Сапархан Омаров: «Мінберге бірінші рет шығып тұрмын»

Dalanews 27 февр. 2019 04:20 892

Үш жыл депутат болған Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалуына байланысты депутаттық өкілеттілігін мерзімінен бұрын босатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжілістің жалпы отырысында орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов Сапархан Омаровтың заңды түрде депутаттықтан кетіп жатқанын атап өтті.

Кейін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин экс-депутатқа жаңа қызметінде сәттілік тілеп, оған алғыс хат табыстады.

– Сапархан Кесікбайұлы, сізге осы парламентте бірлесіп атқарған жұмыс үшін әріптестеріміздің атынан алғысымды білдіремін. Мәжілістің аграрлық комитетін басқарып, көптеген маңызды заңдарды қабылдауға зор үлес қостыңыз. Енді ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалып отырсыз. Өте жауапты жұмысқа барып отырсыз, сізге зор табыстар тілейміз, – деді ол.

Осы орайда Сапархан Омаров мәжіліс мінберіне шығып, сөз сөйлеуге ниет білдірді.

– Мен оған заң жобаларымен мәжіліске жиі келіп тұрасың дедім. Сондықтан осы мінберге үйреніп кел, – деді мәжіліс төрағасы жаңа ауыл шаруашылығы министіне қалжыңдап.

– Мінберге бірінші рет шығып тұрмын. Осында тұрып, біріншіден Елбасының сенім артқанына рахмет айтқым келеді. Екіншіден, Нұрлан Зайроллаұлы, менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін үлкен алғыс айтамын. Осында 3 жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Заң шығару жұмысында сіздерден көп нәрсе үйрендім. Енді заңды оқып қана қоймай, оны түсінетін жағдайға жетіп отырмын. Сіздердің қолдаудаларыңызбен ауыл шаруашылығын дамыту үрдісінде жұмыс істей беремін. Сіздерге рақмет, – деді Сапархан Омаров.

Рекомендовать
Последние новости