Назарбаевтың тағы бір ескерткіші "құлады"

Dalanews 12 янв. 2024 10:14 1600

Көзі тірісінде өзіне арнап ескертіш орнату – диктаторлық режимнің шектен тыс асқынғанын білдірмей ме? Жалпы, адамзат тарихында тірі адамның ескерткіші болғаны дұрыс па? Мұны жұрт қаншалықты дұрыс қабылдады?

Еске сала кетсек, 2016 жылы Тұңғыш президент күніне орай орнатылған Талдықорған қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші Қаңтар көтерілісі кезінде құлатылған болатын. Онсыз да елімізді жылдар бойы тонап келген билікке наразы халықтың ашуға булыққан әрекеті осыған алып келді.

Ең сорақысы, өз ескерткішінің бөлшек-бөлшек болып құлағанын көргеннен артық қандай қорлық бар? Билікті тізгініне мықтап ұстап, уысынан шығармаған талай басшы өзіне бір емес, бірнеше ескерткіш қойғызып, ақыр аяғында абыройдан жұрдай қалған. Соның бірі Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов, сосын Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Екі елдің қоғамында да жеке басқа табынушылық, жағымпаздық жайлап кетті. Сол сияқты Ирак көшбасшысы болған Саддам Хусейннің ескерткішін 2003 жылы билік басына келгендер ақыры құлатып тынды.

Ал Назарбаевтың Талдықорғаннан кейінгі екінші ескерткішін кім құлатты? Шамасы, бұл жолы бұл іске «бүлікшілердің» қатысы жоқ.

Әлеуметтік желіде қойманың бір жерінде жатқан Назарбаевқа ұқсайтын ескерткіштің суреті таралып кетті.


Ілеспе мәтінде оның бұған дейін Астанадағы Қорғаныс университетінде тұрғаны және кеше түнде бұзылғаны жазылған.



Тіпті, ақпараттың мән-жайын анықтау үшін кейбір әріптес университетке хабарласып көрген. Телефон қоңырауына жауап берген  кезекші ескерткіштің жоқтығын растаса да, бірақ мұны кім және қашан   алғанын нақты айта алмады.



Айта кету керек, дәл осы ескерткіш тұңғыш президент Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қорғаныс университетінің алдына орнатылған болатын. Оның ашылу салтанатына қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысқаны да белгілі. Алайда, бұл жолы ескерткіш кімнің пәрменімен  алынды екен?

Жалпы, кез келген ескерткішті бұзу да оны орнатқан кездегідей тиісті құжаттары болуы керек емес пе?



Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші біраз қалада бар. Оның атындағы көше ірі қалалардан бөлек, аудан, ауылда да жетерлік. Ал мынау Талдықорғаннан кейінгі екінші ескерткіштің орнынан елеусіз алынғаны бәріне қызық. Тағы қай қаладағы ескерткіш орны босап қалады екен, а?

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости