшырармыз, Сұлтан аға! Хат соңын София Марсельдің ойымен тамамдайын. "Бағамды біліп, хəлімді білген жанға не дейін?! Күн дейін бе?! Жылуын аямайтын күн дейін. Адамның балалығы - жаураған кезде жан жылытары шындық. Күн шапағы сынды, тоңазыған тəн бала мінез жанды көрген сəт жылынады. Жылуды сақтай білу үшін, сол жанды қадірлей біл! Бағалай біл!"

Сізді бағалауым керек, қадіріңізді білуім керек, Сұлтан аға!

 

Мен жəне менің өмірім!

Танымай тұрып, таңдана аламыз біздер,

Тағдырға көніп, таң нұрын күтіп ерекше.

(Соқыр жанның күнделігінен)

 

Жүк болғым келмейді тым ауыр,

Мұң болғым келмейді тым жауыр.

Болғым келеді жай ғана менің сізге, аға,

Ақ тілекпен дұға тілер шын бауыр!

 

Жалғанда жақсылықтың барлығына сеніп келем, сол сеніммен ертең деп өмір сүріп келем. Бар ойымды қағазға түсірем дедім. Түсіргім келеді. Мен сізді аға деп атай алам. Оған қақым бар ма, жоқ па, білмедім?! Сырт адамдар үшін тым қиялшыл көрінетін шығармын. Бәз біреулер ақылында кінəрат бар дер. Жо-жоқ. Мен - шарасызбын. Шарасыз адам - шыңға шығудың да жолын табады. Адамның үнінен қорек тауып, сол үнмен өмірімді жарық етудемін ғой мен. Маған көбі күледі. Қалай көрмеген адамға ақтарыласың дейді. Не істейін енді? Жанымдағы адамдардан дос таппаған соң... Негізі, адамға өте талғаммен қараймын. Оны жасырмаймын. Үндерін құбылтып, жалған сөйлегендерді жақтыра бермеймін. Менде ешқандай психикалық хəм психологиялық ауытқу жоқ. Оған менің өз əрекеттеріме толықтай жауап бере алатыным, үлкен додаларда өзімді сан дəлелдей алғанымнан білуге болар. Енді, өмірімде екі нəрсеге аса байыппен қараймын. Бірі - шынайылық. Екіншісі - адамдық. Неге хаттарды сізге жазды деп ойлайсыз? Сіздің бойыңыздан екі қасиетті де таптым. Бұл хаттар сіз оқып болған соң өз оқырманына жол тартады. Менің ішімде жиырма екі жыл жүрген ойлар. Мен сияқты жандардың көңіл мұңы мен өмір шындығын сөйлету үшін жазып жүрмін. Мен үш-ақ адамға ғана өмірім жайлы жаза алам. Олар: Əн ағам, сіз, Азамат Əбілқайыр. Неге?! Ойларыңыз тағдырымды сараптауға жететін болғандықтан. Неге хат жазамын?! Бізде қоғамның толыққанды мүшесі болғымыз келгендіктен. Мақпал Мыса апам айтқан-ды, "Қабылдауың қиын шығар, сыр шағуға сондықтан қаламды таңдайтын боларсың?.." Мүмкін... Сіз - ақтарылуыма бір себепкер жансыз. Мен көп армандаймын. Көп арман ойлармен дала кезем. Мен мүгедектерден қашқақтайтын адамдарды қоғамнан жиі көремін. Шетелдегідей бізде шектеусіз қарым-қатынас əлі орнамай келеді. Мүгедек - мəселелі адам деп қарайтын адамдар өте көп. Олай емес. Мен ешкімге маған мəселемді шешіп бер деп, өзімді басқа бір адамның көлеңкесінде өмір сүруді қалайтын жан деп елестетпеппін. Бар шығар, масылдық психологиямен өмір кешіп жүргендер. Бəрі емес. Сосын, талма дертімен ауыратын, яғни жүйкесіне салмақ түсіруге болмайтын жандармен сұхбаттасудан көбі қашқақтайды. Бірақ, ол ауру дəрісін ішіп жүрсе, қоғамға ешбір кесірі жоқ. Өз басымнан кешірген жайлар. Болды. Болып та жатыр... Кейде, мүгедектердің армандарына хəм өмір таңдауларына кісімси қарап, жан қайғысын сездіретіні бар. Қараңғылық жайлы сөз айтпай-ақ қойсам болар. Мен ешкімді жөн-жосықсыз мазалаған емеспін. Рас, кейде үнін естігім келеді. Көңілге қиыршық тастай жиналған сырларды сыртқа шығарғым келеді. Ол бəрінде бар нəрсе. Адам таппаймыз. Тағдырды сараптай алатын, жылылығын жүрек түкпіріне түсіре алатын. Мүгедектер тек қара бас қайғысын айтады деп қарайды. Жоқ. Мен тағдырымды тек танысқан кезде бір рет қана айтамын. Басқа уақыт, қалыпты сұхбат. Осылай. Менің неге ер адамдардың үнін жиі іздеуімнің себебі, балалығым ер адамның даусынан қорқумен өтті. Қазір, ер адамның дауысына құлақ үйретудемін.

Аға, енді өзім жайлы шындықтың тиегін ағытсам. Дəл қазір, мендегі бары - жүрек қана. Өмір сүруіме, адамдарды жақын деп білуіме, əлемді сүюіме тек жүрек себепкер. Сізбен танысуым -тағдырымдағы жаздың басталуы. Сұлтан аға, мені қалай қабылдап жүр екенсіз?!... Сіз үшін өміріңізде үш ұйқы құшағына батқанда, сенбес оқиға орын алғандай ма? Солай болуы керек. Бір тілдесуден мені Зағип жанның іздеуі қалай дерсіз? Менен не күтеді деп ойланатын боларсыз? Заңды сауалдар. Мүмкін, бұны жазуым ретсіз шығар, мен жүйкесі бұзылған, яки еріккен есер адам санатынан емеспін. Қиялилығымда жоқ. Мен көп адамдарға жұғымды адаммын дей алмаймын. Бірақ, ешкімнен ештеңе күтпеймін. Адамға адамның мейірім мен сенімі жоғалуға таяу қоғамда өмір сүріп жатқан соң маған күдіктене қарауыңыз да бек мүмкін.

Мен сізді аға деп,тірлігімде дұғаға қосып, сізді іздеуімнің, сіздің үнді естігім келгенінің себебі - мені жұбантар сөзді сіз айттыңыз. Сізден естідім. Сізге деген мендегі сезім - інілік құрмет. Менің өз туған ағам болған емес, ағайын ағаларым мендік көңілдегі аға деген атты жоқ қылған адамдар. Маған аға керек, ақылын тыңдап, үнінен қуат табатын. Білем, сіздегі мен жайлы толық мағлұмат пен ойларыңыз аз. Мен көп адамдарды білемін, мүгедектен қашатын хəм қашуға тырысатын. Мен бəрін өзіңізге айтқым келеді! Мен - адамдар ішінен адамдар іздеп жүргендігімді əрі ақ жүрек ағаларым болса деп армандайтынымды білсеңіз ғой! Мен сегіз апамның аяулы алақан жылуын сезіп, қарт ата-анамның қалыбын қабылдаған жанмын.

Ия. Мен - тəні мүгедек жиырма екі жасар жігітпін. Маңғаз қалпыммен тапқан бағым - үн мен саз. Үн - сөзге айналады. Саз - əнге. Мен сіздің жүректің адалдығын бірден сездім. Көрдім деп жалған айта алмаймын. Көргім келеді! Біліңізші! Мен – жүрегі, көзі хəм аяғы болған ғаріппін. Бірақ, сізге тигізер қылаудай қиянатым мен жамандығым жоқ. Мен сізді ғұмыр бақи құрметтеп өтемін. Мені жан қиналысынан құтқарғаныңыз үшін. Мен - шындықты сүйемін. Жұма күні барлығын айтқым келген. Ұғамын, сырт адаммен дистанция сақтауды ұстанатын адамсыз. Мені көрмегенсіз, мені танымайсыз. Мен көрмей-ақ адамдарды жақсы көре беремін. Бұл - мендік кемшілік. Сізге сенемін! Жүрегім айтады, ағалыққа жарар жан деп. Мен адамның сенім-сезімімен ойнауды жек көремін. Ешқашан ешкімнің сенім-сезімін ойрандығым келмейді. Кеше бір досым айтады, «сенің пейіліңнің астарын ұға алмай жүрген шығар» деп.

Мен жауап таппай аңтарылдым. Менің пейілім - біреудің сеніміне кіруді көксемейді. Мен сауалға кең ойланып қарасам, мен біреудің сеніміне кіріп, ол адамнан материалдық дүниелер күтетіндей көрінуім мүмкін екен. Өзгені мазалауға ұялар жаным, өзгенің соқыр тиынын қажет етпейді. Бұл тұстағы айтпағым, ешкімнен аяушылық күтпеймін. Мені аясыншы, жəрдемдессінші деген мақсат-мүддеден аулақпын. Жоқ. Біреудің сенімін арам мақсатқа пайдалансам, ол менің арманымды отайды. Үміттерімді ар-азап өртіне өртейді.

