«Nur Otan» медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін сақтандыру туралы заң жобасын сынға алды

Dalanews 22 окт. 2021 17:24 749

Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін сақтандыру бойынша Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасын қайта қарауы керек. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң жобасы емделуші сырқатының ауырлығын және оның денсаулық сақтау мекемесіндегі жағдайын ескерместен, медицина қызметкерінің науқастың өмірі мен денсаулығына келтірген зиянын өтеу міндетін көздейді. Кеңес мүшесі Татьяна Булгацевич атап өткендей, заңнамада «медициналық қатер» деген ұғым жоқ.

– Біздің қызметкерлер жұмыс істейтін жағдайды дәрігерлер емес, мемлекет, бюджет мүмкіндіктері анықтайды. Ауылдық ауруханадағы рентген аппараты 1960 жылы шығарылған, соның салдарынан диагностикалық қателіктердің болу қаупі жоғары. Әртүрлі жағдайлар болады, хәлі ауыр, тіпті емделмейтін науқастар да бар. Оларға қанша қаласаңыз да көмектесу мүмкін емес. Дәрігерлер ғажайыптар жасай алмағаны үшін кінәлі болады ма? – деп атап өтті Татьяна Булгацевич.

Спикер сондай-ақ заң жобасының мәтінінде дәрігердің байқаусызда қателік жібергені немесе диагностикалық процедураларды жүргізудегі олқылығы үшін жауапкершілігі көзделгеніне назар аударды.

– Мұндай жағдайда дәрігерлер тек айыптаудан қорқып, тіпті тұмаумен ауырған кезде де молекулалық-биологиялық зерттеулерді тағайындайды. Бұл гипердиагностикаға әкеледі. Ал Денсаулық сақтау ресурстарын әсіресе, қазіргідей ковид пандемиясы жағдайында үнемдеп пайдалану қажет. Мамандық тартымдылығын жоғалтып, саладан мамандардың кетуі медициналық көмек сапасының төмендеуіне әкеледі. Мұның барлығынан түптеп келгенде емделушілер зардап шегеді, – деді Татьяна Булгацевич.

Сонымен қатар, партиялықтар ҚР Қылмыстық кодексіндегі 317-бапты – «Медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауын» талқылады. Кеңес мүшелерінің пікірінше, бұл норма медицина қызметкерлерінің құқықтарына нұқсан келтіреді.

Отырыс қорытындысында Кеңес Денсаулық сақтау министрлігіне ҚР Қылмыстық кодексінің, оның ішінде 317-бабы бойынша, елімізде «медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін» қозғалған істердің есебін және талдауын енгізуді ұсынды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ведомство ҚР ҚК 317-бабын қайта қарау бойынша Парламентке ұсыныстар енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.

 

Рекомендовать
Последние новости