Нұрлан Ноғаев: "Ақтауды көгалдандыру ғылыми негізде жүргізілуі керек"

Dalanews 07 мар. 2023 04:40 997

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен қалалар мен елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу бағытында жиын өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, бөлім басшылары мен «Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығы қатысты.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мәлік Әбдіқадыровтың айтуынша, 2023 жылы облысты көгалдандыруға 1 млрд 465,2 млн теңге қаралса, оның 77,7 пайызы Ақтау қаласына бөлінген.

«Маңғышлақ тәжірибелік-ботаникалық бағы» РМК бас директоры Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, 2022 жылы Ақтауда 5000-нан астам жапырақты ағаш және 3500-ден астам қылқан жапырақты өсімдік өсірілді.



– Барлық өркениетті елде қалаларды жасылдандыру үлкен маңызға ие.  Маңғыстаудағы елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру көрсеткіші шамамен 2-3 пайызды, ал Ақтау қаласының көрсеткіші 5 пайызды құрап отыр.


Соған қарамастан, былтыр оң нәтижеге қол жеткіздік. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін қалада дендрологиялық жоспар құруды, жасыл желектердің жағдайын цифрландыруды ұсынамын.

Сонымен қатар отырғызылатын өсімдіктер көшеттері жергілікті болуын және шөлейт аймақта өмір сүру көрсеткіші 80%-дан асуы үшін жабық тамыр жүйедегі материалдардағы өсімдіктерді қолдануды, тамшылатып суару жүйесін орната отырып, өсімдіктерді түнде суаруды, суару шеңберлерін ағаш үгінділер, қиыршық тас, шөгінділер сияқты ылғал сақтайтын материалдармен жабуды қамтамасыз ету қажет, – деді Ақжүніс Иманбаева.

Нұрлан Ноғаев ғылыми мамандарды тарта отырып, Ақтау қаласы мен елді мекендерді көгалдандыруды жүйелі ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

– Облысымызда көп жылдық тәжірибесі бар ботаникалық бақ бар. Сондықтан ботаникалық бақтағы өсімдіктерді барынша қала мен ауылдарға егу қажет.

Өйткені Маңғыстау облысы жартылай шөлейтті, бұл аймақта жасыл желек өсіру өте қиын. Сол себепті басқа жердегі ағаштар мен жасыл желектер біздің өңірдің табиғатына бейімделе алмайды.

Ботаникалық бақтың мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарын тек бөлінген бюджет аясында ғана емес, демеушілердің көмегімен де жүргізуді тапсырамын. Барлық су көздерін, соның ішінде жаңбыр суын пайдалана отырып, тамшылатып суару мәселесіне назар аудару қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.

 

 

Рекомендовать
Последние новости