Мухоряповтың пікірінде шовинизм белгілері бар ма – заңгер жауабы

Dalanews 20 окт. 2022 13:04 869

Chocolife басшысы Рамиль Мухоряпов Қазақстанға келген ресейліктермен кездесу өткізіп, онда қазақ тіліне қатысты халықтың ашуына тиетін пікір білдірген еді.

Бұл видео әп-сәтте әлеуметтік желіге тарап, қазақстандықтар  Chocolife компаниясының қызметін пайдаланбауды ұсынып әрі Мухоряповтан ел алдында кешірім сұрауды талап етті.

Ол өз пікірінде қазақ тілінде сөйлесуді мәдениетсіздік санайтынын айтып, «адам орыс тілін расымен білмесе, жарайды. Қазақша сөйлеу — ұлтшылдықтың көрінісі, мәдениеттің белгісі емес. Достар, мен қазақ тілін құрметтеймін, Қазақстан – менің Отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінгендеріңізді қалаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын» деп көлгірсіген.

Алайда, бұдан кейін көзі ашық қоғам өре түрегеліп, жан-жақтан ақпараттық шабуыл жасады. Тіпті, ұялы телефондарынан Chocolife компаниясының қосымшасын өшіріп, байкот жариялап жатыр.

Ол ол ма, Мухоряповтың үстінен арыз түсіргендер де бар.

Мәселен, репликаның заңды бұзатынын-бұзбайтынын тексеру бойынша прокуратураға арыз түсірген белгілі журналист Айбар Олжай «Жаңа Қазақстанның» түпкілікті идеясы – заң аясындағы әділетті қоғам құру екенін айтып, «Рамиль Мухоряпов заңды бұзды ма? Басты сұрақ осы. Оған тек қана құзырлы орган арнайы тексеруден кейін жауап бере алады.

Бірақ ол үшін азаматтық қоғам құзырлы органға жүгінуі тиіс.

Осындай, тек заңдық, конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін прокуратура ресми жауабын жібереді», – деді ол.

Қоғам белсенділері мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Танымал адвокат Ләззат Ахатова Dalanews.kz тілшісіне берген жауабында Мухоряповтың үстінен бір адам ғана емес, қоғам болып арыз түсіру керектігін жеткізді.

Ләззат Ахатова, адвокат:


Мухоряповтың пікірі бойынша әкімшілік іс те қозғауға болады


– Ләззат Кендебайқызы, Мухоряповтың ресейліктермен болған кездесуде айтқан пікірінде шовинизмнің белгілері бар ма?

– Меніңше, шовинистік көзқарас пен пиғыл анық көрініп тұр. Менмендік, мәдениетсіздікті өзі көрсетті. Қазақстанда тұрып, қазақ тілін сыйламады.

Шынтуайтына келгенде, оның тауып отырған табысы қазақстандықтардың арқасында келіп отыр. Қазақ аудиториясының ақпараттық шабуылы әжептәуір соққы болды деп ойлаймын.

Журналист Айбар Олжай прокуратураға арыз түсіріпті, Дәулет Мұқаев та шабуыл жасапты.

Ертең мен де Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша арыз түсіремін. Мұнда әкімшілік іс те бар.


Ол алауыздық тудырып отыр. Бір адам емес, қоғам болып кірісуіміз керек. Ресми арызға ресми түрде жауап береді деп ойлаймын.

– Іле-шала Chocolife басшысы Рамиль Мухоряпов кешірім сұрады. Осы бізде кешірім сұрай салу әдетке айналған жоқ па?

– Кешірім сұраған бейнежазбасын көрдім. Біреу қазақша шала-шарпы жазып берсе керек. Соны оқып берген сияқты. Міндетті түрде жазаға тартылуы керек. Бәлкім, үлкен мөлшерде айыппұл салу керек пе? Мұндайлар қалтасына салмақ түссе ғана ойланады.

Қазақтілді аудитория телефондарынан қосымшасын өшіріп тастап, қаншама адам байкот жариялады. Өте дұрыс! Тәубесіне түсті ғой. Кешірім сұрағанының өзі соны білдіреді.

Бұлар әбден басынып алған. Осындайда өзіміздің мәңгүрт қазақтарға өкпелеймін. Кейде өз тілімізді өзіміз сыйламаймыз. Қазақша сөйлесең, орысша жауап береді.

Содан кейін Мухоряпов сияқтылар «Қазақтың өзі ана тілін сыйламай жатса, бізге не керек?» демей ме? Ұлтжандылық жетіспейді бізге.


Егер қайда жүрсек те, қазақ тілін бәрінен биік қойып, өз тілімізді қадір тұтсақ, ешкім басынбайтын еді. Сол Мухоряпов басқа елде солай айтып көрсінші!? Біз тек айтып қана қойсақ, «Бұлар шулап-шулап қояды» дейтін еді.

Шағым, арыз түсіріп, қосымшасын жойып тастап едік, қалтасына салмақ түсті. Қомақты табысынан айрылды. Қаржылық соққы болды.

 P.S. Басы дауға қалған Рамиль Мухоряпов әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан кешірім сұраған видео жүктеді. Бәлкім, ол кешірім сұрап, мәселе жылы жабылды деп ойлайтын шығар. Алайда, Бас прокуратура заң нормалары бұзылды ма, жоқ па, жіті тексеріп дүйім жұртқа жария етуі тиіс. Ал заң бұзылса, жауапкершілік күтіп тұр. 

Егер Мухоряпов сияқтылар «аңдамай сөйлеген ауырмай өлетінін» біліп жүрсе, келесіде әлгіндей пікірді ойланып айтар еді.    

Рекомендовать
Последние новости