Нұрлан Қонысбаев "Нұр-Мұқасан" тобына қатысты дауға қандай пікір білдірді?

Сағыныш Сардарова 25 нояб. 2025 11:50

"Нұр-Мұқасан" тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен топтың бұрынғы әншісі, танымал жұлдыз Мұқасан Шахзадаевтан оңбай таяқ жегенін айтты. Бұл жағдай байланысты Dalanews.kz топ мүшесі Нұрлан Қонысбаевтың пікірін сұрап хабарласты.

Нұрлас Қонысбаев даулы оқиғаға пікір білдіруден бас тартып, заңгер Инга Иманбайға хабарласу керек екенін айтты.

Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, әншіні алда ота күтіп тұр.

"Мұқасан Шахзадаев тарапынан аяусыз соққыға жығылған қорғауымдағы азамат – танымал әнші әрі актер Ғалымжан мырзамен кездестім. Оның қазіргі жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер қолының сынғанын, мұрнының сынғанын, бетінің қатты ісіп-көгергенін растады. Алдағы күндері мұрнына жарақаттан кейінгі күрделі ота жасалмақ. Бұл тек денсаулыққа келген зиян емес. Бұл – адамның өміріне, еңбегіне, шығармашылығына жасалған қастық. Ғалымжан мырза дәл қазір түсіріп жатқан фильмінің жұмысы тоқтап тұр. Оның кесірін 40 адамнан тұратын бүтін бір кино тобы тартып отыр. Себебі бет-әлпеті қатты жарақаттанған адам камера алдына шығуға жарамайды. Бұл – нағыз масқара жағдай. Ең сорақысы – мәдениет саласының өкілдері өз әріптесін жабылып ұрып, есінен тандырып жібергені. Бұл – өнер адамына ғана емес, жалпы қоғамға жасалған жабайылық, адамшылықтан безген әрекет", - деді адвокат.

Еске салайық, кеше танымал әнші Мұқасанның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 

22 қарашада Наурызбай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын азамат М. және өзге де бірнеше тұлғалар тарапынан оған дене жарақатын салу дерегі бойынша арызбен жүгінген.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады", - деп жазылған Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Бұған дейін істің мән-жайын жазған едік. Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, даудың бәрі топ орындаған әннен шыққан. Мәселені шешу үшін Ғалымжан есімді әнші Шахзадаевтың үйіне барған. Алайда соққыға жығылған. "Полиция Мұқасанды емес, мені алып кетті" дейді. Ал қазір "Нұр-Мұқасан" тобының мүшесі заңгерлердің көмегіне жүгініп, "жуан жұдырықты" әншіні жауапқа тартқысы келеді. 


Рекомендовать
Последние новости