Назарбаев пен Құлыбаевтың кесірінен халық 10 сотық жер ала алмай жүр - депутат Саиров

Dalanews 24 авг. 2022 12:24 780

Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кезінде Кеңес төрағасы Ерлан Саиров айтты. 

«Қазір ел-жұрттың бүгінгі жағдайына назар аудару керек. Инфляция деңгейі өте жоғары. Халық кедейленіп барады. Жанар-жағармай бағасы шарықтап, солярканың литрі 450 теңгеге жетті. Қарапайым шаруа қалай күн көреді?

Өткен билік кезіндегі ығайлар мен сығайлардың жемқорлық, протекция істерінен сабақ алуымыз керек.

Болат Назарбаев есімді азамат 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтан қалаларында коттедж қалашығын және әкімшілік ғимарат пен базар салуға 240 гектар болатын 59 жер телімін алған деген ақпарат бар. Бұл кісінің фамилиясына берілген құжаттар менің қолымда.


Аталған жер телімдерінің бағасы нарықта жүздеген млн доллар тұрады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2 млн азамат 10 соттық жерді ала алмай телміріп жүр.

Бұл неткен әлеуметтік теңсіздік? Конституциядағы теңдік принциптері қайда? Осындай жағдай халықтың ашуын туғызатыны сөзсіз. Мұндай бұраудың міндетті түрде сұрауы болады», - деді Ерлан Саиров.

Ол осы мәселені партия жанынан құрылған кеңес нақтылауы керек екенін айтып, тапсырма берді.

«Кеңес аппаратына осы мәселемен айналысуды тапсырамын. Болат Назарбаевпен қатар, Тимур Құлыбаевтың да Қазақстанның әр жерінде иемденіп алған жерлері бар. Соны да тексеру керек»,- деді Мәжіліс депутаты.

Рекомендовать
Последние новости