Назарбаева? Әлиядан көрмеген құқайым қалмады - кәсіпкер

Көркем Алдабергенова 13 мар. 2024 13:43 10746

28 ақпанда баспасөз мәслихаты өтіп, онда экс президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева мен заңгер Валентина Рогова 2003 жылы рейдерлік шабуыл жасап, "ТПК Азия" ЖШС-ін кәсіпкерден тартып алғаны белгілі болды. Компания құрамында 7 мұнай базасы және 96 жанармай бекеті болған. Кәсіптің құны 170 миллион доллар. Зардап шеккен кәсіпкерлер Медгат Қалиев мен Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаева олардың кәсібін қалай тартып алғанын әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кәсіпкер Медгат Қалиевтің сөзінше, ол "ТПК Азия" компаниясын Нұрлан Бимурзиннің әкесімен ашқан. Бастапқыда кәсіп шағын болғанымен, уақыт өте келе ұлғая бастаған. 2003 жылға қарай компанияда 7 мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекеті болған. Осылайша үш жылдың ішінде белгілі бір жүйемен жұмыс істейтін компания пайда болған.

Бірақ компанияға 2002 жылдардың өзінде Әлия Назарбаеваның көзі түсе бастаған.

"Екі жылдай тынбай жұмыс істегеннен кейін компанияға көз түсе бастайды, таныла бастайды. Алғашқы проблемалар 2002 жылдары басталды. Қаржы полициясы шабуыл жасай бастады. Бастапқыда екі жанармай құю бекетінен бастап, кейін 4, сосын алтауына көшті. Яғни олар осылайша бізді қорқытпақ болды. Мұны айтуға бола ма, жоқ па білмеймін, ол кезде бәрі парамен шешілетін. Қаржы полициясы қалай жұмыс істейтінін де білесіздер", - дейді Медгат Қалиев ORDA News-ке берген сұхбатында.

Оның сөзінше, компания тәуелсіз жұмыс істеген.

"Бізде басқа акционер болмады. Тек екеуіміз: мен және марқұм Серік Бимурзин (кәсіпкер Нұрлан Бимурзиннің әкесі). Серік екеуіміз отырып, ойлана бастадық. "Бөлісу керек" деген ұсыныстар түсе бастады. Серік тірі болған кезде бәрін өзі айтар еді. Сол кезде Серікке осындай ұсыныстармен тікелей шыққандар болды. Бізге "ақшаның астында қалдыңдар" дегендей тұспалдағандар болды. Себебі 6 өңірде жүйелі жұмыс істеп отырдық", - дейді кәсіпкер.

Осылайша Әблязовқа тиесілі болған "Темір банкте" жұмыс істейтін адам оларға "крыша" болуды ұсынған.

"Ол адам бізге "Әулетке, оның ішінде Әлиямен байланыс орната аламын" деді. Ол адам бізде әлдеқандай проблема барын естіп, "сендерді таныстырайын, сол кезде тыныш жұмыс істей бересіңдер" деді. Осылай Әлия Назарбаевамен таныстық", - дейді Медгат Қалиев.

"Крыша" болуға 2002 жылы қаржы полициясы компанияға тиесілі бірнеше жанармай құю бекетін жауып тастауы себеп болған көрінеді.

"Бізге әлдекімдер келіп, "Біз Рахат Әлиевтің адамдарымыз, бөлісу керек" деді. Бізге белгілі бір соманы көрсетті. Бастапқыда Әлиевке өздері айтқан ақшаны бердік.

Бірақ мұнымен тоқтамайтынын білдік. Сол кезде "Темір банкте" банкир болған танысымыз бар еді – Берік Сарин. Ол бізге келіп "Әлия сіздермен кездескісі келеді. Сендердің проблемаларыңнан хабардар, сендерді қорғағысы келеді" деді. Бұл "қорғау" үшін ол компанияның 50 пайызын сұрады", - дейді кәсіпкер Нұрлан Баймурзин.

Осылайша кәсіпкерлер Рахат Әлиев және Әлия Назарбаева деген екі оттың ортасында қалған.

"Бізге Берік Сарин "Әлияны таңдамасаңдар жағдайларың одан сайын қиындайды" деді. Әлия ол кезде небәрі 21 жаста болған. Ол кезде кәсіптен ешқандай хабары жоқ, бірақ Назарбаева деген тегі бар адам ғана еді. Осылайша 2002 жылы 4 қыркүйекте мен компанияның 100 пайыз иесі бола тұра 50 пайызын Әлияға бөліп бердім. 25 пайызын Нұрланға жазып, 25 пайызын өзіме қалдырдым. Әлияның одан бөлек 4 компаниясы болған. Валентина Рогова – Әлияның барлық компаниядағы өкілі", - дейді кәсіпкер Медгат Қалиев.

Оның сөзінше, Әлия құжаттарға қол қойғаннан кейін жарты жылдай тыныштық орнаған. Кейіннен Рогова компанияның ісіне араласа бастаған.

"Тіпті құжаттарға қол қойған кезде Әлияның "Ұсталды" дегенін естіп қалдық. Бірақ адам жағдайы бола тұра соншалық ашкөз болады деп ойламадым. (...) Бір күні Әлиямен кеңсесінде кездестік. Ол бізден аман-саулық сұрамай, "Қалған 50 пайыз үлестеріңіз керек" деді. Мұндайды күтпедік, таңғалдық. "Әлия, ол бізге де керек" дедім. "Сіздің үлес маған керек, оны маған беру керексіздер" деді. Олардың мақсаты компанияның күл-талқанын шығарып, сату болған екен. "Сен ең құрығанда Бимурзиннің үлесін сатып алсайшы" дедім. Ол көк тиын да бермейтінін айтты", - дейді Медгат Қалиев.  

Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкер Нұрлан Бимурзин Әлияға үлесін 19 мыңға сатуға мәжбүр болғанын жазған едік.

Біз серіктесім екеуіміз осы сәтті 20 жыл күттік. Себебі осы уақыт аралығында жақындарымыздың жағдайына алаңдап қана қоймай, қорқып, үреймен жүрдік. Өйткені оларға қатысты қоқан-лоқы көрсетіліп жүрді.

Назарбаевтардың, әсіресе Әлия Назарбаеваның Қазақстандағы ықпалын бәріңіз білетін шығарсыздар.

Сондықтан әділдік орнауы керек деп есептейміз. Енді әркім өз ісіне жауап беруі керек", - дейді Нұрлан Бимурзин.

Оның сөзінше, Бимурзин 19 ақпанда бас прокуратураға арыз жазған.

 


Рекомендовать
Последние новости