"Жарық күнді көру үшін жүрегімді арамдыққа пайдаланбаймын".

Арамдық - өтірік айтудан басталады. Өкінішке орай, менің жаным жалған сөздің жүгін көтерер хəлде емес. Онсыз да, таңым мен түнім бір тілекке байлаулы. Анам мен əкем - қария кісілер. Бірі - 79, бірі - 63 жасқа келді.

Олар маған бала шағымнан өтіріктің жүгін арқалар шамаң жоқ дейтін. Біреуді алдап, біреуді сұлдап, біреудің сенімін ойрандап, мен қалай сауығам деп тілек етемін. Сіздің ақ жаныңызға, адамдығыңызға жүрегім сүйсінген. Жүрек сүйсінгенін жамандыққа атамас, Сұлтан аға!

Өзегімдегі еңселі азамат ағам деп санап отырып, мен сізге арсыздық жасасам, армандарым адыра қалатын өзіме аян. Мен балалығымды Əн-ағама айттым. Жасырмаймын. Жүрегім аға деген адамнан сыр жасырғым келмейді. Мен өмірді басқаша қабылдайтын шығармын. Адамға құлай сенетінім,ақ сезімге еретінім - қариялардың үйреткені. Мен өмірде көп жылаған адаммын. Алдағандар мені өте көп. Адалдық - адам сөзінен көрініс таппаса, сол адам өмірінде қиналып өтеді. Адалдық - ар тыныштығы. Мен жарқын күнімді жақсы адамдармен қарсы алғым келеді! Мен - əлемді адалдығыммен көремін!

Мүмкін, ерте болар бұл жай, мүмкін... Кеш! Менің өмірім нұрланатын шығар, Нұрсұлтан аға! Сіз жайлы жиі ой кешем. Біздің жайымыздан қашқақтамайтын, мүгедектерге жалған аяушылық танытпайтын болмысыңыздың бейнесі - парасатыңыздың биіктігі болар?!

P.S. Мен бұл хаттар арқылы ешкімнің аяушылығын көксемеймін. Бір жан баласы, сіздерге жазған хаттарымнан бір мүгедек жаннан қашқақтауды қойып, өзімен тең адам сынды жанына үңілсе, сол менің жеткен жетістігім. Неге журналисттерге хат жазам? Оған жауап, əуелден журналист қауым өкілдері қорғансыз жандар мен қорғансыз көңілдердің қалқаны. Неге жас журналисттерге жазатын себебім, үлкен белесті алған журналист ағаларға жазсам, ол кісілер мені баласындай өбектеп, қалам ұстатпай тастайтыны анық. Мен жазбасам, мен секілді тағдырлардың мұң-азабын қайдан біледі адамдар?! Замандастарымның ішінен таңдаған жандарға сыр айта отырып, өз көңілімді босатып, бір тағдырдың өзгеруіне септескім келеді.

 

Өлеңмен жазылған хат

(3-хат)

 Суырып алар сөздер бар,

Азаптан ауыр, қайғыдан.

 Сілкіп тастар мұңдар бар,

Көпке созбай жанардан.

Күйсе де тілің айтып қал,

Ішіңде сырың қалмасын.

(Өзбек халықының аңызынан)

Соқырлық емес-ау, пақырлық. Кеш түсіндім. Кеш білдім. Кеш ойландым. Адамның алақанына тарыдай үмітті сыйдырып, жүрекке дарытуға болады екен-ау...

Болады екен! Сұлтан аға, зағиптардың əліппесімен жазылған хаттарымда өз діттеген кісіге жетеді екен. Бəрі мүмкін екен. Бастысы - жүрек сөйлесін. Жүрек сөйлесін! Шындығында, бұл күндері жер бетінде кімдердің жүрегі сөйлеп жүр екен?! Сөйлетпейміз ғой.... Жүрек сөйлесе, өмір ғажап болар ма еді?!

Менің тағдырластарым жер бетінде өте көп. Бəрінің арманы - жарық дүниені бір көру! Мен сізге бір Əлішер бабамыздың заманынан қалған аңызды сөйлетейін.

