Мөлдір Ыбыраймыова: «Карантин кезінде қарым-қатынасты нығайту маңызды»

Dalanews 18 мая 2020 09:10 887

Қазір короновирус әлемді құрсауында ұстап тұр. Дүниежүзі елдері карантин жариялап, сақтық шараларын күшейтуде. Адамзат баласы үлкен психологиялық жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Адамдар үйде отырып, қашықтан жұмыс істеп, білім алуға дағдылануда. Десекте дамыған технологияның көмегімен қашықтан қарым-қатынас орнату адами қасиетке жетпейтіні белгілі. "QOLDA" жедел көмек көрсету жобасы қолға алынып, карантин кезде елге қолдау керсетілуде. Жобаның мақсаты індетті бірлесіп еңсеру жолында жұмыс істеп жатқан ұйымдардың жұмысын насихаттау болып табылады. Бұл істен Dalanews.kz ақпарат агенттігі де шет қалған жоқ.  Осы ретте сайт тілшілері қазақ қоғамының карантинді қалай қабылдағынын білу үшін Талдықорған қаласындағы «Демеу» психологиялық орталығының жектекшісі, білікті психолог маман Мөлдір Ыбыраймыовамен сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойып, тұщымды жауап алған едік. Енді сол сұхбатқа назар аударсаңыздар.

– Мөлдір ханым, өзіңіз жетекшілік жасайтын «Демеу» психологиялық орталығы Талдықорған қаласындағы жұртқа танымал орталық екенін білеміз. Атқарып жатқан жұмыстарыңызды ұдай әлеуметтік желіден бақылап отырамыз. Карантин кезінде халыққа психологиялық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсеттіңіздер. Осы қолға алынған іс-шаралар жайында кеңірек айтсаңыз?

–  Біздің орталық әлеуметтік желілердің көмегіне сүйеніп, онлайн-форматта бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бұдан басқа, Талдықорған қаласы мен оның айналасындағы аудан-қалалардағы қыз-келіншектердің басын қосып, рухани кештер ұйымдастырды. Карантин кезінде осы бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпай, онлайн форматта жұмыс істеп, халықпен арадағы байланысымызды күшейте түстік.

Жалпы, қазақ қоғамында әйел азаматшаларға жауапкершілік жүгі көп түсетіні жасырын емес. Қазіргідей дамыған заманда әйелдердің күнделікті күйбең тіршілікпен қазан-ошақтың басында күнін өткізуі қазақ қоғамының дамуына белгілі дәрежеде тежеу болатыны жасырын емес. Бүгінде бала тәрбиесімен көбінде отбасындағы аналар айналысады. Ал аналарымыздың көзі ашық, көкірек көзі ояу болса, саналы ұрпақ көптеп өсіп, алға жылжитыны анық.

Сол себепті «Демеу» орталығы бірінші кезекте отбасы құндылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп, отбасындағы әйелдермен екі жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Алматы облысындағы мыңнан астам қыз-келіншектерге түрлі психологиялық кеңестер беріп, олардың өмірге деген құлшынысын арттырып келеміз.


Жетісу жерінде өмір қиындықтарына мойымайтын, кез келген ауыртпалықты жеңіп шығатын, психологиялық тұрғыдан жан-жақты қаруланған қыз-келіншектер шоғырын қалыптастыру – басты мақсатымыз.

Бірден айтымыз керек, біздің орталық ұйымдастырған іс-шараларды Жетісудағы нәзік жандылар айрықша ықыласпен қабылдады. Осы жүйелі жұмыстарымыз Төтенше жағдай мен карантин кезінде үзіліп қалмауы үшін «Өмірге иә деп айт» деп аталатын мотивациялық марафон семинарларымызға қатысушылардың 80 пайызы тегін қатысты. Өйткені карантин кезінде көптеген адамдар жұмысын тоқтатып, тұрақты табысынан айырылды. Осындай қиын кезеңде мотивациялық семинар-тренингтеріміз әйел азаматшаларға күш-қуат беріп, жаңа өмірге бейімделуіне мүмкіндік сыйлайтынын түсініп, осындай қадамға бардық.

Бұдан басқа, «Демеу» орталығының жұмысына белсене араласып жүрген демеушілеріміз әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық тұрғыдан көмек көрсетті. Жалпы, демеушілеріміз карантинге дейін де жұртқа көмек көрсетіп келеді. Ал төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгеннен кейін бұл бағыттағы жұмыстарымыз жандана түкенін атап айтуға болады.

– Сонда сіздерге қандай да бір компаниялар тұрақты түрде қолдау көрсете ме?

