"Назарбаев резиденциясы" деп аталған нысан сатылмақ

Сағыныш Сардарова 21 июн. 2024 09:35 3321

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ресми түрде "Сол жағалау профилакторийі" деп аталатын нысанды 1 млрд 115 миллион теңгеге саудаға шығарды. Шарт бойынша кешенді болашақ иесі үш жыл сенімгерлік басқаруға алады. Кейін толық сатып алуға құқылы, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп.

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша уақытша иелікке алатын адам бірінші жылы 400 млн теңге, кейінгі екі жылда 200 млн теңгеден инвестиция құюы шарт. Инвестор ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіп, нысанды конференц-залы, жеке коворкингтер, қонақ үй нөмірлері, спорт алаңдары және сауда павильондары бар көпбейінді орталыққа айналдыруға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер "туристік-инвестициялық хаб" болуға тиіс деп жазылған ақпаратта. Бұған қоса кемінде 25 адамды жұмыспен қамту талабы да бар.

Жергілікті "УК-ньюс" сайтының мәліметінше, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстанға сапарлап келгенінде осында тоқтап жүруі мүмкін. Кейінгі жылдары блогерлер бұл жер облыстың бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің "жеке демалыс орынына айналды" деп те дабыл қаққанын жазады басылым. Бірақ мұны Ахметовтің өзі жоққа шығарып, нысанда балалар демалады деген.

Бұл жерді Arbat media басылымы да "Назарбаев резиденциясы" деп атайды. Ал "Рател" сайты "президент резиденциясы" дейді. Алайда облыс әкімдігі нысан "президент резиденциясы" емес, "Сол жағалау профилакторийі" деп мәлімдеген.

Ал шын мәнінде бұл "сауықтыру кешеніне" кімдер барғанын тәуелсіз деректер арқылы анықтау мүмкін емес. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аталмыш нысанға аэромассаж, гидромассажы бар SPA-бассейн салу жөнінде тендер жариялаған болатын. Бұл бастама қоғам белсенділері тарапынан сынға қалған. Журналист Денис Данилевский сол жылы нысанды халықты емдейтін шипажайға айналдыру жөнінде талап қойып, облыс әкімдігіне хат жолдаған. Бірақ оның талабы орындалған жоқ.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда "президент резиденциясы" деп аталып келген нысандар қоғам иелігіне беріле бастады. Мәселен, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбедегі резиденцияларын балабақша немесе балалар лагеріне айналдыруды тапсырған.


Рекомендовать
Последние новости