Бағзы заманда, Самарқан шаһарында, Темірханның тұсында бір Зухра есімді қыз өмір сүрген деседі.  Ел қатарлы, ардақты ата-анасымен бірге, ағайын-дос, күллі  тілеулес жұртты қуантып, Зухра дүние есігін ашыпты.  Ата-анасының көз қуанышы болып, Зухра да бүлдіршін кезеңді артқа қалдырыпты. Балалық  дəурені де құрбыларынан айырмасыз өтіпті. Зухраның жан сұлулығы мен тəн сұлулығы аңыз-əфсана кейіпкерінің өмірдегі бейнесіндей болып, оны көрген жігіттер ғашық бола беріпті. Құрбылары іштей қызғанып, үлкен-кіші оған сүйсініп қарайды екен. "Самарқанның суын ішкен, сұлу болмай болмас, Самарқанның қойнында өскен ақын болмай болмас"-деген нақыл осы кезеңнен қалған деседі.

Дерт пен азап - жүйріктігі желмен пара-пар. Ешкім оның қай күні пенде басына түсерін білмеген. Білмейді де. Күндердің бір күнінде қыз шешек ауруына шалдығып, көзі көруден қалыпты. Дəл он бес жасында. Қанша емделіп баққанымен, емшінің емі нəтиже бермепті. Жарық дүниені көріп жүріп, бір сəтте қараңғылық қойнына ену - ол үшін ең үлкен азап болғаны түсінікті. Зухра алғашқы күндерінде жылағанымен ақыр соңында үнсіз барлығына көнбеске амалы жоғын түсініпті. Сол күннен бастап, жадын жаттықтырып, ұстаздарының аузынан шыққан əрбір өлең жырды жатқа айтуға машықтаныпты. Зухраның арман-қиялы əр таң сайын жыр болып төгіле беріпті, төгіле беріпті. Дегенмен, Зухра арудың жан əлемі əр көктемде қайғының тонына оранып, үйден бір қадам аттап шықпай,  ішқұса болып, төсектен бас көтермейді екен.

Сондай бір көктемде Самарқанға жол жүрген ғұлама Зухраның үйіне түсіпті. Жəне Зухраның төсек тартып жатқан шағына бұл оқиға тап келген екен. Таныс-білістің соңын ала, үй иесі қызының соқырлықтан төсек тартып жатқанын, əр келген көктем жаны жылайтынын айтыпты. Ғұлама қызын көргісі келетінін айтыпты. Əкесі рұқсатын беріп, Зухраның қасына ертіп барыпты. Ғұлама, жаны құлазып жатқан қыздың өне бойын бір шолып, "қызым, алтыным, сен төсекке таңылатын жаста емессің. Сендегі дерт жайын түсінбейді деме, сезінбейді деме. Білімсіз адамдар - мəңгілік соқыр. Сенің хəліңде тек қана сабыр керек. Жүректі сөйлету керек" - деген де, Зухра басын төсектен əзер көтеріп былай депті:

"Ақ қанат құспын аялы,

Сезімі жүректіге бағалы.

Болмаған бірақ шындығы,

Балалық шағының баяны.

Көктемде жылаймын ылғи,

Жанарды жасқа толтырып.

Береді сəт сайын уақыт жылжи,

Көктем қыз көк көйлегімен құлпырып.

Мен қаламын құл қызындай,

Атым да кейде қалар аталмай.

Соқырлыққа көндіккенмен көздерім,

Жүрегіме отырам əмір ете алмай".

Сонда, "Сен жылама. Өмір сені кенде етпепті өнерден. Сенің есіміңді Зухра деп тегін қоймаса керек. Пəни жалғанда рухың сынбасын, қызым. Рухыңды биік ұста. Көкірегің көріп тұр.Тілің сөйлеуде, тек көзіңмен көре алмадым деп қамығарсың. Көкірек соқыр болса, көзден не қайыр?"-дейді.

Жөн. Рас. Көзім көрмеген бала күнімде менде көп қамығатынмын. Өмірдің маған мəні жоқ сияқты көрінетін. Сұлтан аға, шын соқыр біздер дейді ғой адамдар?! Қателеседі. Біздер - көкірегін күн сайын тазартатын, əдемі əлемнің өкіліміз! Аярлықты көрмейтін. Пенделікке бас қатырмайтын. Əлемде ең қиыны - көзіңмен көргеніңді көкірек қабылдап, тілді сөйлете алу. Біз естиміз, көкірек көреді. Тіл сөйлейді. Көремін. Мен де көретін боламын. Рас, қазір оң көзімді емдетудемін. Ем болса деп тілеймін! Мен - Асылы апамның ауылынан түлеген перзентпін. Мен өмірде Асылы апамның ізімен жүргім келді. Филолог мамандығын алдым. Білесіз бе?! Тілдерді үйрену - менің жүрек қалауым. Біраз сырдың басын қайырдым-ау. Келесі хатта, София Марселдің сырларын жолдаймын.

 

Нұрсұлтан Біләлге

(4-хат)

Күн жыласа,

Жаңбыр ғой.

Күң жыласа,

Тағдыр ғой.

Түрік халық əнінен

"Күн жыласа, жер бетіндегі көк атаулы разы болады. Күң жыласа, ешкім қайғырмайды. Қайғының қара шекпенін киіп, өмір сүруден асқан азап жоқ. Аға, жаным арыз айтатын жанға көп зəру. Өмірімде өз қайғымнан өзгенің қайғысына көбірек жан сыздататын пақырмын. Мен хатты бос жазып жүргенім жоқ. Тағдырластарымның жайын толғаудамын. Өмірде сыр шағатын адам табу маған оңайға түспеді.

Хатты көп созбай София Марсельдің əңгімесінен үзінді келтірейін. "Өмірде кездейсоқ аяқ-қолыңызды зақымдап, яки сындырып алсаңыз, бағзы тірлігіңіз бен достарыңыздан айырылып қаласыз. Қасыңызда жанұяңыз ғана қалады. Жəне бір-екі досыңыз ғана. Тағдырыңыздағы азап пен қиындықтар өзіңізге ғана қатысты екендігін ұмытпаңыз. Əрі таза жүрек іздеуді ұмытпаңыз. Ешбір адам жүрексіз емес, бірақ жүректерінің өз қызметін атқаруын қаламайтыны болмаса. Самарқау. Тəккаппар. Өзімшіл. Кейде тым асқақ. Адамдардың бəрі осы аталған мінез сатыларында жүр. Оңай емес. Дос табу. Жоқ. Дос түгілі, жүректі адам табудың өзі мехнаты мол іс. Мені төсектен тұрғызған -жақсыларды іздеуім. Мен жай ғана өмірімде бір өнер адамымен кездесуді аңсадым. Жырдың құдіреті - жүректі толқыта алады. Мен өзімді ақын есептемегем. Ақын болдым. Қалайша? Жақсыларды іздеуден талмадым. Иә. Алғашында, атақты адам менің сөзімді не қылсын деген ой болды. Мен кім? Ол кім? Əуелден, ол екеуміздің əлеміміз бір екен. Пешенеме ақындық жазылыпты. Актермен достасу жазылыпты. Сол кезде, қолыма қалам алмасам бүгін əлі төсекте жатар едім".

 

Тəккаппарлармен тілдесу

(5-хат)

Тəккаппарлық - өз биігінен құлайтындардың ісі.

Рана Шаглар.

Сұлтан аға,тəкәппарлардың табанының салмағы - жүк артқан өгізден ауыр-ау. Тəккәппарлықты тəңір сүймейді деген мақалды көбіміз білеміз ғой.

Өр санамызбен пайымдай алудамыз ба?!

Жаным ауырады. Тəккәппарлардың тар танымына кезіксем, мүгедектігімді маған осылар түйсіндіреді.

Алдыма сия тимеген парақты беріп, толғанысымды жаз дейтіндей өмір. София Марсельдің əңгімесіндегі бір жол жадымда қалыпты.

Адамдардың өресі - əр қилы. Бірі - кең ойланып, тағдырды түсінсе, бірі -тағдырың үшін жазғыра қарайды. Дертің үшін сорлы деп біледі. Сорлылық - адамға адам деп қарамау". Көктемде бір нəрсені білдім. Тəккәппарлыққа тірлік тұнып тұр екен. Білсеңіз, бір адамдар көңіл тереземе мұз қатырды.

Ол мұзды сіздің сөзіңіз ерітіп жүргеніңізді білесіз бе?!

Кісілік - күйініш!

Кісілік - жанға сүйеніш!

Кісімсу - күрсініс,

Жанға күйініш.

Биігінен құламаса ғой, бар адам баласы!!! Құлап жатыр көз алдымда. Көріп жүрмін. Сұлтан аға, кісімсіп-кергуді көргенімде жүрек тілінеді екен. Сізді ойладым. Кісілігіңізге бас идім.

1449652268_lМейірхан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы – жас ақын. 1994  жылы дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Өлең жазуды  жеті жасынан бастаған ол көңілдегісін еркін жеткізеді. Республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері. Туғалы көз жанарының нашар көруі мен сал дертіне шалдыққан. Өлеңді зағип әліппесімен жазады.

Рекомендовать
Последние новости