Министрлерді тізіп қойып, жұрттың көзінше жекитін әдет Тоқаевқа жат - сарапшы

Dalanews 20 мая 2022 15:50 797

Тоқаевтың экс-кеңесші, экономист Олжас Құдайбергенов Мемлекет басшысының мадақ пен мақтауға мұхтаж емесін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Президент Елбасы титулына мұқтаж емес. Өзінің тұлғасын ұлықтауды қажет етпейді. Мақтау мен мадақ тілемейді.

Президенттің туған күнінде ұлан-асыр той жасаған жоқпыз. Әдепкі жұмыс күніне ұқсас, тыныш, елеусіз жағдайда өтті. Ешкімге демалыс берілген жоқ, ешкім арқаны кеңге салмады. Ешкім әуре-сарсаңға түскен жоқ.

Президенттің туған күнін қала күнімен астастырып атап өтетін дәуір келмеске кетті. Тоқаевтың портретін қабырғаға, қала көшелеріне ілу туралы бұйрық түскен жоқ", – дейді Олжас Құдайбергенов.

Оның айтуынша Тоқаевтың өркөкірегі жоқ, қарамағындағы қызметкерлермен өктем сөйлеспейді, сыпайылық сақтайды. Оның ішкі және сыртқы мәдениеті бөлек. Адамға кектеніп, зілденіп қарамайды.


"Бір кездегідей үкімет мүшелерін қаздай тізіп қойып, елдің көзінше зіркілдеп, керек десеңіз кемсітіп сөйлейтін сырт көзге сүйкімсіз әрекеттер келмеске кетті. Тоқаев министрлердің кемшілігін көрсе, жұрттың көзінше жекімейді, сынаса да шектен шықпайды. Шендінің жұмысындағы олқылықтарды жеке жүздескенде ғана бетіне басады. Жұмысын түзеу туралы қатаң талап қойып, белгілі бір мерзім береді.

Тоқаевтың тұсындағы Жаңа Қазақстанда барлық шенеуніктерге бағдар болатын жаңа саяси этика қалыптасады деп сенеміз. Бүгінгі саяси элита Тоқаев қалыптастырған жаңа мәдени құндылықтарға тезірек төселуі тиіс", – дейді сарапшы.

Рекомендовать
Последние новости