"Мұны қалай түсінуге болады?": Судья Бишімбаевтың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады

Қаракөз Амантай 08 апр. 2024 12:04 3034

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі жалғасуда. Бүгін айыпталушы тарап соттан Салтанат Нүкенова жазған мәлімдемені іс материалдарына қосуды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бишімбаевтың адвокаттарының бірі Ерлан Ғазымжанов Салтанат Нүкенованың жазған мәлімдемесін оқыды.

"Ол (Салтанат) оған өтініш жазған. Мұнда ол сенімді қалпына келтіруге уәдесін берген. Атап айтқанда, қойын дәптерде Нүкенованың өз қолымен жазған жазбасы бар", - деді Ғазымжанов.

Осы тұста сотталушының қорғаушысы келесі мәтінді оқыды:

"Мен, Салтанат Нүкенова, Қуандықтың сенімін қалпына келтіруге және оны қызғанбауға уәде беремін. Психологқа үнемі барып тұруға, өзіммен және сенімділігіммен жұмыс істеуге уәде беремін. Шынайы боламын, Қуандықты сыйлаймын және айтқанын екі етпеймін. Отбасының ошағын қорғайтын аяулы да қамқор жар боламын. Ант беремін, балағат сөз айтпаймын. Олай болған жағдайда, түсіністік танытып, бірден өзімді қолға аламын. Оның пікіріне және маған жақсылық тілейтініне сенемін. Сүйікті Қуандығыма қамқорлық жасауға, оны құрметтеуге, әрқашан қолдау көрсетуге міндетті  боламын. Қуандықпен бірге намаз оқып, сана-сезіміммен жұмыс істеймін.  Рухани өсемін әрі Аллаһтың қалауымен отбасымызды және махаббатымызды сақтап қалуға тырысамын".

Бишімбаевтың адвокаттары Салтанат Нүкенова жазған бұл хат Бишімбаевтың азаптауын жоққа шығарады деп есептейді.

Алайда хат мәтіні судья Айжан Құлбаеваны таңғалдырды және ол адвокаттарға сұрақ қойды.

"Ары қарай жалғастырмас бұрын бір сұрақ қойғым келеді: күйеуіне мұндай міндеттемені әйелі жазады ма? Мұны қалай түсінуге болады? Мен әйелдің күйеуіне осылай жазғанын бірінші рет көріп тұрмын", - деді Құлбаева.

Қорғаушы тарап соттан хатты іс материалдарына қосуды сұрады. Бишімбаев бұл өтінішті қолдады, ал екінші сотталушы Бақытжан Байжанов шешімді сотқа қалдырды.

Зардап шеккен тараптың адвокаты Игорь Вранчев өзінің ішкі күйін жасыра алмады.

"Құрметті сот, адвокат Ғазымжанов айтқандай, біз әйелдің күйеуіне өтініш жазғанын байқадық. Басты сот процесі аяқталғанша Салтанат Нүкенованың тағы бір мәлімдемесі пайда болса, таңғалмаймын.  Бәлкім, бірден сотқа және алқабилерге барлығына әжетхана кінәлі деп жүгінген шығар", - деді Вранчев.

Судья Құлбаева аталмыш мәлімдемені іс материалдарына енгізуге рұқсат бермеді.


Рекомендовать
Последние новости