Министр Нұрымбетов: "Халықтың әдемі қартаюға ақшасы жетпейді"

Dalanews 17 февр. 2020 13:33 859

Жұрттың жағдайын жақсартар шара қабылдамаса, баяғы жартас, сол жартас күйінде қала бермек. 




Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов халықтың қарттықты лайықты қарсы алуға ақшасы жетпейтінін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

- Өкінішке орай бүгінгі зейнетақы жүйесі қарттықты уайымсыз-қамсыз қарсы алуға кепілдік бере алмайды. Бұл жүйені тез арада өзгерту керек. Қазірде зейнетақы жүйесінен шамамен 212 мың адам зейнетақы алады, төлемнің орта мөлшері 21 мың теңгенің төңірегінде. 22 жылда жұрттың жиған-тергені 10,8 трлн теңгені құрады. Орта есеппен бір салымшының жинағы 1 млн теңгеден аспайды, – дейді министр Нұрымбетов.

Айтуынша бүгінгі зейнетақы жүйесінің көзге ұрып тұрған үш кемшілігі бар.  


– Біріншіден, жұмыс істейтін жұрттың табар табысы төмен. Екіншіден, зейнетақы салымын төлеудегі тұрақсыздық, соның салдарынан салым төлеу міндеттемесі бойынша қарыз жиналып қалады, жұмысқа келісімшартсыз орналасу дағдысынан да әлі арылған жоқпыз. Үшіншіден, зейнетақы активтерінің табысы төмен, – дейді министр. 

Бұдан бөлек ол Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп "салымшылардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында аталған жүйені модернизациялау" жұмысы жүргізілетінін айтты. 

Соның негізінде жұрт зейнетақы жинағының бір бөлігін нақты мақсатқа жұмсай алады. Бұл бастаманы президент Тоқаев та қолдап отыр. 


– 2020-2024 жылдың аралығында зейнетақы жүйесіндегі олқылықтарды түзейтін боламыз. Осы мақсатта Жол картасын әзірлеу үстіндеміз, – дейді министр Нұрымбетов. 

Рекомендовать
Последние новости