– Жоқ. «Демеу» орталығына ешқандай компания көмектеспейді. Біздің қатарымызда тұрмыстық жағдайы оң шешімін тапқан, шағын кәсіптерін дөңгелетіп отырған әйел азаматшалар бар. Сондай жандар өздерін рухани тұрғыдан кемелдендіру үшін біздің іс-шараларымызға белсене қатысып, тұрмысы төмен жандарға шамаларына қарай заттай, ақшалай көмек көрсетеді. Егер алдағы уақытта қандай да бір компаниялар бізбен бірге тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуге ниет танытса, оған қарсы емеспіз.

– Түсінікті. Көмек-қолдауларыңыз жайында кеңірек айтсаңыз?

– Біздің қоғамда мүгедек балаларды тәрбиелеп, тәулік бойы оларға қарап отырған аналар бар. Олар бір сәтке үйден шыға алмаған соң, өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезіне алмайды. Керек десеңіз, дәл осындай аналардың арасында екінің бірі баратын тойға бара алмайтын жандарды да кездестірдік. Рухани кештерге мүгедек балаларды бағып-қағып отырған сондай аналарды шақырып, қолдау көрсетудеміз. Арамыздан шыққан 20 демеуші аналарымыз 100-ге жуық келіншекке материалдық сый-сияпаттарын ұсынғанын айта кетуіміз керек.

Қолы ашық, мейірімді жандар карантин кезінде де өздері көмек көрсетіп жүрген отбасыларынан қолдау-көмегін аяған жоқ.

Бұдан бөлек, «Демеу» психологиялық орталығының белсенділері бас біріктіріп, жеті отбасына бір айға жететін 35 мың теңге көлемінде азық-түлік себетін тараттық. Карантин кезінде кейбір отбасыларда қарапайым смартфон телефоны болмағаннан кейін балалары онлайн сабаққа қатыса алмай отырғанын білгеннен кейін демеушілеріміз оларға телефон алып беріп, балалардың білім алуына мүмкіндік жасады.


Жалпы, демеушілеріміз карантин кезінде шамалары жеткенше қаржылай көмек көрсеткенін айтқым келеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы көмек-қолдауларымыз жалғасын табатын болады.

– Бүгінде коронавирустан кейін әлемнің үлкен өзгерісті бастан кешетіні жайында көп айтылуда. Халықпен жұмыс істеп жүрген психолог маман ретіндей айтыңызшы, қазақ қоғамы осы «үлкен өзгеріске» қаншалықты дайын?

– Иә, қазір «үлкен өзгерістің» басталғанына куә болудамыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та өмір тудырған жағдай өз дегенін істейді. Иә, адам баласы өзінің қалыпты өмір-тіршілігінің өзгеруінен қорқатыны анық. Бірақ әлем қабылдап жатқан «үлкен өзгеріс» біз ойлағандай қорқынышты емес. Осы ретте біздер үкіметтік деңгейде қабылданған шаралардың бәрі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған шаралар екенін түсінуіміз керек.

Әрине, кез келген өзгерістердің салдары болатыны белгілі. Айталық, онлайн білім алу саласы, белгілі бір уақытқа дейін білімнің сапасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Бірақ кез келген оқушы мұның қажетті іс-тәжірибе екенін түсінгеннен кейін, онлайн оқу балаларымыз үшін әдепкі дүниеге айналып кететініне сенімдімін.

Жалпы, бұған дейін де біздің ата-аналарымыз жоғары оқу орындарында сырттай білім алып, өз саласының білікті маманы атанды ғой. Ал қазіргідей цифрлы технологиялар дамыған заманда қашықтан білім алып, жұмыс істеу өзінің тиімділігін көрсетуде. Уақытыңызды үнемдейсіз. Осы тұрғыдан алғанда адамзатты алға жетелейтін бастамалардан қазақ қоғамы сырт қалмауы керек деп есептеймін.

– Демек, еліміздің жаңа өзгеріске ілесуіне аз-кем уақыт керек қой?

– Дұрыс айтасыз. Төтенше жағдай жарияланған кезде әлеуметтік желіде әртүрлі әңгімелерді оқып, естідік қой. Мұндай әңгімелердің бәрі қауіптенуден, қорқудан, сенімсіздіктен туындағаны анық. Айталық, 42500 теңгеге қатысты қаншама әңгіме айтылды. О баста жұрт Үкіметтің мұншама ақшаны беретініне сенімсіздікпен қарады. Түрлі әңгіме айтылды. Бірақ мемлекеттік көмек қаржысын алуға тиіс адамдар алды.

