Ноғаев: «Еңбек дауын көшеге шықпай, Еңбек заңнамасы арқылы шешеу керек»

Dalanews 16 февр. 2022 14:37 984

Бүгін Маңғыстау облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығында баспасөз конференциясына қатысып, еңбек дауларына қатысты өз ойларын айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Брифинг барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек дауларын шешетін ҚР Еңбек заңнамасының арнайы алгоритмі бар екенін атап өтті.

– Егер еңбек дауларына қатысты қандай да бір сұрақтар туындаса, азаматтар үшін ҚР Еңбек заңнамасы аясында арнайы алгоритм бар екенін түсіну қажет. Сондықтан ереуілдер ұйымдастырып, өз талаптарын көшеге шығып айтудың  қажеті жоқ. Ол үшін келісім комиссиясы, арбитраж және еңбек инспекциясы сияқты заңды құралдар бар, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы еңбек шартын құрған екі тарап өздеріне алған міндеттемелерді сақтауға тиіс екенін айтты.

– Өмір болған соң, еңбек дауының туындауы заңдылық. Алайда, мұндай мәселелердің алдын алу үшін жұмыс беруші мен жұмысшы келісім шартты алдын-ала оқып, қол қойып содан кейін шарттың талаптарын орындауға міндетті. Егер азамат қандай да бір жалақыға жұмысқа орналасуға келіссе, ол өзіне қабылдаған міндеттемелерді сақтауы керек. Ал жұмыс беруші жалақыны, әлеуметтік жәрдемақыларды және шартта көзделген басқа да ақшалай қаражатты уақтылы төлеуге міндетті. Еңбек даулары еңбек инспекциясы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында шешілуге тиіс. Өкінішке орай, бізде еңбек мәселелерін заңсыз шешуге тырысқан фактілер бар. Жұмысшылар ереуілге шығады. Біз құқықтық мемлекетпіз, сондықтан еңбек қатынастары қолданыстағы заңнама аясында ашық және әділ шешілуі тиіс, – деді облыс әкімі.


Брифинг соңында өңір басшысы аймақ тұрғындарын арандатушылық пен популистік ұрандарға бой алдырмауға шақырып, өңір алдында жүйелі шешімдерді талап ететін бірқатар міндеттің барын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.

– Қазір біліммен, ғылыммен бәсекелесетін уақыт. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы әлдеқашан айтқан. Сондықтан облыс тұрғындарын халық пен ел игілігі үшін сабыр сақтап, әр шешімді ақылмен қабылдауға шақырамын. Біз барлық қиындықты бірге еңсереміз, – деді өңір басшысы.

Рекомендовать
Последние новости