Назарбаева: "Ауылдағы ағайынды ұмыттық. Олар кедей тұрады"

Dalanews 28 февр. 2020 09:41 788

Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту тақырыбына арналған парламенттік талқылауда Сенат төрағасы Дариға Назарбаева әрбір қазақстандықты алаңдататын ауыл тақырыбын, жер ресурстарымызды дамыту мәселелеріне байланысты өз тезистерін ортаға салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Біздер үшін ауыл нені білдіреді? Ауыл – біздің ұлттық болмысымыздың бесігі. Қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр, ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы. Сондықтан ауылды дамыту мәселелері әрқайсымызға өте жақын және түсінікті. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 42 пайыз қазақстандықтарға ғана емес, барша Қазақстан халқына қатысты үлкен мәселе.

Бүгінде жалпы табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес екені туралы пікір білдіріп ешкімді таңқалдыра алмайсың.


Мүмкін елімізде ауылшаруашылығы өнеркәсіп ретінде осыған байланысты тоқтап тұрған шығар? Ауыл шаруашылығы - Қазақстан экономикасының негізгі саласы. Еліміз әрқашан астық өндірумен танымал. Ал халқымыздың өмір салтының ажырамас бөлігі мал шаруашылығы, ол ежелден әр қазаққа интуитивті тұрғыда жақын, генетикалық деңгейде түсінікті.

Онда неге барлық табиғи және тарихи негіздер бола тұра отандық азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы қол жетімсіз? Бұл елдің тұрақтылығы мен ішкі экономикалық қауіпсіздігі үшін қажет деңгей. Халқымыз туған жерге ерекше құрметпен қарап келсе де, неге ауыл шаруашылығы көп жылдар бойы экономиканың проблемалы саласы болып келеді? Бұл жағдай бүгін байқап отырғанымыздай қоғаммен, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындарымен ауқымды әңгіме, кәсіби сұхбатты қажет етеді, – деді ол.

Д.Назарбаева Қазақстанда Өңірлік даму министрлігі жоқ екенін ескере кетті. Сенат – жергілікті мәслихаттар сайлаған сенаторлар арқылы өңірлерді институционалды түрде көрсететін жалғыз ұлттық орган болып отыр. Сондықтан ауылдық жерлерді дамытуға байланысты аймақтық дамудың әлеуметтік проблемалары көп жағдайда Сенаттың да жауапкершілік аймағы екенін ескерді.

– Парламенттік тыңдаулардың қарсаңында Сенат депутаттары ұйымдастырумен қатар көптеген маңызды жұмыстар атқарды. Тиісті департаменттердің, мемлекеттік корпорациялардың, фермерлердің кәсіби бірлестіктерінің өкілдерімен, өңірлерде ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтын адамдармен ондаған кездесулер өтті. Саланың проблемалары туралы бірегей және қарама-қайшылықтарға толы материалдар жиналды.

Сандық және пайыздық көрсеткіштердің өсіп жатқанына қарамастан, біз кейінгі 10 жыл аралығында саланың тоқырауға ұшырағанын көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығының Жалпы Ішкі Өнімінің үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді (2019 жылы 4,4%).


Көбіне кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемалары тұрғанын көре бермейміз. Біз саланың әлеуметтік өлшеміне назар аудару керекпіз. Ауылдың тұрмыс салты мен өмір философиясы қаладағы өмірден мүлдем өзгеше, – деп қосты Назарбаева.

Спикердің сөзінше, статистика комитетінің мәліметтері бойынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарында экономика саласындағы ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында болған.

Аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау жылдары ауыл шаруашылығын дағдарысқа, өндірістің күрт құлдырауына, өндірушілердің табыстарының төмендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің, шикізат пен азық-түлік бағаларының көтерілуіне және басқа да келеңсіз жағдайларға алып келді.

Осы реформалар кезеңінде адами фактор ең үлкен деформацияға ұшырады, ол мына жағдайлардан көрінеді:

- ауылшаруашылығында жұмыс күшінің құнсыздануы;

- ауылдық жерлерде жұмыс орындары мен жұмыспен қамту деңгейінің қысқаруы;

- аграрлы еңбек нарығының жетілмеуі және шиеленіс коэффициентінің жоғарылауы;

- әлеуметтік инфрақұрылым объектілері мен әлеуметтік-тұрмыстық қызметтердің қысқаруы.

– Ауыл тұрғындарының саны азайып, біртіндеп бүтін елді мекендер жойылып кетіп жатыр. Ауыл халқына инфрақұрылым объектілері қол жетімсіз болғандықтан олардың өмір сүру сапасы зардап шегіп келеді. Мұндай жағдайда тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйі қанағаттанарлық болмайды және оларда туған ауылында тұруға деген ықылас жоқ.


Бұл сұрақтардың барлығы мемлекет назарынан тыс қалмаған, мемлекет бағдарламаларды жүзеге асырып ауылдарды дамытып, халыққа болашаққа сенім мен өзінің кіші Отанын көркейтуге деген ұмтылыс беріп, ауыл тұрғындарын жайлы өмірмен қамтамасыз етуге талпындырады. 2010 жылдан бастап Қазақстанда 3 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қолданыстағы үшінші мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы аяқталады. 2017-2021 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есеге арттыру жоспарлануда.

Статистика Комитетінің мәліметтері бойынша 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі ауылшаруашылығының жалпы өнімі төрт жарым триллион (4,5 трлн) теңгеден аспаған, ал 2021 жылға қарай саланы дамыту бағдарламасы аясында ол сегіз бүтін оннан екі триллионға (8,2) дейін өсуі керек. Бағдарламаны жүзеге асырудың 3 жылында 2 триллион теңгеге жуық қаражат тек агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға жұмсалған. Мемлекет бұл саланы белсенді дамытуға алғышарттар жасап, жағдайды жақсарту үшін үнемі шаралар қабылдап жүр деп білеміз. Ауыл тұрғындары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан ең көп жеңілдіктер мен жәрдемақы алушылар қатарында деп есептейміз. Бірақ іс жүзінде бағдарламалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып жатыр ма?

Біздерге құрметті әріптестер, мемлекеттік бағдарламалардың сәтті әрі нәтижелі жүзеге асырылуына не кедергі екенін түсіну керек? Бағдарламаны дайындау барысында жүйелік қателіктер жіберілетіні анық, мемлекет қанша күш салса да сол олқылықтар салдарынан бұл сала ұзақ уақыт тоқыраудан шыға алмай тұр.


Сондықтан біз агроөнеркәсіптік кешен мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін, ғалымдар мен сарапшыларды, жергілікті өзін-өзі басқару депутаттарын және ауылдар мен ауылдардың тұрғындарын еліміздегі ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі кең ауқымды сұхбатқа шақырамыз. Бүгінгі күні ешкімде дайын формула жоқ. Біздің міндетіміз жан-жақты ашық және әділ талқылау арқылы жағдайды жан-жақты көру және бағалау. Сонымен қатар, табысты елдердің тәжірибесін терең зерттей отырып, қазақстанның өзіндік ауылшаруашылық даму жолын таңдау. Жұмыстың нәтижелі болуын өз жауапкершілігімізге алу. Талқылауды бастауды ұсынамын, – деді Дариға Назарбаева.

 

Рекомендовать
Последние новости