Мобильді ақша аударымы мәселесі. Саудагер қауым не деуде?

Dalanews 01 дек. 2021 16:18 830

Ағайын-туыстардың арасындағы ақша аударымдарына ешқандай салық салынбайды.

Онлайн ақша қабылдамаймыз! Соңғы күндері ел дүкендерінде осындай хабарламалар көбейіп кетті. Саудагерлер «құзырлы органдағылар қосымша салық салады» деп, есеп айырысудан мобильдік қосымшаны ысырып қойып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мұны естіп алған қарапайым азаматтар да «өзгеге аударған ақшамызға салық салынады ма» деген үрейге бой алдыруда. Сенат мақұлдап, Президенттің қол қоюы ғана қалған онлайн ақша аударымдары туралы «Еуразия» бірінші арнасы арнайы сюжет әзірледі.

Астанадағы азық-түлік саудалайтын базардағы сатушылар да тұтынушыларына қолма-қол ақшамен есеп айырысуды ескертіп бағуда.

Күләш, саудагер: 

"Біздер енді қолма-қол да, мобильді аударымдар да қатар жүре береді. Біздің бәрімізде - ЖК. Салық төлеп жүрміз. Ал анандай аударым болған соң, ол біздің жағдайды қиындатады".

Динагүл, саудагер:

"Барлық сауда орындарында саудагерлер заң түрінде істеген жақсы. Мысалы, біз үкіметке салық төлеп отырамыз. Қазірде біз құжат тіркеттік. ЖШС, ЖК арқылы төлейміз. Бірақ содан алған соң, бізді мазаламаса деп ойлаймыз. Қосымша бізден тағы ұстап жүрмесе болды".

Саудасы жүрмей қалған базардағылар үрейлі.

Жалпы, елімізде осындай 1 миллион 200 мың кәсіпкер тіркелген болса, соның 300 мыңы онлайн бақылау құрылғысын мүлдем қолданбайды екен. Демек, салықтан жалтарып жүр. Осының жолын кесу үшін де заң Президентке жол тартты.

Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

"Жалпы аударымдар болған. Бұның ішінде кәсіпкер де бар, жеке тұлғалар да бар. 35 триллион теңге аударған. Бұл - Ұлттық банктің берген мәліметі. Биылғы жылы 43 триллион ақша аударылған. Кәсіпкерлік мақсатта да, жеке мәселеде де".

Демек, қыруар қаржы «көлеңкелі бизнеске» кетті. Сондықтан енді онлайн ақша берудің аражігі анықталады.

Сіз егер кәсіпкерге қызметі үшін қаржы аударсаңыз, ол - «төлем» деп аталатын болады. Ал егер туысыңызға карточкаңыздан қаржы бөлсеңіз, «аударым» деген тетікті таңдауыңыз керек. Бірінші үшін салық бар, екіншісіне ол қарастырылмайды.

Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары: 

"Ағайын-туыстардың арасындағы ақша аударымдарына ешқандай салық салынбайды. Сонымен қатар, сіздің тойыңызға 200 адам келіп, бір күнде той ақысын мобильдік қосымша арқылы жіберсе де бұдан салық алынбайды. Себебі, бұл сізге той ақысы деп беріп жатқан ақша. Соны түсінуіміз керек".

Сондай-ақ, осы күні бұл жаңашылдыққа такси қызметіндегілер де наразы. Адам тасымалдайтындар онсыз да «тапқанымызды мемлекетке бергіміз келмейді» дегенді алға тартады. Алайда жеке кәсіп етушілердің барлығы да салық төлеуі міндетті.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы:

Такси жүргізушілер патент негізіндегі арнайы режимді қолдана алады. Оның мөлшерлемесі жалпы кірістінің небәрі 1 пайызын құрап отыр. Мысалы, тапқан табысы 300 мың теңге болса, салық небәрі 3 мың теңге ғана болады. Бұл ретте кассалық аппараттарды да сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені онлайн мобильді қосымшалардың тегін нұсқалары бар.

«Аралық салық жүйесі» деген де бар екен. Оған еш құжатсыз жалдамалы жұмыс істейтіндер кіреді. Мысалы, күніне бірнеше сағат бала бағушы, жеке курстарын сатушы дегендей. Осындайлар тапқан табысынан 2917 теңге немесе бір айлық есептік көрсеткішін бөлсе, мемлекет оны сол адамның табыс салығы, зейнетақы қоры, медициналық сақтандыру қорына бөледі.

Яғни, мұндай адамдар кейін үкіметтен бөлінетін жан-жақты көмекке үмітті бола алады.

https://www.youtube.com/watch?v=YSE7RMW9stU

Рекомендовать
Последние новости