Қаңқу сөздердің айтылуына 42 500 теңгені беру жүйесінің біразға дейін созылып, дайын болмауы себепші болды. Осы ретте халық пен билік арасында сенімсіздік бар екенін байқадық. Алдағы уақытта осындай келеңсіз жайттарды жойып, бәріміз ортақ мақсатқа жұдырықтай жұмылып кіріскенде жеңіске жететініміз анық.


– Мөлдір ханым айтыңызшы, осындай өліара кезде не істеу керек?

– Ең бастысы, адамдар бір-бірімен арадағы психологиялық қарым-қатынасын жоғалтпауы керек деп есептеймін. Бүгінде адамдар арасындағы қарым-қатынасқа бар дүние байланған. Ғаламдық масштабтағы экономикаңыз да, мәдениетіңіз де адами қарым-қатынассыз бір қадам да алға баспайды. Сол себепті дәл осындай қиын кезеңде қарым-қатынастарыңызды жоғалтып алмаңыздар деп кеңес берер едім.

Айталық, қазір жұрттың бәрі үйде. Мұндай жағдайда келін мен ененің арасында жағдай ушығуы мүмкін. Тіпті күні бойы түзде жұмыс істеп, отбасын асырайтын ер-азаматтар қазір карантиннің кесірінен үйден шыға алмауда. Осындай кезеңде біздер отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты әлсіретпеу үшін қыз-келіншектерге ақыл-кеңесімізді айтып жатырмыз.

– Сіз карантинге дейін де, карантин кезінде де халықпен тығыз жұмыс істедіңіз. Карантин кезінде жұртты қандай мәселелер мазалады, халық неге алаңдады?

– Бірден айту керек, карантиннің бастапқы кезеңінде жұрттың арасында фобия пайда болды. Көпшілік бұл дерттің соңы өлімге әкеліп соғуы мүмкін екенін естіп алып, COVID-19 вирусы жайында білуге талпынды. Осы қорқыныш адамдардың бір-біріне деген құрметін арттыра түсті десем болады. Тағы да айтсам, індет адамдардың бала кезіндегі жан жараларының қайта қозуына әсер етті. Бізге осындай жеке бастың мәселесімен жұрттар көп хабарласты.

–  COVID-19 вирусымен бетпе-бет келгенімізге үш айдан асып барады. Өзіңіз айтқандай, қазір жұрттың бойындағы қорқыныш сейілді ме?

– Қазір қорқыныш сейілді. Жұрт COVID-19-ға бойын үйрете бастады. Қазіргі кезеңді жұрттың індетті қабылдап, онымен өмір сүруге көндігіп жатқан кезеңі деп бағалауға болады.

– Билік төтенше жағдайды тоқтатып, карантин режимдерін жұмсартқалы бері, вирусты жұқтырушылардың саны арта бастағанын көріп отырмыз. Бұл тығырықтан катаң карантиндік режиммен шыға алмайтынымыз тағы белгілі. Дамыған елдерде қоғамда қандай да бір дағдыны, өмір салтты қалыптастыруда психологтардың алатын орыны ерекше. Қазақстанда психологтардың көмегіне жүгініп, жаңа өмір салтын жұрттың санасына құйып, қиындықтан шығуына бола ма?

– Әрине, болады. Бірақ елімізде Батыс елдеріндегідей отбасылық құндылықты нығайтатын білікті психолог мамандар өте тапшы. Біздің елді білім ордаларында балалардың мінез-құлқын бақылайтын балалар психологтері басым. Сондықтан қысқа мерзім аралығында психологтердің көмегімен бұл қиыншылықты еңсеріп тастаймыз деп айта алмас едім. Десек те, еліміздегі психологиялық орталықтар бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Өзін отбасы психологы санайтын жандар аянып қалып жатқан жоқ.

– Жалпы, сіздердің жергілікті билік өкілдерімен байланыстарыңыз бар ма?

– Әңгіме арасында карантин кезінде қарым-қатынасты өрістетудің маңызды екенін айттым ғой. Осы қағидатты басшылыққа алып, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасымен байланыс орнатып, жұмыс істеуге талпынып жатырмыз. Жастарға қызмет көрсету орталықтарымен және білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс істеп, олар ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысып, ауқымды аудиторияларда тегін дәрістер жүргізіп келеміз. Айталық, Алматы облысында жастар арасындағы суицидті шектеу ісіне белсене араластық. Алматы облысының 27 ауданында жастармен кездесіп, профилактикалық іс-шаралар жүргіздік.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхабаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

 

 

Рекомендовать
Последние новости