Ұлттық Банк 2024 жылдың қараша айындағы Ақша-кредит саясаты туралы кезекті құжатты жариялады. Мұнда ел экономикасының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері нашарлау тұрғысында қайта қарастырылған. Реттеуші орган инфляциялық факторларға байланысты базалық мөлшерлемінің жоғары деңгейі ұзаққа сақталатынын,ал мұнай бағасының төмендеуінен ЖІӨ өсімі баяулайтынын болжайды, деп жазады Dalanews.kz.
ИНФЛЯЦИЯ
Ағымдағы инфляция динамикасы Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес қалыптасып
келеді, бірақ инфляцияны 5% деңгейіндегі мақсатқа тұрақты төмендету траекториясынан
ауытқу белгілері байқалып отыр.
Құжатта көрсетілген деректерге сәйкес, экономикадағы инфляциялық қысымның сақталуы мына факторлармен байланысты:
- өсіп жатқан фискалдық ынталандыру көлемі,
- ТКШ реформасы аясындағы тарифтердің өсуі,
- сыртқы инфляциялық қысым,
- жоғары инфляциялық күтулер.
"Жоғары ішкі инфляциялық факторлардың сақталуы және сыртқы алғышарттардың күшеюі
жағдайында 2025-2026 жылдарға арналған инфляция динамикасы бойынша болжамдар
сәл жоғары қарай қайта қаралды. Дегенмен, орташа қатаң ақша-кредит саясатының жүзеге асырылуына байланысты уақытша факторлардың әсерінен тазартылған базалық инфляция (тоқс./тоқс., SA) 2026 жылдың соңына қарай 5%-ға дейін баяулайды, бұл 2027 жылы жылдық инфляцияның мақсатты деңгейіне жақындауына ықпал етеді.
Осылайша: 2024 жылы инфляция 8-9% деңгейінде, 2025 жылы – 6,5-8,5% аралығында, 2026 жылы – 5,5-7,5% шегінде, 2027 жылы 5%-ға жақындайды деп болжануда", делінген Ұлттық банктің жаңартылған Ақша-несие саясаты туралы тоқсан сайынғы баяндамасында.
2024 жылға арналған инфляция бойынша болжам 8-9%-ға дейін нақтыланды. 2025 жылы
фискалдық импульстің және басқа факторлардың күшеюіне байланысты инфляцияның 6,5-8,5% аралығында жоғары деңгейі күтілуде. 2026 жылы орташа қатаң ақша-кредит саясаты бағаның өсуін 5,5-7,5% дейін баяулатуға ықпал етеді. Жалпы инфляция 2027 жылы мақсатқа жақын қалыптасады деп күтілуде.
Инфляцияның негізгі тәуекелдері ішкі сұраныстың артуымен, сыртқы инфляциялық
қысыммен, реттелетін бағаның өсуімен және бюджет тапшылығын жабудағы белгісіздікпен
байланысты.
БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін
көтеру туралы шешім қабылдады. Шешім инфляция мен экономикалық өсудің
жаңартылған болжамдарын, сондай-ақ нақты деректер мен тәуекел балансын талдауды
ескере отырып қабылданды.
"Тек 2025 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме 13,75% деңгейінде қалыптасуы мүмкін (алдындағы болжамда 11,9% деп көрсетілген)", делінген құжатта.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ немесе ЖІӨ
Экономиканың 2024 жылға арналған өсу болжамы 4-4,5% деңгейінде нақтыланды. 2025-2026 жылдары ЖІӨ өсімі бойынша күтулер өткен болжаммен салыстырғанда өзгерістерге
ұшырады. Экономикалық белсенділіктің өсуі 2025 жылы 4,5-5,5%, 2026 жылы – 4,6-5,6%, 2027 жылы – 3,3-5,3% диапазонында болады деп болжануда.
"Экономикалық белсенділіктің өсуі 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында
айтарлықтай баяулаудан кейін (алты айдағы өсім 3,2%) үшінші тоқсанда жылдамдады,осылайша тоғыз айдағы ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. 2024 жылдың екінші тоқсанындағы белсенділіктің баяулауына негізгі себеп үй шаруашылықтарының тұтынуының шамалы төмендеуі, жалпы қорланым динамикасындағы теріс үрдіс және мемлекеттік басқару органдарының тұтынуының нашарлауы болды. Соған қарамастан, үй шаруашылықтарының сұранысы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болып қала береді және экономикаға инфляциялық ықпалын тигізуді жалғастыруда. Жыл соңына қарай ЖІӨ өсімі ішкі сұраныстың арқасында ағымдағы қарқынын сақтап, 4-4,5% аралығында қалыптасады деп күтілуде", - дейді Ұлттық банк өз болжамында.
2024 жылдың төртінші тоқсанында мұнай өндірісінің қысқаруына байланысты экспорт өсімі
біраз баяулайды деп болжануда. Осылайша, ішкі сұраныс динамикасының біртіндеп
жеделдеуі мұнай секторының нашарлауымен ішінара өтеледі. Нәтижесінде, биылғы жылға
арналған болжам 4-4,5% деңгейіне дейін тарылды.
"2025-2026 жылдарға арналған ЖІӨ өсімі болжамы төмендетілді. Бұл мұнай бағасының сценарийлік төмендеуіне, сондай-ақ тұтынушылық несиелеу өсімінің біршама баяулауына байланысты ішкі сұраныс динамикасының қысқаруымен түсіндіріледі. Соған қарамастан, ішкі сұраныс болжамдық кезеңнің барлық мерзімінде фискалдық ынталандыру аясында әлеуетті деңгейден жоғары қарқынмен өсіп, инфляциялық сипатқа ие болады".
МҰНАЙ
"Экономиканың даму перспективалары әлемдік мұнай нарығындағы артық ұсынысқа қатысты алаңдаушылықты меңзей отырып,төмендеу үрдісін көрсетті. "2024 жылғы қараша" болжамды раундының базалық сценарийі аясында әлемдік мұнай нарығындағы теңгерімсіздік жағдайында ортамерзімді перспективада мұнай бағасы баррель үшін 70 АҚШ долларға дейін төмендейді деп күтілуде",делінеді құжатта.
Төменде Ұлттық банктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша пессимистік және оптимистік сценарий бойынша болжамдар кестесін ұсынып отырмыз: