Министр Райымқұлова? Ол отставкаға кетуі тиіс – Арыстанбек Мұхамедиұлы

Dalanews 11 авг. 2021 08:46 807

Арыстанбек Мұхамедиұлы Токидағы сәтсіздікке қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тікелей жауапты екенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Арыстанбек мырзаның аргументі “министрлікте жиі-жиі ауыс-түйіс болды, ведомствода спорттан мақұрым мамандар отыр” дегенге саяды. 

Ал Райымқұлова батылы барып, отставкаға кету туралы арыз жазуы қажет-ақ. Өмір өз арнасымен аға бермек, отставка министрдің тағдырына теріс етеді деп ойлау ағаттық.  

Осы төңіректегі әңгіменің тиегін ағытып, “Жетінші арнаға” жеті минуттық сұхбат берген Мұхамедиұлы өзінің тұсында мұндай нашар нәтижеге жол бермегенін айтып, өткен-кеткенді қозғаған екен.  

Айтуынша, Токиодан оралған ұлттық құраманың көрсеткішіне күллі елдің көңілі толмайды. Спортшылардың ұдайы жеңілісінен кейін жанкүйерлер де жасып қалған. Алтын алады-ау деген талай тарланбоздың тауы шағылғаны осы салаға күрделі реформа керектігін аңғартып отыр. 

Алтын пен күміске таласатын потенциалымыз бола тұра, қола медалға қуанғанымыз құлдыраудың белгісі. 

Сөй деген Мұхамедиұлы өзінің тұсында мұндай ұятты жағдайдың болмағанын еске салыпты.


“Осыдан төрт жыл бұрынғы аламанда талайдан оза шаптық. Алтынды да алдық, күміс те көрдік. Тіпті қоланы қомсынған жағдайға жеттік. Рио Олимпиадасында 10 спортшымыз қола жүлдегер атанды, 5 спортшымыз күміспен күптелді. Күміс алғандар күшеніп жіберсе алтын алған болар еді”, – деп ағынан жарылды Арыстанбек мырза. 

Ал бұл жолғы сәтсіздіктің себебі неде немесе кімде? Мұхамедиұлы мұны министрліктегі кадрлық ауыс-түйістен көреді. Әйтпесе спортшылардың дайындығында кінәрат жоқ. Токиода қанжығаны майлап қайтарына сенімді болған. Тек...  

“Олимпиаданың қарсаңында министрліктегі спорт саласына жауапты үш бірдей вице-министр апыл-ғұпыл ауысты. Елдегі бокс пен күрес спортының ахуалымен жақсы таныс Елдос Рамазановты орнынан босатып, Сәкен Мұсайбековты тағайындады, артынша бұл қызметке Ерлан Қожағапанов келді.

Спорт комитетінің төрағасы, даңқты боксшы Серік Сәпиевті Олимпиадаға небары алты ай қалғанда декреттік демалысқа жіберді. Серікті тіпті қызметінен босатпақ болған.


Оның орынбасары болған Серік Жарасбаев Токиоға санаулы күндер қалғанда ойламаған жерде қызметінен кетті. Әйгілі “Тур де Франс” веложарысында 7-ші орынға іліккен Алексей Луценконың ұстазы, танымал спортшы Александр Винокуровты саладан шеттетіп жіберді” , – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Экс-министр мұны қазіргі министрге бағыттап айтқаны анық. Райымқұлованың айыбын жіпке тізген Мұхамедиұлы тілінің ұшында тұрған отставка туралы әңгімені ақыры айтыпты. 

“Олимпиада нәтижесіне күллі ел куә. Осыдан кейін министр Райымқұлова қызметінен кетуі қажет пе?” деген тілші сауалы отқа май құя түскен екен. 

Мұхамедиұлының пікірінше, отставка белгілі бір министрдің саяси мансабына нүкте қойғанды білдірмейді, одан кейін де өмір бар.  

 “Өз еркімен орнынан кеткен талай министрді білемін. Жер дауы ұлттық наразылыққа ұласқан тұста сол кездегі Экономика министрі Ерболат Досаев Назарбаевқа арыз жазып, отставкаға жіберуін өтінген. Ол бұдан ұтылған жоқ.

Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысында – жеңіс пен жеңіліс итжығыс түсіп жатады. Жетістікке жетсең, үздіксің, жеңімпазсың. Ал егер нәтижең нашар болса, ол жағы түсінікті...”, – деп бұлыңғырлау жауап қатқан екен экс-министр.

“Ақтоты Райымқұлова отставкаға кетуі керек пе?” деген сауалды қайтара қойған тілшіге: “Міндетті. Жауапкершіліктен қашпауы тиіс”, – деп жауап қатты Мұхамедиұлы.

Айта кетелік, Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 қола медалды місе тұтып, жалпыкомандалық тізімде 83-ші орын алды. Бұл осыған дейін өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының ең нашар көрсеткіші.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдардың аралығында Мәдениет және спорт министрлігін басқарды.

https://www.youtube.com/watch?v=w0Db26UVuSg

 

Рекомендовать
Последние новости