Назарбаев: «Әр балаға 21 мың теңге төленсін, халық ары-бері шапқыламасын!»

Dalanews 27 февр. 2019 06:39 796

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды. 

– Тұрмысы төмен азаматтарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету керек. Әр қазақстандық отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санаймын, – деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясының сьезінде.

Оның айтуынша, елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді.

– Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек. Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс.

Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы баласы бар отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын.

Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді, – деді Назарбаев.

 

Рекомендовать
Последние новости